"Мойнымды жұлып аламын деді": айтыскер өзін кім қорқытқанын айтып берді – видео
Сөз арасында өзінің де шамасы келгенше биліктің әділетсіздігіне жауап қатқанын айтып өтті. "Ей" деп тұрып айтпасақ та, сыпайылап жеткіздік, деді ол
Айтыскер ақын Айбек Қалиев сұқбат беріп, Nur Otan партиясына не себепті мүше болғанын, айтыста сынға алған ел ағаларының әрекетін, бүгінгінің Бұхар жырауы неге жоқ екенін айтып берді.
Торғайда туған Қалиев бүгінде Арқалықта тұрады. Айтыскер 2016 жылы партияға мүше болған, сол жылы қалалық мәслихат депутаты атанды. Әңгіме барысында партияға не үшін мүше болғанын, депутат болып тұрғанда қандай іс атқарғанын айтып берді.
"Nur Otan партиясына кіруді әбден ойландым. Біздің партиялар сайлаудың алдында ғана қозғала бастайды ғой. Оған дейін алаулатып, жалаулатып айттық, нәтиже болмады. Депутат боламын деп те ойлаған жоқпын. 2016 жылы Nur Otan-ға кірдім. Nur Otan-ды пайдаланып елге қызмет жасайын деп ойладым. Соның нәтижесінде партия мүшесі болдық", - дейді Қалиев.
Арқалық қаласының мәслихат депутаты болған тұста сол аймақтың бірлі-жарым мәселесін шешкенін айтып өтті.
Сонымен қатар 2020 жылы праймеризге бірқатар айтыскер қатысқан еді. Оның ішінде Айбек Қалиев те бар. Ол бұл әрекетін айтыс арқылы ештеңе шеше алмай, саясатқа араласу арқылы шешкісі келгенімен түсіндірді.
Айтыста сынағаны үшін қорқытқан
Айбек Қалиев айтыста ел ағаларын сынайтынын, оның ішінде бірі жағдайды түсіндіріп ақталса, енді бірі қоңырау шалып, қорқытатынын айтты.
"Амантай қажы хабарласып, "айтыста сынадың, мойныңды бұрап жұлып аламын" деді. Тікелей эфирде жекпе-жек айтыс болды. Ақшасы бардың бәрі қажылыққа барып келетіні сөз болды. "Амантай қажылардың қажылығы, қажылықтың қадірін кетіріп жүр" дедім. Айтыстан кейін телефон шалып, "мен сені қолдап дауыс беріп отырсам, сенің айтып отырғаның не сөз?" деді. Жұлып алған жоқ, мойнымыз аман", - дейді Қалиев күліп.
"Қазақтан бір Бұқар жырау табылмай тұр"
Сұқбат барысында Айбек Қалиев 2008 жылы айтыста "Ей, Нұрсұлтан, кім едің? деп айтатын, Бар қазақтан бір Бұхар табылмай тұр" деп айтқан сөзіне тоқталды.
"Ол Бұқар қазір де жоқ. Солай айтатын Бұхарды Нұрекеңнің замандастарының арасынан немесе сол кісіден үлкендеу кісілерден күтетін едім. Солардан шығуы керек еді. Махамбет Жәңгір ханның тәрбиешісі болғандықтан айтты, Бұхар Абылай ханнан үлкен еді. Оның қалай өскенін, өнгенін көрді. Кейде маған көрермендер қасқайып тұрып неге айтпайсың деп жатады. Олай айтайын десем, мен ес біліп, етек жинағанымда бұл кісі президент болып тұрды. Қалай өскенін көрген жоқпын", - дейді Қалиев.
Кейде Бұхар, Махамбет сияқты өзінің замандастары арасынан осылай айта алатын адамдар шықса деп армандайтынмын. "Ей" демесе де, кемшіліктерін, қисық басып бара жатқан жерін айтатын зиялы қауым арасынан адам шықса деп армандадым, деп толықтырды айтыскер.
Сөз арасында өзінің де шамасы келгенше биліктің әділетсіздігіне жауап қатқанын айтып өтті.
Шамамыз келгенше айттық. "Ей" деп тұрып айтпасақ та, сыпайылап жеткіздік, деді ол.
Айта кетейік, Айбек Қалиев 1978 жылы Торғай облысы Жангелді ауданында туған. Еуразия ұлттық университетінде білім алған. 1992 жылдан бастап айтыс өнеріне келген айтыскер халықаралық, республикалық айтыстар жеңімпазы.