Қарағанды полицейлері интим қызмет көрсеткен массаж салонын жапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ІІД мәліметінше, массаж салоны делінген притонды жергілікті 23 жастағы тұрғын басқарған. Бұл деректі Ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының қызметкерлері анықтаған. Полицейлер салоннан контрацепциялық заттар мен ірі сомада ақша тапқан.
"Полиция қызметкерлері осы салонда жұмыс істеп жүрген 12 қызды оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізді. Сондай-ақ, салон клиенттерінің санын көбейту мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама жасап, ай сайын оған шамамен миллион теңге жұмсап отырған", - делінген Қарағанды облыстық ІІД хабарламасында.
Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1-бөлігі бойынша ("Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық") сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.