Елімізде психикасы жетілмеген қыздар секс-құлдыққа жегілген
Адамды секс-құлдыққа мәжбүрлейтін қылмыскерлер психикасы жетілмеген қыздарды да тартады екен. Оларға Еуропада өмір сүретін мүмкіндік пен шетелдік күйеу тауып беретінін айтады. Ал шын мәнінде кейін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлейді.
Осы және басқа да жағдайлар туралы Алматыда қонақ үй, туризм, демалыс бизнестері барысында адам саудасына жол бермеу тақырыбында өткен тренингте айтылды, деп хабарлайды "КАРАВАН" газеті.
- Көбінесе адамдарды ұрлап әкетіп барып, саудаға салады, - дейді ҚР ІІМ Қарағанды академиясының заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрес бойынша маман даярлау орталығының бастығы Жанғали Кенбаев. – Ал ұрлап әкеткен жағдайлардың 90 пайызында қызды зорлайды. Сөйтіп, жезөкшелікке жегеді. Біздің бағалауымызша, қыз секс-құлдыққа көнуі үшін бір сағат, ары кетсе, 10 күн уақыт жетеді. Бәрі де адамның мінезіне байланысты. Қарағандыда жезөкшелікке мәжбүрленген бір топ болды. Ондағылардың көпшілігі ұрып-соққаннан кейін бірден көнген. Ал бір қыз 10 күн қарсылық көрсетіп барып, содан кейін ғана келісім беріпті.
Кенбаевтың айтуынша, Алматыда мұндай бизнестен, төрт адам пайдаланылса, айына 4 миллионнан артық теңге табуға болады екен. Бірақ бұл бірнеше жыл бұрынғы есеп бойынша. Қазір әлдеқайда көбейіп кеткен болуы мүмкін.
Ал қылмыскерлер қыздарды секс-құлдыққа тартудың нешетүрлі жаңа амалдарын тауып отырады.
- Бір сутенерлер психикасы жетілмеген қыздарды іздеген. Өйткені оларды іздейтін ата-аналары жоқ. Мұндай қыздарға шетелге күйеуге шығып, Еуропада өмір сүруге мүмкіндік болатынын айтады. Солай алдап немесе ұрлап әкетіп, басқа қалаға апарып отырған, - дейді Кенбаев.