Әнші Асхат Тарғыновтың өткен жылы жаздыра салған «Мария Магдаленасы» биыл да хит әндердің қатарында екен. Оны жұлдыз тойға барған сайын елдің осы бір әнін орындап берші деген өтінішімен түсіндіреді.
Аяқ астынан шыққан “Чип- чип” елдің қошеметіне бөленіп, сұранысына ие болып шыға келетінін алғашында әншінің өзі де сезбей қалыпты. Сөйтіп, ол ойламаған жерден «той жұлдызы» атанып шыға келді. Алайда, бұл туынды көп тыңдалғанымен де, көп сыналды да.
Әншінің әні хит болу үшін де әншіге бармақтай бақ керек екен.
Төреғали Төреәлінің “Бол жанымда” әні биылғы жылдың хиты көрінеді. Актер, әрі шоумэн Нұржан Тұтов та соны дәлелдейді. Оның айтуынша, танымал ән жұлдызды бірнеше жыл бойы асырайтын көрінеді.
Оған деген сұраныс артқан сайын оның қалтасы да қампаятыны сөзсіз. Бір айда бірнеше тойда асабалық қызмет атқаратын Нұржан мырза егер өнер иелері хит әндер жаздырмаса ел олардың барын ұмытып кетеді деген пікірде.
Ал, Халық әртісі Мақпал Жүнісова болса, өзінің орындауындағы қандай әндері хитқа айналғанын әлеуметтік желі арқылы біліп отырады екен. Тыңдармандары әншінің бірнеше жыл бұрын жаздырған ретро әндерін әлі де сүйіп тыңдайтын болып шықты.