«Қоқысқа лақтырып кетті» – Қорамда үш жасар қызды өлтірген күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр
Алматы облысы Қорам ауылында үш жасар қыздың өліміне себепкер болған күдікті 10 айдан бері табылмай жатыр.
Мөлдірдің ажалы жол апатынан болғанын сараптама қорытындысы көрсеткен. Баланы көлікпен қаққан қаскөй оны қансыраған күйі қараусыз қалған ғимаратқа тастап кеткен. Бұл туралы КТК хабарлады.
Қайғылы оқиға былтыр 1 мамыр күні болған. Үш жасар Мөлдір кешкі астан соң далаға ойнауға шығыпты. Ал жарты сағаттан кейін ата-ана баланың жоғын байқайды. Бүкіл Қорам батыр ауылы дүрлігіп, қызды іздеуге кіріскен. Бүлдіршін алты сағаттан кейін табылады. Кішкентай қыз бос ғимараттың ішінен түнгі сағат бір жарым шамасында табылған.
Оны осында іздеп келген ауыл тұрғындары байқапты. Олардың айтуынша, Мөлдір тастың үстінде қансыраған күйі ес-түссіз жатқан. Тұрғындар қызды дереу ауруханаға жеткізген. Ол бірден жансақтау бөліміне түседі. Ал екі күннен кейін ата-анасының қолына баланың мәйітін беріпті.
Марқұм қыздың анасы Перизат Өтелбаева: «Баланы көрсеңіз, сіз қарай алмайсыз. Сұмдық, миына дейін шығарып жіберген. Қабырғаларын… танып болмайтын дәрежеде. Өз қызымды өзім танымай қалдым. Қызымды ит сияқты қоқысқа лақтырып кетті», – деді.
Қызды үйдің қасындағы көшеде әлдекім көлігімен таптап, артынша оны өзімен алып кеткен деп болжайды. Өйткені, бастапқыда ол ескі ғимаратта қыз болмаған. Тек ауыл әкімі үйлерді тінту туралы бұйрық бергенде күдікті бүлдіршінді дереу сонда апарып тастаған болса керек.
Марқұм қыздың әкесі Қуан Ырыздық: «Үй-үйді тексерейік, үй-үйді тінтейік деген кезде, 5-10 минуттың ішінде қыздың денесі табылды», – дейді.
Ал полицейлер күдіктіні әлі де іздеп жатыр.
Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызы: «Кінәлілерді анықтау үшін жедел тергеу жүргізілуде. Кешенді медициналық криминалистік сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы дайын болғанда, іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданады», – дейді.
Дәл осы Қорам ауылында жуырда көлік қаққан 4 оқушы қыздың екеуі әлі ес-түссіз ауруханада жатыр. Ішімдікті мөлшерден тыс ішкен күдікті оқушы қыздарды қағып кеткенін ертесіне есіне түсірген.