Сән агенттігінің атын жамылған порноиндустрия анықталды
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, прокуратураның үйлестіруімен құрамына Қазақстанның және жақын шет елдердің азаматтары кірген трансұлттық қылмыстық топтың жолын кесті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Модельдік агенттіктің атын жамылып, олар порнографиялық материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.
Мәселен, қылмыстық топтың мүшелері ұзақ уақыт бойы әлеуметтік желі арқылы 2 млн теңгеге дейін ай сайынғы төлемді уәде етіп, 18-ден 25 жасқа дейінгі қыздарды тартқан. Қыздар аталған қызметтен бас тартқан жағдайда қылмыскерлер оларға психологиялық қысым көрсетіп, айыппұл салған.
Топтың ішінде нақты рөлдері белгіленген ұйымдастырушылар, басшылар, азғырып көндірушілер, әкімшілер, IT-мамандар мен бухгалтерлер болған.
Анықталғандай, қылмыстық топтың қаражат айналымы соңғы бес жылда 3 млрд теңгеден асады.
Полиция қызметкерлері Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе және Қарағанды қалаларында қыздардың интимді видеоларын тәулік бойы көрсетуге арналған 79 кеңсе мен пәтер анықтады.
Арнайы операция барысында аталған қалаларда бір уақытта 138 тінту жүргізіліп, 80-нен астам компьютерлік жабдық, шамамен бір килограмм есірткі құралы және 69 мыңнан астам АҚШ доллары тәркіленді.
– Полицияға барлығы 118 адам жеткізіліп, қылмыстық топтың 13 негізгі ұйымдастырушысы, оның ішінде үш шетел азаматы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ІІМ тергеу департаменті трансұлттық қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Қылмыстық топтың негізгі мүшелеріне мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz