Павлодарда 250 мың теңгеге көлік «сатқан» алаяқтар ұсталды
Павлодарда полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен бірнеше тұрғынды ұстады.
Алаяқтар «көлікті арзан бағаға сатамыз» деп елді алдаған, – деп жазады Polisia.kz.
Жедел іздестіру нәтижесінде, Павлодар қаласының екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілер былтыр желтоқсаннан бастап биыл наурыз айына дейін ұялы телефон арқылы «ВАЗ 2107», «ВАЗ 2114», «ВАЗ 2170», «ВАЗ 2190» маркалы автомобильдерін 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін төмендетілген бағамен сату туралы хабарландыруларды Kolesa.kz сайтында жариялаған.
Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов: «Олар сатып алушылар хабарласқаннан кейін, басқа адамның атына тіркелген Kaspi.kz картаcына алдын-ала төлем жіберуді сұраған. Кейін ақша қаражатын шешіп алған соң абоненттік нөмірлерді лақтырып отырған. Бұлар 300-ден астам алаяқтық қылмыс жасады деген күдік бар», – деді.
Сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер Павлодар қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті дәл осы алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша полицияға жүгінуін сұрайды.