Вайнерлер Төребаев пен Шерниязов 5 жылға сотталды
Алматының Алмалы аудандық соты Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру және басқару ісі бойынша үкімді жариялады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Оrda.kz-ке сілтеме жасап.
Вайнерлер Мейірхан Шерниязов пен Мейіржан Төребаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Соңғысы үйқамақта болатын, оны дереу қамауға алу туралы шешім қабылданды.
«Мейіржан Төребаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 262-бабының 2-бөлігі – «Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және басқару, сол сияқты оларға қатысу» бойынша кінәлі емес деп танылды. Мейіржан Төребаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында – «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және басқару» қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Осы бап бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды» делінген сот үкімінде.
Дәл осындай жазаны Мейірхан Шерниязов алды.
Іс бойынша басқа айыпталушылар келесі жазаларды алды:
* «Astex.kz» ЖШС басшысы Алмас Құрманғалиев – 14 жылға бас бостандығынан айырылды;
* қаржы пирамидасын жасаушылардың бірі Дания Рахимова – 10 жылға бас бостандығынан айыру (ол үйден қамауға алынады);
* «Mudarabah capital» директоры Руслан Бұрқанов – 12 жылға бас бостандығынан айырылды;
* «Mudarabah Capital» ЖШС құрылтайшысы Андрей Ча – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
* «Mudarabah Capital» ЖШС бұрынғы қаржы директоры Рүстемовке – 12 жылға бас бостандығынан айыру;
* «Mudarabah Capital» ЖШС құрылтайшысы Самат Қасенов – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
* адвокат Нұрлан Сұлтанбаев – 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
* «Mudarabah Capital» ЖШС құрылтайшысы Біржан Жармұхамед – 6 жылға бас бостандығынан айырылды (ол үйден қамауға алынады);
* қаржы пирамидасын құрушы Ержан Мансұров – 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ сот жәбірленушілердің 1,9 миллиард теңгеден астам азаматтық талаптарын қанағаттандырды.
2022 жылдың сәуірінде Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital пирамидалық схемасына қатысы бар деген айыппен қамауға алынды.
Іс бойынша айыпталушылар Mudarabah Capital жарнамасын жүргізген. Ұйым қаржылық пирамида деп танылып, жетекшісі ұсталды.
2022 жылдың сәуірінде Mudarabah Capital салымшыларының бірі елордадағы Ішкі істер министрлігі ғимаратының алдында өзін өртеп жіберген болатын. Оның отбасы пирамидалық схемаға инвестиция салу арқылы 20 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыраған.