Жақында Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген Мейіржан Төребаев қамауға алынып, бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Блогердің әйелі Дана Есеева күйеуінің қазіргі жағдай туралы айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
“Мейіржан туралы айтар болсам, аудандық сот отырысы аяқтала салысымен оны изоляторға қамады. Аппеляцияға беріп қойдық. Алда әлі де сот сатылары бар. Мейіржанның анасы қазір өзін жақсы сезінеді. Маған: “Саған қарап күш аламын” дейді. Сондықтан менің жабырқауға хақым жоқ. Мен жұмысқа кірісіп кеттім. Жаңа жобалар пайда болды. Дүкендердің ашылуына ұсыныстар түсіп жатыр. Сонымен қатар сериалға түсіп жүрмін. Жалпы айтарлықтай ештеңе жоқ, жұмыс”, – деп жазды Дана Есеева.
Сондай-ақ сол ұйықтай алмай, мазасы кетіп жүргенін де жасырмады.
“Бүгін үш сағат қана ұйықтадым. Түнгі бірге дейін түсірілімнен хабарласып қала ма деп күтіп жатып, ұйықтап кеттіппін. Түсімде адамдар біздің үйге көңіл айтып келіп жатыр екен. “Мекенжайдан шатастыңыздар” деп мен оларды үйден қуып жүр екенмін. Қорқып кеттім. Телефоныма үздіксіз хабарласып жатыр екен, оянып кеттім”, – дейді блогердің әйелі.
Айта кетейік, вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов биыл ақпан айында Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді.
2022 жылдың 20 сәуірде олар 10 тәулікке қамауға алынып, кейін қамауға алу мерзімі тергеу жұмыстарына байланысты әр ай сайын ұзартылып келді.
Шерниязов пен Төребаев сотта қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды деген айыптаумен келіспейтіндерін және өз кінәсін мойындамағанын мәлімдеген болатын.
Ал 23 маусымда танымал блогерлер Алматы сотының үкімі бойынша Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.