Жаңа туған шақалақты мұздатқышқа салған дәрігерлер ісі
Атырауда туа сала мұздатқышқа салынған шақалақ өліміне қатысты басты күдіктілер қамауда отыр, деп хабарлайды azattyq-ruhy.kz тілшісі.
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша осы іске қатысты негізгі фигуранттар мен лауазымды тұлғалар қамауда отыр. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде. Тергеу ісі жақын күндері аяқталады, барлық сарапталамалар мен қорытындылар алынды, содан соң прокуратура арқылы сотқа тапсырылады», – деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Балғабеков.
Еске салсақ, Атырау облысындағы перинаталдық орталықта дәрігерлер қателесіп, жаңа туған шалажансар нәрестені мұздатқыш камерасына салып, қатырып өлтірген еді. Дәрігерлердің бұлай әрекет етуіне құжаттар базасына енгізілген мәліметтердің түзеуге келмейтіні басты себеп болған.