Атырау облысында миллиардтаған қаржы тиімсіз жұмсалған
Атырау облысында тексеру комиссиясы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 27 миллиард теңгеден астам сомаға заң бұзушылық жасалғанын анықтады, деп хабарлады AtyrauPress.
"1,5 жыл бұрын құрылысы аяқталған Талқайран ауылындағы тұрғын үй кешені пайдалануға берілмеген. Себебі құрылыс объектісіне жылу қазандығы орнатылмаған. Құрылысты салу кезінде дұрыс жоспарланбаған. Салдарынан бюджетке 705,9 млн теңге шығын келді", - делінген комиссия қортындысында.
Ал 2022 жылы қалалық ТКШ бөлімі балансында жоқ иесіз объектілерді жөндеуге қалалық мердігерге 92,2 млн теңге аударған.
"Тексеру кезінде 332,5 млн теңге қаражат тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған. Қазіргі уақытта ұзындығы 32,8 км жылу желілері нысаны ТКШ қалалық бөлімінің балансына қабылданбаған. Сондай-ақ "қаланың тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС-де, ТКШ бөлімінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында тексеру кезінде бірқатар заң бұзушылық анықталды. Серіктестік құрылған сәттен бастап тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мүлдем жүзеге асырылмады", - дейді комиссия.
Салдарынан 3,6 млрд теңге сомасына заң бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде қаржылық заң бұзушылықтар – 2,4 млрд теңге, тиімсіз жоспарланған бюджет қаражатының сомасы – 1,0 млрд теңге, тиімсіз пайдаланылған қаражат – 92,2 млн теңге.
Аудит барысында 705,9 млн теңге қалпына келтірілді. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 3 факт бойынша іс материалдары әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органға жіберілген.
"Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясының аудиторлық тексерісі шеңберінде 2023 жылдың 1 тоқсанында 27,5 млрд теңге сомасына қаржылық заң бұзушылық анықталды. Мемлекеттік органдарға 1 ұсыныс және 27 тапсырма жолданды. 82 мың 600 теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. 1 лауазымды тұлға әкімшілік, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның 4-уі бірінші басшылар", - делінген аудит хабарламасында.