Ұлттық банк ел азаматтарына алаяқтықтың тағы бір түрі белсенділік танытып жатқанын ескертті
Ұлттық банк kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінің сатып алушыларына коллекциялық монеталардың санына қойылатын шектеулерді айналып өтеді деген желеумен арнайы бағдарлама сатып алуды ұсынушы алаяқтардың белсенді бола бастағанын ескертті.
Мәселен, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі Қазақстан нумизматтарының тақырыптық топтарында алаяқтар «көмекші бағдарламаға» бір реттік жол ашу мүмкіндігін арнайы төлемге ұсынып жүр. Сөйтіп, ол бағдарлама ҚҰБ интернет-дүкенінен сатып алушылардың себетіне коллекциялық монеталарды кез келген мөлшерде автоматты түрде қосады деп сендіреді.
Сонымен қатар, коллекциялық монеталарды себетке салудағы «сәтті» операциялары бар суреттер көрсетіледі және «көмекші бағдарлама» толығымен қауіпсіз екені туралы жалған ақпарат беріледі. Алайда, қолма-қол ақшаны алғаннан кейін, алаяқтар вирус немесе басқа да зиянды кодтардан тұратын бағдарламалық жасақтаманы ұсынады. Олардың орындалуы пайдаланушы деректерінің таралып кетуіне немесе жоғалуына әкелуі мүмкін.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты Ұлттық банк сақ болуды, ҚҰБ интернет-дүкенімен жұмыс істеу барысында күмәнді бағдарламалық жасақтаманы сатып алмауды және пайдаланбауды сұрайды.
Сатып алынатын монеталар санына лимитті Ұлттық банк әрбір мәміле бойынша тексереді. Бұл ҚҰБ интернет-дүкенінің себетіне монеталарды сәтті қосқан жағдайда да, белгіленген лимиттен тыс сату мүмкін еместігін білдіреді.
Сондай-ақ, ҚҰБ Интернет-дүкені пайдаланушы келісімінің 11.4-тармағына сәйкес, сатып алушы басқа сатып алушылардан бәсекелестікке жатпайтын техникалық артықшылықтарды білдіретін және ҚҰБ интернет-дүкенінің есептеу құралдарына жоғары жүктеме жасайтын автоматтандырылған жүйелер мен құралдарды (интернет-боттар мен басқа құралдар) пайдаланбауға міндеттеме алатынын еске саламыз. Осы тармақ бұзылған жағдайда Ұлттық банк сатып алушының есептік жазбасын тұрақты бұғаттау құқығын өзіне қалдырады.
Сіз немесе таныстарыңыз алаяқтық әрекеттерге тап болған жағдайда, қажетті сот ісін жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тиісті өтінішпен жүгінуді ұсынамыз.
Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық банктің Байланыс орталығына хабарласуға болады.