Тараптарды татуластырудың берері мол
Құқық қорғау және сот жүйелерінде реформаның қажет екені, заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы құқық қорғау саласын жаңғырту кезек күттірмейтіні баршамызға белгілі. Сот төрелігінің әділ және заңды жүзеге асырылуына мемлекет те, қоғам да мүдделі. Сол себептен, соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды болып отыр. Осыған орай, соттардың жаңа құзыреті, оның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылып, азаматтық қарым- қатынастарды реттеу бойынша көптеген заңдарға толықтырулар енгізілді.
Азаматтар мен заңды тұлғалар үшін істі сотта қарауды жеңілдету және қолжетімді ету, сол сияқты сот ісін жүргізуде иновациялық технологияларды кеңінен қолдану үшін бүгінгі күні сот жүйесінде «Сот кабинеті» сервисі іске асырылып, өзін пандемия кезінде жақсы жағынан көрсетті. Қазақстандық сот төрелігінің барлық құрылымының қызметі мейлінше ашық бола түсті. Бүгінде сот шешімдерімен электрондық режимде танысуға болады. Сот төрелігіне азаматтардың қалың тобы қол жеткізуін қамтамасыз ету – негізгі мақсат. Барлық соттар бейнеконференция байланысымен қамтамасыз етілген, бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, пандемия кезінде халық денсаулығын сақтай отырып, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға көмектеседі. Дауласушы тараптардың ортақ ымыраға келіп, дауды бейбіт жолмен шешуіне мүмкіндік беру – сауапты, пайдалы іс. Сол себептен Мемлекет басшысы дауларды шешудің баламалы тәсілдерін жетілдіріп, құқық қорғау саласын жүйелеуге қатысты комиссия құруды тапсырды. Мемлекет басшысы заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын, бейтарап және әділ сот төрелігі құқықтық мемлекет құрудың маңызды критерийі екенін баса айтты. Судьяларды іріктеуді бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүргізу керектігі, үміткердің қандай еңбегі үшін жұмысқа қабылданғанын жұртшылықтың біліп отыру керектігі назарға алынды. Ең бастысы, халықтың сотқа деген сенімін қалыптастыру басым бағыт болып қала бермек. Судьялардың міндеті әділ шешім шығарып, әділ сот төрелігін орнатумен қатар, адал еңбегімен еліміздің тәуелсіздігін нығайту және оның өркендеуіне қызмет ету.
Бүгінде заң саласы мен сот жүйесі уақыт талабымен үндесе дамып жатыр. Әсіресе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылдануы мемлекетіміз үшін маңызды оқиға болды. Әкімшілік құқық институты әлем елдерінде бұрыннан жұмыс істейді.
Дегенімен, оның түп-тамыры өзіміздің билер институтынан бастау алатынына тарих беттері куә. Жария-құқықтық дауларды сотта реттеу, яғни, татуласу, медиация және партисипативтік рәсімдер аясында бітіру Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс пен Республиканың өзге де заңдарының тәртібінде жүргізіледі. Бұл тұрғыда тараптар ең алдымен дауды медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы өзара келісім жасасады. Осы келісім олардың әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтауына негіз болады.
Тараптар дауды өзара келісіммен бітіргісі келетіндерін сот шешім шығаруға кеткенге дейін әкімшілік процестің кез келген сатысында мәлімдей алады. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсімде реттеу туралы келісімге тараптардың өздері немесе өкілдері қол қояды. Мұндай келісім жабаша түрде жасалады. Сонымен қатар, жария-құқықтық дауларда тараптар татуласу шараларына жауапкердің әкімшілік қалауымен де қол жеткізе алады.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім осы Кодекстің 120-бабының 4-тармағында көрсетілгендей, мәжбүрлеу тәртібімен орындаушылық талаптарға сай келуі тиіс. Келісімде оларды татуластыратын шарттар, сондай-ақ, сот шығыстары, оның ішінде өкілдер қызметіне төленетін ақы қамтылуы тиіс.
Тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы өтінішхаты сот отырысы барысында немесе алдын ала тыңдауда қаралады. Соның нәтижесінде келісімді бекіту немесе одан бас тарту туралы ұйғарым шығарылады. Заң талаптарына сай, келісімді бекіткен кезде судья талап қоюды толығымен немесе тиісті бір бөлігінде қайтару туралы да ұйғарым шығарады.
Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім шарттарын екі жақтың да орындауы міндет. Сот бекіткен келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда ол тараптардың бірінің өтінішхаты бойынша берілген атқару парағының негізінде мәжбүрлі түрде орындатылады. Яғни, татуласу келісімі орындалмаса заңмен көзделген шаралар қолданылады.
Судья өз кезегінде тараптардың татуласуына барлық шараны қабылдап, даудың реттелуіне жәрдемдеседі. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім шарттары заңға қайшы келмеуі, сонымен қатар, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін бұзбауы тиіс. Заң талабына сай келмейтін келісімді сот бекітпейді.
Тараптар татуласпаған және келісім бекітілмеген жағдайда әкімшілік іс жалпы тәртіпте талқыланады. Сотта медиация жүргізу бойынша да айта кетсек, бірінші сатыдағы сотта әкімшілік іс медиация туралы келісімді бекітетін басқа судьяға беріледі. Медиацияны іс өзінің іс жүргізуінде болған судья да жүргізуі мүмкін. Бірақ, бұл үшін тараптардың өтінішхаты болуы керек. Ал, апелляциялық сатыда әкімшілік істі соттың алқалы құрамындағы судьялардың бірі алады. Кассациялық сотқа келісім дауды медиативті келісім жасасу арқылы реттеу туралы өтінішхатпен бірге ұсынылады. Дауды реттеуге көмегі бар адамдар сотқа шақыртылады.
Мемлекетімізде адам және оның өмірі, құқығы мен бостандығы Конституциямен кепілдендірілген. Сондықтан, азаматтар бабалар жолы бітімгершілік институтын жандандыруға барынша атсалысса, береке-бірлігіміз артары анық.
Бакиева Салима Абдулрахмановна, Алмалы ауданының 2 аудандық сотының судьясы