Ақмола облысында инспектор балықшылардан пара алып отырған
Ақмола облысында бірнеше рет пара алған балық қорғау инспекторы мен оған пара берген балықшыларға сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, сотта бірнеше рет пара алған балық инспекциясы бөлімінің басшысына, лауазымды тұлғаға бірнеше рет пара берген екі балықшыға қатысты Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлігі, 367-бабының 3 және 1 бөліктері бойынша қылмыстық іс қаралды.
«Сотта анықталғандай, бақылаушы мемлекеттік орган қызметкері екі балықшыға Зеренді ауданының Мырзакөлсор көлінде тыйым салынған құрал түрлерімен балық аулаға бірнеше рет рұқсат берген. Сол үшін ол балықшылардан ай сайын 20 000 және 30 000 теңге көлемінде пара алып отырған», - деді ведомстводан.
Сотталушылар кінәсін мойындады, дәлелдерді жоққа шығармай, істеген ісіне өкінді.
«Сот үкімімен балық қорғау инспекторына 6 090 000 теңге, екі балықшының әрқайсына 2 100 000 және 900 000 теңгеден айыппұл салынды. Сонымен бірге инспектор мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды», - деп толықтырды ведомстводан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.