Айжан Нұрмағамбетова: Лидо мен 91 тобының стилі ұнайды
Әнші Айжан Нұрмағамбетова жастардың стилін үнемі қолдайды. Қазақтың "Леди Гагасы" атанған әнші жастардың ішінде Лидо мен 91 тобын қолдайды. Олардың әні мен стилін ұнатады. 
Бұл туралы "Ревю" арнасында айтылды. 
 Айжан Нұрмағамбетова ерекше стилімен дараланады. Заманауи стильде киініп жүретін әншінің талғамы ерек. Әнші күнделікті киетін киімдерді сатып алса, сахнадағы көйлектерін тек тапсырыспен тіккізеді екен.
"Мен өмірде киіп жүрген киімдерді дүкеннен сатып аламын. Сахнаға киетін костюмдерді тіккіземін. Менің стилисім жоқ. Бәрі өзімнің талғамыммен жасалады. Ерекше образды қалыптастырған менің анам. Анам себепкер болып, мен ерекше стильді киімдер киюді үйрендім", - деді Нұрмағамбетова. 
Айжан ханым сахнада 40 жыл жүрсе де екі ғана бейнебаяны барын айтты. Ән қоржынында бірнеше әндері бар. 
"Карантинге байланысты ән жаза алмадық, концерт бере алмадық. Сондықтан қазір осы жолда жұмыс істеп жатырмыз. Маған бірнеше сазгер әнін тарту етті. Қырық жыл жүрсем де, екі ғана бейнебаяным бар екен. Қаражат тапшылығы болып тұр. Демеушілерді ізде жатырмыз", - деді Айжан ханым. 
Айжан Нұрмағамбетова жастар арасында әнші Лидо мен 91 тобын ерекше жақсы көреді. Олардың стилін ұнатады. 
Айжан Нұрмағамбетова карантин кезінде азық-түлік тасып, қайырымдылықпен айналысты. Бұл әрекеті көпке үлгі болды дейді өзі. 
"Карантинде халыққа азық-түлік бердік. Үйде жатпай жұмыс істедік. Ауру жұғып кете ме деп қорықпадық. Кейбіреулер жылап, алғысын айтты. 90-ға толған қария туған күніне шақырды. Мені жақсы көретінін айтты. Осылайша көпшіліктен бата алдық", - деді әнші.