Жарты ғасыр бұрын Жер шарынан тұңғыш рет адам баласы зеңгір көкке бет түзеген зымыранға аяқ артты. Бұл күн қазір алып ғаламшардағы айтулы оқиғаның біріне айналып отыр. Әрине, осы атаулы күн жақындағанда жер кіндігі деген тіркес ойға орала береді. Ғарыш айлағы жер кіндігіне орын тепкен дейді. Осындайда әйгілі Қорқыт бабамыз жайлы айтылатын әпсаналар еске түсетіні айдан анық. Абыз бабамыз жайында айтылатын аңыздарда ол жайында егжей-тегжейлі баян етіледі. Осы екеуінің арасында байланыс бар ма? Рас, ескі кезеңнен жеткен есті әңгіме бізді ойландырады. Ол кезде ғарыш туралы әлі де қозғала қоймаған еді. Сонда жер кіндігі жайлы бұрынғылар қалай білген? Бүгінгідей 18 мың ғаламның тамыр бүлкілін тап басып айта қоятын технология ол уақытта жоқ. Біздің ата-бабаларымыз оны қандай деректерге сүйеніп айтты екен?
Бұл тақырып ғалымдар тарапынан да үлкен қызығушылық туғызып отыр. Оның сырына үңілген білімді адамдар аз емес. Алайда сол бір түйінді мәселені тарқату әзірге оңайға соғар емес. Бәлкім, бұрынғылар біз білмейтін сырларды ашқан шығар. Сол құпияның кілтін біз әлі күнге дейін таба алмай жүрген шығармыз. Елдің арасында Қорқыт атаның өзін өмірде болмаған дейтіндер бар. Ол халықтың қиялынан туған кейіпкер көрінеді-міс. Бұл – ғалымдардың қызу пікірталасына айналған мәселе. Біздің айтпағымыз басқа. Абыз баба жайында баян етілетін аңыздың елдің аузында жүргеніне біршама ғасырдың жүзі болды. Ендеше біздің аталарымыз жер кіндігі жайында айтылатын ұғымды қайдан ойлап шығарған? Олар да бір дерекке сүйеніп айтқан болуы керек қой. Жер кіндігі туралы әңгіме еткенде алдымен осы жайлар ойға оралады.
Енді Қорқыт ата жайлы аңызға келсек. Ол кісі бір күні түсінде өзіне көр қазып жатқан адамдарды көреді. Оянғаннан кейін өлімнен қашып құтылмақ болады. Дегенмен қайда барса да, алдынан қазылған көр шыға береді. Дүниенің төрт бұрышын аралаған абыз бабамыз соңында Сырдың жағасына қайта келеді. Сонда оған «Жердің ортасы – Сырдың жағасы екен» деген аян беріледі. Бұл жер қазіргі Қармақшы ауданының аумағында жатыр. Абыз бабамыздың жамбасы жерге тиген жер осы ауданда жатыр. Қорқыт атаның мәңгілік дамыл тапқан моласы «Байқоңырдан» онша қашықта емес.
Өткен ғасырдың басынан зеңгір көкке самғауға зерделі зерттеу жасаған ғалымдар ғарыш айлағын қай жерде орналастыру туралы ойланғаны анық. Сонда «Байқоңыр» кімнің ойына келді екен? Бәлкім, космонавтика ғылымына негіз салған ғалымдар Қорқыт ата туралы аңыздан хабардар болды ма екен? Орыс ғалымы Г.Потанин аңыз жайында айта келе: «Бұл хикаяттың негізінде түрлі сырлар жатуы мүмкін. Мүмкін, ол астрономиялық болуы да ғажап емес. Онымен жердің немесе мұхит ортасының байланысы болуы ықтимал. Яғни, жер кіндігі жайында», – дейді. Осы сөздің астарында үлкен мағына жатыр.
Біздің қазақ халқы ертеден-ақ аспан әлемінің қыр-сырына қанық болған секілді. Мәселен, түнде жол жүрген адам Темірқазыққа қарап, жолдың бағытын білген. Өйткені аталған жұлдыз өз орнын өзгерте қоймайды екен. Сондай-ақ Жетіқарақшы, Құс жолы деген ұғымдар бізде қаншама уақыттан бері бар. Сондықтан Қорқыт ата жайлы аңызда біздің халқымыз жер кіндігіне байланысты осындай ұғымдарды негіз етіп алған болуы әбден мүмкін.
Қазақтың маңдайына біткен абзал азаматының бірі Шоқан Уәлиханов та бұл тұрғыда өз ойын білдіріп өткен. Әйгілі ғалым: «Ислам дінінде өлімнен қашуға жол берілмейді. Алайда ол шамандықты ұстанатын халықтардың әпсана-хикаяттарында айтылады», – дейді. Рас, Қорқыт ата өмір сүрген заманда қазақ даласында ислам діні қанатын кеңге жая қоймаған.
Әйгілі аңыз жайында зерделі зерттеу жасау біз үшін өте маңызды. Оның ішінде жер кіндігі бізді әлі де қызықтырады. Ғарыш әлемін күнделікті жол етіп алғанымызбен, оның сырына қаныға қойған жоқпыз. Ең бастысы, көптеген сауалдың түйіні абыз бабамыз жайлы айтылатын аңызда жатқан секілді. Болмаса, алғаш рет көкке ғарыш кемесін самғатқан «Байқоңыр» жайлы жұмбақтың сырын аша алмаймыз.
Жер кіндігі және «Байқоңыр»
Последние статьи автора