Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы қайта қарала береді
Кейде біздің басқарушы элитамыз үшін тарихи оқиғалар «өтті, кетті, бітті» деп самарқаулықпен бағаланып жатады. Ал көптеген елдерде, әсіресе Еуропа елдерінің саясаткерлерінің осыдан бір ғасыр, кейде тіпті сан ғасыр бұрынғы оқиғаларды тап бүгін көрініс беріп жатқандай ортаға салып талқылайтыны бар. Мәселен, поляктар осыдан 70 жыл бұрынғы Катынь оқиғасын еларалық кездесулерде жиі тілге тиек етіп, Ресей әкімшілігінен осы қастандықты мойындауын және өтемақы төлеуін талап етуде. Украиндар Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі КСРО тарапынан оккупация жасалғанын, сондай-ақ украин халқына қатысты қолдан аштық ұйымдастырылғанын мойындатуды көздеп отыр. Ал жапондар АҚШ әкімшілігін Хиросима мен Нагасаки қалаларын бомбылағаны үшін кешірім сұратқызғысы келеді. Қытай тарапы сан ғасырлар бойы жапондардан көрген езгісін ешқашан ұмытпақ емес. Айналып келгенде, тарихты қайта қарап отыру болашақ үшін қажет. Әсіресе, көмескіленген саяси стереотиптерден ада көзқарастардың жаңғыруы адамзаттың дамуына септігін тигізері сөзсіз.
Екінші дүниежүзілік соғыстың бір жеңімпазы – доллар
Соғыс дегеніміз – тайталас, сайыс, бәсеке. Бәсекеде біреу жеңіп, біреу жеңіледі, кейде бәрі бірдей жеңіліс табады. Ендеше, Екінші дүниежүзілік соғыс кімге жеңіс әкеліп, кімнің ұпайын түгендеді? Бұл сауал да тарих ғылымы үшін аса маңызды.
АҚШ-тың Екінші дүниежүзілік соғысқа реніші жоқ сияқты. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Франция, Англия, Германия, Нидерланды, Белгия сынды отарлаушы державалардың барлығы өз ықпалынан толық айырылып, ортада АҚШ пен КСРО ғана қалған жаңа жүйе пайда болды. Бұл соғысқа дейін АҚШ-тың геосаясаттағы маңызы жоқтың қасы еді. Яғни соғыстан кейінгі әлемдік саяси және экономикалық жағдайларды сараптай отырып, «бұл соғыста АҚШ жеңіске жетті» деген тұжырым жасауға болады. Фашизм мен социализмнің текетіресі нәтижесінде, 1944 жылы доллар алғаш рет әлемдік валюта ретінде жарияланды. Міне, содан бері АҚШ-тың маңдайына біткен бағы, доллары үстемдігін жоғалтқан жоқ. Оның үстіне осы соғыстың нәтижесінде, АҚШ территориясында Халықаралық банк (кейіннен Әлемдік банкке айналды) пайда болды. Бұл жағдай әлемдік саяси сахнада АҚШ-тың жеңісін біржола бекітті. Мәселен, егер осы уақытта доллардың орнына КСРО валютасы әлемдік айналымға шыққан жағдайда қазіргі геосаяси жағдайлар өзгеше көріністе болатыны – анық жағдай. Немесе сол кездері КСРО өзін-өзі оқшаулап алмай, әлемдік экономикамен байланысқа түскен жағдайда доллар мен алтынның орнына валюта есебінде жүре алатын көмірін ұсынғанда жағдай басқаша дамуы мүмкін еді.
Соғыс тарихын қайта жазу: қарсылар мен жақтастар
Соғыс тарихын қайта жазып шығуды ерекше талап етіп отырған елдердің қатарына Эстония, Латвия, Литва сынды Балтық бойы елдері, сондай-ақ Украина мен Грузия, Молдавия мен Румынияны жатқызуға болады. Мұнымен қоса, осындай пиғылын ашық айтпаса да, іштей қолдайтын бірқатар еуропалық мемлекеттер бар. Молдовандар КСРО билігінің бір ұлтты қолдан екіге бөліп, Румыния мен Молдавияға ажыратып тастағаны үшін қынжылыс білдіреді. Сұрқия саясаттың құрбандары бұл қасіреттің орнын толтыруға әлі де үмітті. Қазір молдавандар арасында Молдавияны Румынияға қосуды қолдайтындардың саны ерекше артып келеді.
Соғыс тарихын қайта жазуды талап етушілердің қатарында Эстония да бар. Эстониялық соғыс ардагерлерінің көбінің Мәскеуде 9 мамырда өтетін жыл сайынғы әскери парадтарға келуден ерікті түрде бас тартуының өзі көп нәрсені аңғартатындай. Жалпы, Эстония өзінің бұл соғыстағы өз үлесін фашизммен емес, «тәуелсіздігіміз үшін күрестік» деп жаңаша тәпсірлей бастады. Нәтижесінде, Латвия мен Эстонияда дәл осы соғыста гитлершілерге қарсы күрескен ардагерлер де, партизандық жасақ құрып, КСРО-ға қарсы күрескен ардагерлер де бірдей құрметтелуде.
Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижелері қайта қаралуына Германияның өзі кет әрі емес. Себебі олар әлемге орны толмас қасірет әкелген зұлматқа жауапты жалғыз халық болып қалғысы келмейді. «Айран ішкен құтылды, шелегін жалаған тұтылды» демекші, мемлекеттерді сыртынан пішіп, бөліске салған державалардың қатарында сопиып жалғыз Германия тұрған жоқ екені белгілі. Оның үстіне, сол кездері Еуропаның тең жартысында фашистік идеологияның ұшқыны бар еді.
Бұл мәселеде Ресейдің ұстанымы – айқын. Өткен жылдары Кремль «Екінші дүниежүзілік соғыстық қорытындысы қайта қарауға жатпайды» деп ресми түрде жариялаған болатын. 2005 жылы АҚШ сенаты «Ресей Федерациясы Эстония, Латвия, Литва елдеріне заңсыз оккупация жасап, агрессиялық жолмен тәуелсіздігін тартып алғаны үшін кешірім өтінуі тиіс» деген қарар қабылдаған еді. Мұндай мәлімдеме Ресейдің қытығына тиетіні екі бастан белгілі. Дегенмен Ресейдің ресми билігі бұл жағдайды мойындамаса да, ғылыми қауымдастық тарапынан Ресейдің агрессиялық пиғылы деректі түрде әшкереленіп қойған. Ендеше оған кім жауап беруі тиіс?
Екіншідүниежүзілік соғысты қайта қарауды талап ететіндер БҰҰ-ны реформалауды қолдайды. Себебі аталған ұйымның әу баста антигитлерлік мемлекеттердің басын қосатын мекеме болды. Сол уақытта фашизммен күресуші бірқатар елдер бірлесіп осы мекемені құрған болса, сол елдер БҰҰ шешімдерінде доминантты рөл ойнап отыр.
Айтпақшы, екіншідүниежүзілік соғыс тарихын қайта жазып шығу мәселесіне барынша қарсылық білдіруші елдердің қатарында Израиль де бар. Себебі Израиль мемлекеті – Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде пайда болған мемлекет.
Соғыстан не түюге болады?
Жалпы, адамзат қауымы қаншама зұлмат оқиғаларды бастан кешсе де, қате әрі қатерлі идеологиялар үшін нақты кімдер жауапты болатыны жөнінде анықтама жасап үлгерген жоқ. Мәселен, соғыс аяқталғаннан кейін фашистік идеологияның адамзатқа әкелген барлық қасіреті бір ғана Гитлердің мойнына іліне салады. Ал оның саясатына демеу болған саяси топтар мен мемлекеттер, генералдар мен офицерлер, қала берді, оны көтермелеп, қолдау білдірген барша қоғам өкілдері жауапкершіліктен жалтарып кетті. Мұндай логикалық ақаулық қазір де жоқ емес. Бір ғана мысал, жуырда АҚШ әкімшілігі Ирактан ешқандай да жаппай қырып-жою қаруының табылмағанын мәлімдей отырып, бұл операцияның қателік болғанын да жоққа шығармады. Енді қарап отырсақ, АҚШ-тың Иракка кіруінен есепсіз адам шығыны орын алды, экономикалық зардабы мен моральдік қысымы – өз алдына бөлек әңгіме. Соның барлығы бір ғана Джордж Буштың қателігі ретінде, мейлі тіпті «республикалықтардың» ғана қатесі ретінде қабылдануы – абсурд.
Яғни бірқатар философ ғалымдардың қазіргі әлемдегі демократиялық сайлау жүйесінің де толық жетілмеген жүйе ретінде атауымен де келісуге болады. Логикалық тұрғыдан қарағанда, халық қателесіп Гитлерді сайлап алған болса, оның жасаған қасіреті үшін сайлаушы халық жауап беруі тиіс қой. Бұл жағынан келгенде, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері Жапония мен Германияның мемлекет басшысын сайлау барысында үміткерлерді тек партиялардың ұсынысы бойынша ғана таңдап алуы жөн-ақ.
Сарапшы пікірі:
Марат ШИБҰТОВ, саясаттанушы:
– КСРО дәурен құрып тұрған шақта бұл соғыс талқылауға жатпайтын тақырып болғандықтан, оған саяси баға беру процесі енді ғана басталғандай. Демек, бұл соғыстың адамзат алдындағы саяси мәні мен мағынасы әлі талай талқыға түсіп, ғылыми-зерттеулерге арқау болары анық. Сондықтан бұл тақырып біз үшін де жат емес. КСРО-ның құрылтайшы елі болмасақ та, ертеңгі күні КСРО-ның агрессиялық іс қимылдарына, оккупацияларына бізді де кінәлі етіп шығуы ғажап емес. Сондықтан біздің тарихшыларымыз өз мүддемізді қорғауда мұқият болуы қажет.