Екпіндіден шыққан ел құрметтісі

Екпіндіден шыққан ел құрметтісі

Адам мен адамның таныстығының әрқилы сәттері болады ғой. Менің Мұхтармен таныстығым да солай болды. Білім ордасындағы бір шаңырақтың астында жүргеннен кейін, бірімізді-біріміз білмегеннен соң, кездескен сайын аман-саулықтан арыға бара алмайтынбыз. Бір күні басымыз топты ортада тоқайласып қалды. Ұстаз-оқытушы жігіттер әңгімелерінің әуенін әдебиетке бұрып жіберген. Сонда олардан озық шыққан осы Мұхтар болды. Өзара пікір таласта қай-қайсысына да қаймықпай жауап беріп, әдебиеттегі барлық жанрларды жақсы білетіндігімен ерекшеленінді. Сонда арамыздағы біраз жасқа келіп қалған, шашы бозғылттанып ағарып кеткен танымал оқытушы ағамыз:

 

– Ой, жігіттер! Менің бағамдауымша сендер Мұхтарға кәсіби мамандығы мал мен аң шаруашылығынан басқаны қайдан білсін деп қарайсыңдар. Ол барлық саланың алғыры әрі сезімталы. Түйіндеп айтсақ, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Қандай мәселенің болмасын мәні мен маңызындағы пікірталасқа ештеңеге қарамастан бел шеше кірісіп кетеді. Мен оның осы қабілет қарымына қызығамын,- деп біз күтпеген жайды алдымызға жайып салды.

 

Сол кезде оның бір замандасы:

 

– Ағамыз дұрыс айтады. Мұхтардың білмейтіні жоқ. Сіздер оның өлең, әңгіме жазумен айналысатынын білмейді екенсіздер. 2003 жылы «Мен қонақпын» деген өлеңдер жинағы шыққан болатын. Сол жылы «Мәңгілікке тілейтін тілегім бар» атты жыр кеші де өтті. Оншақтың әні де бар. Қазір «Жаным» деген әнін белгілі әнші Ақбота Керімбекова орындап жүр. Онда Мұхтар студент еді. Соның өзінде «Ең үздік студент», «Ең дарынды студент» деген атақтарды қанжығасына байлап жүрді. Мұндай қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейді,- деп бізді ол туралы біраз мағұлматқа қанық етті.

 

– Біз куәсі болып жүрген оның тағы да бір қыры бар. Ол - спорт. Мұхтардың сенімді серігі десе де болады. Оның қайсы түрінен болсын, алдына жан салмайды. Шып-шымыр болып жүргені соның арқасы. Білім мен ғылымдағы білгірлігі мен іскерлігіне менің тілім жетпейді. Оны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ол Мұхтар деген атты бекер арқалап жүрген жоқ. Құдай бізді бұл жағынан жарытпай-ақ қойыпты-ау,- деп шеттеу тұрған қатарласы қағытпа қалжың араластыра ойындағысын ортаға салып тастады.

 

 

 

Осы бір сәтті басқосудан кейін мені «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөз қайта-қайта мазалай берді. Мұхтар Қасенұлы Байбатшановпен оңашада әңгіме-дүкен құрудың да орайы оңынан келіп қалды. Енді соны сабақтай түсейін. Оның өсіп-өнген жері де қазақ топырағындағы қасиетті мекендердің бірі екен. Жетісу өңіріндегі айнадай шағылысып жататын Алакөлдің аумағындағы Екпінді ауылын екен.

 

Осы бір алақандай ауылдан арман жолына түскен Мұхтардың қадамы қашан да жаман болмаған. Мектеп қабырғасын үздіктер қатарында аяқтаған. Ауылдың тірлігі мен тынысын терең білетін азамат болып есейген. Оның ауыл баласына тән табиғи ардың-күрдің жүрісі мен тұрысы да бар екенін жасырып, жаба алмаймыз. Өн бойына бәрі де қарапайымдылық қалпымен жарасып тұр. Түздегі баланың мал мен аңнан алыс кетпейтіні анық. Оны мынадан-ақ айнытпай аңғаруға болады. Мектептен кейін ол алдында толған мақсат, толған таңдау болған кезде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Аңшылықтану және аң шаруашылығы» мамандығын меңгеруге жүрек қалауымен бет бұрған. «Сабақты ине сәтімен» дегендей осы оқуға түскен. Анау-мынау емес, бұл оқуды қазақ тобында бірінші болып қазақ балаларының ішінен қызыл дипломмен қорғапты. «Таудай талабы бар тас жарады» деген осы шығар.

 

 

Мұхтар Қасенұлының қызметтік баспалдақтары да осы оқу орнының табалдырығынан бастау алған екен. 2005 жылы осындағы физиология және морфология кафедрасында ассистент болып жүрген кезінде келешегінің кемелді екенін көрсетеді. Сөйтіп сол 2005 жылы, білімін одан әрі жетілдіру бағытында үш жылдық күндізгі бөлімде аспирантураны оқып бітіреді. Білім мен ғылымның шеті мен шегі жоқ екендігін жақсы түсінген ол «Жергілікті бөдене популяциясының өнімділік қасиеттері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын 2008 жылы ойдағыдай қорғап шығады. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, алдындағыларын аз көріп, үш жылдық күндізгі бөлімнің PhD докторантурасын 2012 жылы бітіріп алады. Осы жылдар аралығында «Аңшылықтану және балық шаруашылығы» кафедрасының, «Мал және балық шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедраларының ассистентігін абыроймен атқарады. 2013-2016 жылдары Орман ресурстары және аңшылықтану кафедрасының аға оқытушысы болды. 2017 жылдан бастап орман ресурстары және аңшылықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры.

 

Оны ғылымда өзіне лайық сара жол салуды берік сеніммен бекем ұстаным етіп алған жаңашылдығы бар ғалым деп айтуға әбден болады. Онысының ешқандай да жасандылық боямасы жоқ. Оған оның Қазақстанда алғаш рет бөдене құсының қилы-қилы қырларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғаған алғашқы ғалым екені дәлел боларлық. Жас ғалымның жаңашылдығы осында екені бүгінгі күні түпкілікті мойындалды. Осы бағытта ол қаншама инемен құдық қазғандай болып, қаншама ізденістер жасап, алтын уақыттарын сарп етті десеңізші. Алайда, алдына қойған мақсатына қолы жетіп, еңбегі жанды. Дегеніне жетті. Дегенмен, алда да алар арман асулары көп. Ол мұны жақсы біледі.

 

 

Мұхтардың ғылымдағы жеке шығармашылық ізденістегі еңбектері де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Оның көз майын тауысып жүріп жазған еңбектерінің өзінде елдің назарын аударарлық құндылықтар бар екенін халық қадір тұтып келе жатқан  танымал тұлғалар лайықты бағаларын беріп қойған болатын. Мұхтардың 120-дан аса ғылыми еңбегінің өзі айтар ауызға оңай болғанымен, оның арғы жағында қаншама бейнет жатқанын айғақтап тұр емес пе. Бәрін тізбелемей осылардың ішінен  жас ғалымның «Бөдене шаруашылығы», «Бөдене өсіру ерекшеліктері», «Перепеловодство», «Quail production», «Биология разведение перепелов», «Птицеводство», «Ауыл шаруашылық құстарының түрлері мен кросстары», «Нетрадиционное птицеводство Казахстана», «Краткий терминологический словарь в птицеводстве», «Жалпы аң шаруашылығы», «Аңшылықтану және аң шаруашылығы мамандығы бойынша орысша-қазақша-ағылшынша-латынша аударма сөздік», «Қой және ешкі өнімдерін өндіру технологиясы 1-2 томдығының», «Каракулеводство», «Ара шаруашылығы», «Общая зоотехния», «Частная зоотехния», «Қоян шаруашылығы», «Экологиялық зоогеография негіздері» атты оқулықтар мен оқу құралдарының және бірнеше әдістемелік нұсқаулықтарын  ғана айтып өтсек, күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті проблемалардың түбегейлі болмаса да, біршама түйінінің шешілгеніне қанағатшылдықпен қараймыз.

 

 

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Мұхтар Байбатшановтың қырық бес жасында осындай биіктіктерді бағындыруының өзі жастық жігері мен қайратының мұқалмас шағында екендігін көрсетеді. Орайы келіп тұрғанда мына бір көзімізбен көріп жүрген өмір көріністерін айта кетпесе болмайды. Оның қатарластарының тарапынан кейбіреулердің ғылымдағы беліне көтере алмайтын шоқпарды арқалап жүргеніне жаның құлазып-ақ кетеді. Ондайлардың иненің көзінен өтіп кетердей зымияндық әрекетіне, күні түсіп тұрған адамдарды «әкелеп, көкелеп», аузынан кіріп, артынан шығып кете жаздайтын жағымпаздық, жандайшаптық қылықтарын көргенде жиркеніп-ақ кетесің. Ғылымға осындай алаяқтықпен, құрық бойламас қулық-сұмдығымен барып, жасанды ғалымдардың қарасын көбейтіп жүргендерге іштей күйінесің. Сонда академик Төрегелді Шармановтың, тағы басқа зиялы қауым өкілдерінің ғылымдағы құндылықтардың құрып бара жатқаны жөнінде «Егемен Қазақстан» газетіне жазған бүкпесіз ой-пікірлері мен шимайланып қалған шындықтың бетін ашудағы толғаныстары еріксізден есіңе түсіп кетеді.

 

Ал, өзіміз тілімізге тиек етіп отырған Мұхтарда үлдем басқаша. Ол ондай жағымсыз элементтерден  арын да, жанын да аулақ ұстайды. Ақиқаттың бетіне тура қарайды. Кеудесінде намыс оты маздап тұрады. Адамға ауадай қажет асыл қасиеттер: кінәрәтсіз кішпейілділік, кіршігі жоқ адалдық, мерейіңді тасытар мейірімділік, қайырымдылық қарым-қатынас атаулы оның жарқын жүзі мен жайдары мінезінен гүлдің жұпар иісіндей аңқып тұрады. Мұның бәрін оның тұла бойына тұнықтығымен табиғат сыйлаған, жанына жаратылыс берген сый екенін құп көріп қуанып, қошеметпен қолдап әкетесің. Мұхтардың жұдырықтай жүрегінің әмірімен істеліп жатқан адамдық ниетті, пейіл мен тілеуді екінің бірінен таба алмайсың.

 

 

Бірде менің қолыма кездейсоқтан «Алакөлдің танымал азаматтары» деген қатпарлы қалың кітап түсіп қалды. Танымдық кітап екен. Одан осы өңірден қанаттанып шыққан перзенттердің Алакөл ауданы ғана емес, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін бірлікпен білек сыбана еңбек етіп жатқан танымал тұлғалардың талайын білдік. Бұл кітап ел мен жерге ынтызар болып жүрген халық үшін рухани жағынан қажетті дүние. Әсіресе, аға буын ұрпақтың артында ізбасарлық, мұрагерлік жолмен келе жатқан өскін ұрпақ үшін аса қажет екені даусыз. Осыншама дүниені іздестіріп тауып, берері мол кітапты құрастыруға атсалысқанның бірі осы Мұхтар екенін аты-жөнін оқығанда таңырқап, таңғажайып күйде қалдым. Міне, азаматтық. Оның бұдан басқа да қу жаны қалмай құрақ ұшып атқарып тастаған жұмыстары айта берсе көп-ақ. Әйтеуір ел сенімін ақтап келеді. Оның алдына қойған ұстанымы жақсы.

 

Кітап жайлы сөз болған кезде Мұхтардың өлең өлкесіне бетбұрыс жасап жүрген жауқазын жастарға деген қайырымдылық қамқорлығы еске түсе береді. Ол жай түспейді кәдімгідей аға деп арқа тұтқан өндір жастардың қадамына қанат бітіріп, сәттілік тілеумен демеушілік көмегін көрсетуі. Осы орайда оның жас талаптар Ретбек Мағазыұлы, Айбек Құттыбек, Ғабит Жиенбай, Мақсат Деңгелбайдың жыр кітаптарына арқалы ақын ағалары Жанарбек Әшімжан, Алмат Исәділ, Әлібек Шегебай, Саят Қамшыгерлерге алғысөз жаздырып, жарыққа шығаруы ер көңілді Мұхтардың тағы да бір айқын азаматтығы емес пе. Ертең осы жас толқынның топты жарып шығар жыр жампоздары болмасына кім кепілдік бере алады. Мұхтар олардан үлкен үміт күтеді.

 

 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген емес пе. Екпінді ауылындағы өзі оқып шыққан Мәлгаждар Әубәкіров атындағы орта мектептің ауласын 100 түп алма ағашын және балабақша, округтегі тағы екі мектептің ауласына 200 түп алма ағашын отырғызған. Екпінді ауылының кіре берісінің сол жақ болігіне 700 түп ағаш отырғызып саябақа айналдырды. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың алтын ұяға сүйіспеншілігі басқаларға үлгі болса керек. Осындайжа «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты қағида қаперіңізге оралады. Осынау тал-шыбықтардың ертеңгі күні бәйтерек болып, жапырақ жайып тұратын кезі де алыс емес. 

 

Қазір Мұхтар Байбатшанов Орман ресурстары және аңшылықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры. Атақ-даңқтан да кенде емес. Қазақстан Республикасы Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін «Алаш ұстазы» медалімен және  «Отан патриоты» медалімен марапатталған. Қазақ ұлттық аграрлық университетіне 85 жыл мерейтойлық алтын медальмен, Қазақстанның жоғары орман біліміне 70 жыл мерейтойлық алтын медальмен, «Аграрлық білімге, ғылымға және өндіріске қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің «Мал шаруашылығы технологиясы» факультетінің 2003 жылғы «Ең үздік студенті», сол 2003 жылы институттың «Ең дарынды студенті» атанған. 2003 жылғы VI-шы Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты. Халықаралық, республикалық және жергілікті басылымдарға өлеңдері жарияланып тұрады.

 

 

 

2018 жылы 10-ақпанда Екпінді ауылында «Дара жол» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарымен және мектеп оқушыларымен кездесу өткізді.

 

Әкесі Қасен мен анасы Оралханның сегіз баласына берген тектіліктің тәрбиесін төбесіне ту етіп ұстап жүргендерінің бірі осы Мұхтарлары. Мұхтардың жұбайы Мәншүк Тоқтарбекқызы да «іздегенге сұраған» ол да ғылымның соңына түскен жан. Заң ғылымдарының кандидаты. Екеуінің Гауһар, Шыңғыс, Абай, Іңкәр атты балалары бар. Армандары осыларын абыройлы азаматтар қатарына қосу. Амандық болса, ол уақыт та алыс емес. Екпіндіден шығып, ел құрметтісі атанған Мұхтардың барар жері әлі ұзақ. Ол қазір арман қанатымен самғау шағында келеді. 

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

Қазақстан Журналистер

одағы сыйлығының лауреаты.

      

 

 

 

 

 

              ДОСЫМА
 

Досым саған сенемін, сеніп өтем!

Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.

Достық деген – адамның көрігі екен.

Достық деген – ақылдың серігі екен. (М.Мақатаев)

 

 

Бір досым бар – достығына тым адал,

Бойын аулақ сап жүретін күнәдан.

Жақсылығын оның көпке жасаған,

Жасай алмас жабылса да мың адам.

 

Кейде жанын тербесе де мұң-бесік,

Сыр бермейді, айналасын гүлдетіп.

Досым солай, өзгелерге өз-өзін,

Жүреді ылғи өнеге етіп, үлгі етіп.

 

Жүрсе-дағы бұралаң жол, қыратта.

Шыдай білген небір қиын сынаққа.

Көмегін де аямайды ешкімнен,

Қиын сәтте сүрінсең бір құлап қап.

 

Осындай дос бар ма екен ә басқада

Досы үшін басын ұрар тасқа да.

Менің досым дос боп берер саған да,

Тек қана оның ақ көңілін жасқама.

 

Жүрегіме жақсы әуендер тыңдатып,

Сол достықты Сенен таптым – нұр-жақұт.

Сол достықтың қасиетін ұғынып,

Кейінгілер жалғастырса – шын бақыт!

                                    Алмат Исәділ 

                                    2007 жыл

 

 

 

 

  Жақсылар бар

    Мұхтар Қасенұлына

 

Жер-жаһанға жария қылмай оң ісін,

Өтеп жүрген адамдықтың борышын.

Жақсылар бар қандай жағдай болса да,

Дайын тұрар созуға əркез қол ұшын.

 

Қиындықты мүлде місе тұтпайтын,

Адалдығы адамдығын жықпайтын.

Жақсылар бар жігеріңді құм қылмай,

Білегіңді бекем түрсең құптайтын.

 

Жылы сөзбен жан-жараңды емдейтін,

Биіктейтін төмен ұстап өр кейпін.

Жақсылар бар бұл дүбəрə тірлікте,

Дүрбелеңге қойып кете бермейтін.

 

Дүрбі дүние сындырса да шынысын,

Дау-дабырда айта білген дұрысын.

Жақсылар бар шалқайғанды жөн көрмес,

Кейінгіге қалдыра сап бір ісін.

 

Жасап жүрген сауап толы мол ісін,

Күллі əлемге жария қылмай онысын.

Жақсылар бар жайсаңдардың сарқыты,

Мен оларды құрмет тұтам сол үшін..!

                                Азамат Нұрмұхан

                                2017 жыл

 

 

 

 

  Екпінді туған ер

  (Мұхтар Байбатшановқа)

 

Құт мекені көзі болған көненің,

Бұл даладан рухтың отын көремін.

Өнер құсы ұя салған ауылды,

Қайсы десе ол- Екпінді дер едім.

 

Жайса-дағы гүлді жасыл желегін,

Әркімге ашпас құпиялы дерегін.

Қонақ жайлы нағыз қазақ ауылды,

Қайсы десе ол – Екпінді дер едім.

 

Бақ кемесі алға тартқан өлкем ғой,

Ұлдары да ту көтерген желкен гой.

Жүрегімнің ғашық жұрты – Екпінді,

Қыздары да шеттерінен көркем ғой.

 

Ақындары жыр қалдырған мәңгілік,

Күйшісі өткен дүйім елді таң қылып.

Талай дана дарын шыққан ауылдан,

Мұхтардайын ғалым шығу заңдылық... 

                                Жангелді Немеребаев

                                 ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

                                2018 жыл 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста