– Ернар, өнерге қалай бет бұрдыңыз?
– Студент кезімде өзім заңгерлікті оқып жүргеніме қарамастан Өнер академиясын, түрлі ән жаздыратын студияларды жағалап кеттім. Жүрегімнің түкпіріндегі өнерге деген құлшыныс, тыным бермесе керек-ті, ақыры осы өнер әлеміне қадам бастым. Бойымдағы талантымды байқаған ағам да барынша қолдады.
– Жалпы өнердегі және өмірдегі ұстаздарыңыз туралы айтыңызшы…
– Өнерге келмей тұрып, ең алдымен, өмірдің мектебінен тәлім алдық қой қай-қайсымыз да. Сондықтан да, өмірдегі ең басты ұстаздарым әкем Жаңабай Айдарұлы және анам Күлман Ахметқызы дер едім. Өнерде бір биікке шығып жатсам, әуелі Алла, одан соң осы кісілердің арқасы. Ал, өнердегі ұстаздарымның да жөні бөлек. Бүгінгі таңда елге белгілі композиторлар – Бауыржан Есебаев, Қуаныш Құрманбаев сынды білікті мамандардан тәлім алып, қияға қанат қағып келеміз. Ал, бұл тұрғыда ағам, әрі продюсерім Талғат Айдардың да еңбегі орасан зор.
– Бүгінгі таңда ән қоржыныңда қанша ән бар?
– Қазір репертуарымда 90-ға жуық ән бар. Олардың арасындағы ең жаңа ән, өздеріңіз білетіндей, «Бір сұрақ» деп аталады.
«ҚАЙРАТ НҰРТАСТЫҢ АРҚАСЫНДА ТАНЫЛДЫМ» ДЕЙ АЛМАЙМЫН
– Біздің елде Қайрат Нұртас сияқты көзілдірік киіп, шаш қойып, оған қатты ұқсауға талпынатын жас жігіттер бар. Керек десеңіз, олар Қайраттың репертуарындағы әндерді қолданып, концерт қойып та жүр. Ал, енді неге жұрт соларды көрмейді? Айналып келіп, мені ұқсатқаны түсініксіз. Мұны біздің жанкүйерлеріміздің алыпқашпа сөздері деп ойлаймын. Егер де ешқандай еңбектенбей, әлгі жігіттердің істегенін қайталап жүрсем, ел мені білер ме еді? Тағы бір айтарым, Алла тағала басыңа бақ бермесе, ел сені кімге ұқсатса да, таныла алмайсың…Тыңдарман қауым осыны бір сәт ой таразысына салып көрсе екен…
Мені тәрбиелеу үшін ұстаздарым студияда ұйықтамай, талай таңды атырды. Тіпті әнді дұрыс жеткізе алмаған тұста жанарымнан жас аққан кездерім де есімде. Осы жолда күйіп, жанып жұмыс істеген ұстаздарымның еңбегін жоққа шығарып, танылуыма Қайрат Нұртастың ықпалы тиді десем, бұл өзімнің өнеріме деген қиянатым болар еді… Сондықтан да бұл тұрғыда ұстаздарымның еңбегі орасан зор екендігін баса айтқым келеді.
– Сізді жұрттың Қайрат Нұртасқа ұқсатуын қаңқу сөзге балап отырсыз. Бірақ Қайраттың анасы, әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова олай ойламайтын секілді. Сондықтан да «Ернардың күлкісі де, сахнадағы тағзымы да Қайраттікінен аумайды» деп ренішін білдірді. Сіз мұны қалай қабылдадыңыз?
– Қайрат Нұртастай қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызды дүниеге әкелген беделді продюсер Гүлзирадай анамыз мен жайлы қандай пікір айтса да қуанамын. Өйткені біз аналарды құрметтеген, қадірлеген халықпыз.
– Өнер әлемінде жұлдызыңның жарқырап жануы үшін демеушінің де атқарар рөлі зор. Айтыңызшы, сіздің ата-анаңыздан, ағаларыңыздан өзге демеушілеріңіз бар ма?
– Ең бірінші қолдаушым – Алла. Екінші ата-анамның маған: «Балам, тек алға қарай самға» деген бірауыз сөзі. Осы тұста «өнерде қалтасы қалыңдарға ғана орын бар» деген пікір ауылдағы қаншама талантты жастың сағын сындыратыны сөзсіз. Бүгінгі жасөспірім балалар шын мәнінде бар нәрсе қаржыға келіп тіреліп тұрмағанын түсінсе екен деймін. Мәселен, ән әлеміне енді ғана бет бұрған шағымда қалтамда ешқандай да қомақты қаржы жоқ еді. Жалғыз мен емес, өнерде жүрген өзге де аға-әпкелерімізде де солай. Бәрі де ауылдан шықты. Тек тынбай еңбектенудің арқасында ғана бүгінде биіктен көрініп жүр. Сондықтан өнерге келгісі келетін жас өскіндердің «демеушім жоқ» деп салы суға кетпесе екен деймін. Егер еңбектенсе, кез келген биікті бағындыруға болады.
– Сіздің орындауыңыздағы «Бірі – сен, бірі – мен» атты ән Тарканнан, ал «Чайхана» Мираннан ұрланды деген ақпарат телеарнадан тарады. Жалпы өзге біреуден әнді көшіріп айту, сіздің атыңызға кір келтірмей ме?
– «Бірі – сен, бірі – мен» атты әнді Тарканнан көшіріп алғаным рас. Ал, «Чайхана» Мирандікі емес. «Ернар Айдар ән ұрлады» дегендерге берер жауабым: бұл асырасілтеушілік. Мен ұрлаған жоқпын, дұрысы, көшірдім. Ал, мұның ешбір сөкеттігі жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, ән маған ұнады. Сондықтан, аталған әндердің халықтың құлағына қазақ тілінде жеткенін ғана қаладым. Ал, ұрлап алу деген – еш жерде айтылмаған әнді қандай да бір амалмен қолға түсіріп, таратып жіберу. Осы нәрсенің аражігін ажыратып алғанымыз жөн шығар.
– Сонда алдағы уақытта да осындай көшірме әндер репертуарыңыздың қатарын толықтыруы мүмкін бе?
– Әрине. Егер де ән маған ұнаса, орындайтыным анық.
ЕҢБЕК БАР ЖЕРДЕ ДАҒДАРЫС ЖОҚ
– Иә, болашақта Бауыржан ағамыздың басшылығымен түсірілетін кинода мен басты кейіпкерлердің бірін сомдауым мүмкін. Өзіме артқан сенімнің үдесінен шығамын деген үміттемін. Бауыржан аға, бұл жауапты міндетті маған бекерден-бекер тапсырып отырмаған шығар. Ол кісі де бір нәрсені сезген болуы мүмкін.
– Қазіргі таңда қандай ақын-композиторлармен жұмыс істейсіз?
– Бүгінде Бауыржан Есебаев, Қуаныш Құрманбаев, Шымберген Сүлейменов, Жарылқасын Дәулет, Ербол Спаналиев сынды композиторлармен және Ринат Заитов, Ақмарал Леубаева сынды ақын аға-әпкелерімізбен шығармашылық байланыстамыз. Алла амандық берсе, халықтың көңілінен шығатын тың туындылар ұсынамыз деген ниеттемін. Сондай-ақ, өзімнің де шығарған бір-екі әнім бар. Әйтсе де, мұны өзімнің композиторлық қырым деп айта алмаймын.
– Ернар, өзіңіз білетіндей қазіргі таңда біздің елімізде ғана емес, әлем елдерінде дағдарыс белең алды. Өнер иелеріне бұл құбылыс қаншалықты әсер етуде? Тойға шақырту кеміп қалған жоқ па?
– Еңбек бар жерде дағдарыс жоқ. Ал, жалқаулық жайлаған жерде дағдарыс орын алмаса да, дағдарыс болады. Сондықтан қай кезеңде де, алға ұмтылып, болашаққа үлкен мақсаттар қоя білсек, кез келген қиындықты еңсеретініміз анық. Қазіргі таңда жаңа әндер жаздырып, концерт қойып тынбай еңбек етіп келемін. Нәтижесі де жаман емес. Шүкіршілік деп айту керек, еліміздің түкпір-түкпірінен тойға шақырту түсіп жатыр. Бұйырғанын тауып жатырмыз.
– Табысыңыз жаман емес секілді. Бүгінде меншігіңізде біраз нәрсе бар шығар…
– Шыны керек, біздің отбасымызға «мынау менікі», «мынау сенікі» деген жат қылық. Ақшаға қатысты кез келген дүниені продюсер ретінде ағамның өзі реттейді. Сенсеңіз, күнделікті өмірде қалтамда қомақты қаржы жүрмейді де. Қазіргі таңда ағамның үйінде тұрамын. Құдайға шүкір деп айтайын, өзіме қажетті заттың барлығы бар. Егер қосымша ақшаға қажеттілік туындаса, ағамнан сұрап аламын. Өзімнен үлкен үш бауырым да отбасын құрып, жеке шаңырақ көтергеніне қарамастан, әлі күнге дейін табысымыз араласып кете береді. Ең бастысы, отбасымызда ортақ ауызбіршілік бар. Қандай жағдайда да, бір-бірімізге қолдау көрсетуге әзірміз.
– Қашан келін түсіріп, ата-анаңызды қуантуыңыз мүмкін?
– Амандық болса, бәрі де өз ретіне қарай орындала жатар. Бірақ дәл қазіргі кезде жүрегімді жаулаған ару жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық жолда сәттілік тілейміз! Өзіңіздей еңбекті жанына серік еткен ерлеріміз көп болғай!
Cұхбаттасқан: Жанар МЫРЗАБАЕВА
“Қазақ үні” газеті