Өзіне қырындаған басшысын пышақтап өлтірген ақтөбелік 18 жылға сотталды
Ақтөбеде кәсіпкер мен көршісін өлтірген жігіт сотталды, - деп хабарлайды bnews.kz.
23 жастағы Вадим Литвиновты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сот 18 жылға бас бостандығынан айырды. Енді ол жазасын қатаң тәртіптегі түрмеде өтейтін болады.
Себебі ол осыдан үш жылдай бұрын Ақтөбедегі аяқ-киім сататын дүкен қожайынын өз саяжайында пышақтап, сол жерге көміп тастаған. Кейін көрші тұратын әйелді пәтерінде басынан балғамен ұрып өлтіріпті. Дегенмен, айыпталушы соңғы оқиғаны мойындаудан мүлдем бас тартса, кәсіпкерден қорғанғандығын айтады. Сондықтан адвокаты да сот үкімімен келіспейтіндігін жеткізді.
«Менің қорғауымдағы Вадим Литвинов аяқ-киім сататын дүкен иесін әдейі өлтірмеген. Кәсіпкер Ринат Мұхамбеталин оған тиісіп, қырындап қоймаған. Қылмыс болатын күні де бір сағат ішінде 17 рет қоңырау шалыпты. Кейін саяжайына алдап келіп, төсектес болайық деп тапаншасымен қорқытқан. Оның жұмысқа жас жігіттерді ғана алатынын және еркектерге қырындайтынын сот отырысы барысында жауап берген екі куәгер де растады. Вадим бастығынан қорғанбақ болған. Ал оны өлтіргенін тәртіп сақшыларына өзі келіп мойындаған», – дейді адвокат Мақсат Мейірманов.
Бұған дейін сот кезінде басшысының қызтеке екенін жайып салған айыпталушы да барынша ақталып бақты. Түсіне марқұм кіре берген соң тәртіп сақшыларына да өлі денені көмген жерін өзі көрсеткен. Енді ол соттың алғашқы үкіміне қарсы шағым түсіруге қорғаушысымен дайындыққа кіріспек.