Күйеуінің қолынан қаза тапқан қызылордалық әйелдің өліміне байланысты полицейлер сотталды
Қызылорда қаласының №2 соты күйеуінің қолынан қаза болған Ажар Шадиеваның өліміне байланысты полицей Ерсұлтан Қуанышбайды "Қызметтегі әрекетсіздік" бабымен кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Аzattyq-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы НеМолчиKZ қорының төрайымы Дина Таңсәрі Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Сот полиция қызметкерін лейтенант атағынан айырып, өмір бойы органында жұмыс істеуіне тыйым салды. Сот Ерсұлтан Қуанышбайды жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде бес миллион теңге төлеуді міндеттеді.
Полиция қызметкерінің тағылған айыпты мойындаған-мойындамағаны белгісіз.
27 жастағы Ажар Шадиеваны 2022 жылдың тамызында күйеуі ұрып өлтірген. Марқұмның жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Шадиева туған күнін атап өтуге күйеуі Руслан Отарбаевпен караокеге барған. Ақпаратқа қарағанда, караоке жанында полиция бекеті болған.
НеМолчиKZ қоры қаңтарда Отарбаевтың Шадиеваны ұрып жатқан сәті түсірілген видеоны жариялады. Онда полиция қызметкерлерінің жұбайларға келгені көрінеді. Бірақ полиция марқұмды күйеуінен ажыратып алмайды.
Бұған дейін марқұмның туыстары Шадиеваның өліміне жол берген 15 полиция қызметкерін қылмыстық жауапқа тартуды талап еткен.
Наурызда марқұмның күйеуі Руслан Отарбаев Қылмыстық кодекстің 99-бабы ("Адам өлтіру") бойынша 12 жылға сотталды.Прокурор Отарбаевқа 20 жыл түрме жазасын сұраған еді. Марқұмның туыстары үкімге келіспеген, олар айыпталушыға өмірлік түрме жазасын сұраған. Шадиеваның артында үш баласы қалды.
Отбасындағы зорлық-зомбылық Қазақстанда үлкен мәселеге айналған. Елде әйелдердің басым бөлігі күйеулерінен таяқ жейді. Статистика бойынша, жылына отбасындағы зорлық-зомбылық бойынша 100 мыңнан аса хабар келіп түседі. БҰҰ дерегі бойынша, жыл сайын 400 әйел отбасындағы агрессордың қолынан қаза табады.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz