Көктемде қанша ер азамат әскерге шақырылады
Биыл көктемде 18 мыңнан астам ер азамат әскерге шақырылады. Бұл туралы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгіннен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары өз жұмысын бастап кетті. Осы шаралар 1 шілдеге дейін жалғасады. Әскер қатарына 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар қарулы күштерге және басқа да әскери құрылымдарға шақырылады.
Олар:
- Қарулы күштерге – 7 мыңнан астам адам;
- Ұлттық ұланға – 6 мыңнан астам адам;
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне – 3 мыңнан астам адам;
- Төтенше жағдайлар министрлігіне – 300-ден астам адам;
- Мемлекеттік күзет қызметіне – 80-нен астам адам;
"Әскерге шақырылуға тиісті ер азаматтарды хабардар ету дербес шақырту қағазын жолдау арқылы жүзеге асырылады. Шақырту қағазы олардың тұрғылықты мекенжайына немесе жұмыс орнына жеткізіледі. Осы жұмыс автоматтандыру мақсатында 2021 жылдан бастап әскерге шақырушыларды SMS-хабарлама жолдау арқылы да хабардар ету де жүргізілуде", - деді Артықов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Әскерден босатылатын санаттар: студенттер; педагогтар; бір және одан көп баласы бар ер адамдар.
Айта кетері, Қазақстанда әскерден жалтарғаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.