Мемлекет басшысы «Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды», - екендігін атап өтті. Сот саласына сенімді арттыруға қатысты мемлекет басшысының бұлайша ерекше мән беруінің астарында соттың жұмысын одан әрі жетілдіру, сол арқылы оның ашықтылығы мен қолжетімділігін және ең бастысы әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге қатысты мақсаты жатқаны сөзсіз.
Азаматтардың бұзылған құқығы мен бостандықтарын дереу қалпына келтіру мақсатында сот жұмысында кезең-кезеңімен жаңалықтар енгізу үрдісі әр жыл сайын орынды шешімін табуда. Сотқа деген сенім – судьяға деген сенім, сондықтан судья сол сенімге селкеу түсірмеуі тиіс. Жалпы әлемдегі ең беделді рейтинг Дүниежүзілік банктің Флагман рейтингісі бойынша Қазақстанның сот жүйесі тиісті талаптарға сай. Бүгінде ол алғашқы ондықтардың санында тоғызыншы орында тұр. Жиырма жыл бұрын біз халықаралық рейтинг бойынша үздіктердің алғашқы ондығында болуды армандамайтын да едік. Қазіргі сот жүйеміз жаңа бағытта дамып келеді. Бұл сала елімізде толықтай жаңа технология бойынша жұмыс істейді. Мәселен, арыз электронды түрде қабылданып, оған сол сәтінде онлаин режиминде жауап беріледі. Қазір азаматтарымыз сотқа бармай-ақ онда не болып жатқанын көріп отырады. Он жылға жетпейтін уақыт ішінде ақпараттық технологияның ірі жетістігі онлаин жүйесі сот қызметінің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Бұл үлкен жетістік. Бұл Елбасымыздың сот жүйесін көрсетіп, қолдаудың нақты нәтижесі. Қазіргі таңда сот жүйесінде жасалып жатқан барлық реформалар халықтың сотқа деген сенімділігін арттыруды көздейді. Еліміз тәуелсіздік алған кезден бастап сот жүйесін, жалпы құқықтық жүйені дамытуға ерекше көңіл бөлінді, соның нәтижесінде судьялардың беделі көтеріліп, тәуелсіздігі нығайды, сот жүйесі толықтай атқару органдардың ықпалынан босатылды.
Сот жүйесін реформалау үшін жүргізілген және оң нәтиже берген іс-шаралар да баршылық. Қазіргі кезде соттың жұмысы баршаға жария, заманауи технологиялардың көмегімен әр азамат электронды түрде сотқа арызын ұсынып, ол арыздың қозғалысын кедергісіз бақылай алады, яғни арыздың сот өндірісіне қабылдануы, істің тағайындалуы, ол бойынша шығарылған шешімдер жөнінде толық мәлімет алып отыруға мүмкіндігі бар. Айналып келгенде мұның барлығы халықтың сотқа деген сенімін арттыратын процестер.
Нұрғабылова Ақерке, Алматы қалалық Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы, Сот Мәжілісінің хатшысы