Құқықтық сауатты қоғам құру басты мақсат
ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ, АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУ – КЕЗ КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТІ ДАМЫТУДЫҢ БАСТЫ ШАРТЫ.
Азаматтар қарапайым құқықтық әліппені меңгеріп, өз құқығы мен мүддесін қорғай алған жағдайда елде өзара келісім мен тұрақтылық орнайды. Ал мұндай межеге жету үшін құзырлы орындардың міндеттерін нақтылап, заңдық базаны жетілдіру аздық етеді. Құқықтық білім мектеп қабырғасындағы сауат ашу сабақтарынан бастау алуы керек. Білім ордаларында Ата Заңның кепілдіктерін түсініп, түйсініп өскен, қоғам дамуындағы азаматтық ұстанымның ықпалын ұғынып ер жеткен ұрпақтың жаңа заңдарды даярлау ісіне де шетін қарап, бейжайлық танытпайтыны түсінікті. Құқықтық құжаттарды тәжірибеде сынап, оңы мен солын ажыратуда да тек осындай елдегі жағдайға есті көзбен қарайтындардың көмегі көп. Осы ретте «Азаматтық процестік кодекске соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қоғам тарапынан үлкен қызығушылық тудырғанын айта кетуіміз керек.
Бұл заңдағы үлкен өзгеріс – судья құзыретіне байланысты. Бұрынғы сот отырыстарына қатысқан тараптар, әсіресе заңгерлер мен адвокаттар істі қарауда судья қызметіне, қазының белсенділігінің төмендігіне көңілі толмайтын. Себебі заңға сәйкес судьяның тараптарға жол сілтеп, бағыт беруіне, істің олқы тартқан тұстарын толтыруға заңдық мүмкіндігі жоқ еді. Ол кезде тіпті судьяның бір тараптан екінші тарапқа көбірек сауал қоюы сын садағына ілінетін. Азаматтар судьяның дауыс ырғағынан, көзқарасынан күмән іздеп отыратын. Қолы байлаулы, құзыреті шектеулі судьяның өзі көріп тұрған кемшілікті реттеуге, тараптардан қосымша мәлімет, дәлел сұратуға дәрмені болмады. Заң тәртібі солай еді. Ал судьяның заң шеңберінен шығуға қақысы жоқ. Жалпы алғанда, судья құзыретіне қатысты қалыптасқан ахуал тараптарға ғана емес, қазылардың өзіне де қолайлы болмады. Әділдік орнатады, ақ пен қараны анықтайды деп үміт артқан судьяның тараптар ұсынған дәлел мен дәйек ырғағынан шыға алмауы әрине қоғамның да теріс көзқарасын қалыптастырғаны даусыз.
Міне сондықтан да сот саласына бұл мәселені шешу өзекті болды. Жаңа заңнама көпшілік пікірін ескере отырып дайындалған маңызды құжат. Азаматтық процестік кодекске өзгеріс енгізілген соң енді соттар бұрынғыдай іс бойынша тараптар ұсынған дәлелдермен шектеліп қалмайтын болды. Сонымен қатар, тараптардың өтінішхаты бойынша ғана емес, қазір өз бастамасымен қосымша материалдарды алуға, жинауға жәрдем көрсете алады. Соттың іске қатысатын адамдарға құқықтары мен міндеттерін түсіндіруі, процестік әрекеттерді жасаудың немесе жасамаудың салдары туралы ескертуі, олардың құқықтық позициялары мен дәлелдемелерін нақтылауы, олармен істің мән-жайларын талқылауы кодексте нақты көрініс тапты. Мұндағы ерекше атап өтетін тағы бір өзгеріс – судьяның өзі шығарған шешімді түсіндіруіне қатысты. Бұған дейін қазылардың өз қаулы, шешім, үкімін тараптарға ұғынықты тілмен түсіндіруі міндеттелгені белгілі. Жаңа өзгеріс бұл міндетті заңнамалық тұрғыда бекітті. Соған сай қазылар енді шешім шыққан соң дәл осындай қорытындыға келуі не, шешім қабылдауына ненің құқықтық негіз болғанын, мәселенің салдарын, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімін көрсетуі тиіс.
Жаңа заңнамадан татуластыру рәсімін жетілдіру тетігі де ұмыт қалмаған. Соңғы жылдары даусыз істерді сотқа жеткізбей шешу, даулы істерді тараптарды татуластыру арқылы реттеу бойынша іргелі жұмыстар қолға алынғаны белгілі. Медиация туралы заңның қолданысын кеңейту, медиаторлар жұмысына серпін беру, билер кеңесін жандандыру бойынша атқарылған іс-шаралар ұшан-теңіз. Ал кодекстегі өзгеріске сәйкес енді татуласу рәсімдері жүргізілген кезде талап қою арызын қабылдау талап қою арызы түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылатын болды. Бұрынғы кезеңмен салыстырған татуласуға он күннің берілуі тараптарға ой салуға, келістіруге, мәмілеге келтіруге жеткілікті уақыт. Тек бір ескерерлігі, егер тараптар татуласқан жағдайда, судья талап қою арызын өз өндірісіне қабылдап, тиісті келісімді бекітеді. Ал тараптар келісімге келмеген жағдайда, осы судьяның істі ары қарай қарауына қатысты тараптардың келісімі сұралуы тиіс. Тараптар келіссе іс осы судьяға қайта беріледі, келісім болмаған жағдайда талап қою арызы басқа судьяның қарауына бөлінеді. Кез келген жаңа заңды, құжаттағы өзгерістер мен толықтыруларды кешеуілдетпей көпшілікке таныстырып, түсіндіріп отырудың маңызы зор. Бұл халықтың құқықтық мәдениетін ғана көтеріп қоймай, сонымен бірге азаматтарды алданудан, сауатсыздық салдарынан сергелдеңге түсуден сақтайды.
Бакиева Салима Абдулрахмановна, Алмалы ауданының 2 аудандық сотының судьясы