Алаяқ телефон қоңырауы арқылы шоттағы барлық қаражатты жымқырған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 32 жастағы қала тұрғыны тәртіп сақшыларына алаяқтарға тап болғанын және картадағы барлық қаражатынан айырылғаны жайлы хабарлаған.
Әйелдің сөзінше, ол сайттардың бірінде жиһаз сату туралы хабарландыру жариялаған. Бірнеше уақыттан кейін оған сатып алушы ер адам қоңырау шалып, барлық жиһаздарды сатып алғысы келетіндігін айтқан. Өзара келіскеннен кейін ер адам карточка нөмірін және абоненттік нөмірге келетін SMS-хабарламаны жазуды сұраған. Қала тұрғыны еш күмансыз барлық деректермен бөліскен.
– Бірнеше минуттан кейін ер адам банктік картадан және барлық шоттардан жалпы сомасы 800 мың теңгеден астам ақша қаражатты өзіне аударып алған. Алданып қалған қала тұрғынының өзі де банктердің бірінің қызметкері болғандықтан, алаяқтардың арбауына түсіп қаламын деп еш ойламаған, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы Оңтүстік полиция бөлімінің бастығы Павел Павлов.
Қазіргі уақытта полицейлер осы қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шараларын жүргізуде.