Блогер Тоқберген Әбиев 7 жылға сотталды
Журналист Тоқберген Әбиевке қатысты үкім шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына сілтеме жасап жазды.
4 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Тоқберген Әбиевке қатысты Қылмысттық кодекстің 194-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы "Аса ірі мөлшерде қорқытып алу" фактісі бойынша үкім шығарды.
Тоқберген Әбиев YouTube арнасында 2020 жылдың маусым айынан бастап ЖШС-нің іскерлік беделіне нұқсан келтіретін шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтері бар бейнероликтер жариялады.
2020 жылғы 7 желтоқсанда ЖШС заңгерінің барлық бейнероликті өшіруді сұраған, ал Тоқберген Әбиев 50 миллион теңге сомасында ақша талап еткен.
"Тоқберген Әбиевтің кінәсі жәбірленуші өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, сыртқы және ішкі бақылау камераларынан түсірілген бейнежазбалармен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот отырысында прокурор журналист Тоқберген Әбиевті 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Ал қорғаушы тарап ақтауды сұрады.
Алқабилердің қатысуымен қаралған сот үкімімен Тоқберген Әбиев кінәлі деп танылды.
Сот сотталушының жас балаларының бар болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды.
"Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Жаза мөлшері туралы мәселені судья мен алқабилер ҚІЖК-нің 656-бабының тәртібіне сәйкес шешті.
Жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстық құқық юұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, қылмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім кінәлінің жеке басын, сондай-ақ жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерді", - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Тоқберген Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы сағатта көп оқылған жаңалықтар осында Massaget.kz