Тарбағатай- еліміздің көне дәуірдегі тарихына қатысты талай сырды қойнауына ұялатқан қастерлі ұясы. Құлыптаулы құпиясының құндылығын сыртқа шығаруды көздеген археологтер қазба жұмыстарын жүргізіп, қазақ даласының сан түрлі қазынасы барына көп жылдан бері көз жеткізіп келеді.
Мәселен, 2012 жылдың қыркүйек айында Тарбағатай ауданы жеріндегі Әмірсана қоңтайшы қамалының орны анықталып, зерттелді. Жалпы, шығыстың әртүрлі өңірлерінен жоңғар кезеңінің жәдігерлері табылып қалып жатады. Соның бірі – 1952 жылы Шыңғыстауда табылған будда жәдігері. Моңғолдық атаулар біздің жерімізде түріктік атаулармен қабаттасып келіп отыратын жер атауларының негізін құрайды. Ал үстіміздегі жылдың мамыр айында Семей педагогикалық институтының Манаш Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік зерттеулер ғылыми орталығы жетекші маманы Мұхаметбек Асылбеков және Семей мемлекеттік медицина университетінің аға оқытушысы Ғалымбек Базарбеков арнайы барып Тарбағатай сілеміндегі Долаңғара тауының ішіндегі тік жартастағы белгісіз жазуды тауып, суретке түсіріп қайтты. Бұл жазу осы уақытқа дейін ғылыми ортаға белгісіз болып келген.
Осы тұста сәл шегініс жасап айтар болсақ, бірнеше жыл бұрын орталық директоры Мұхтарбек Кәрімовке осы тауда мал бағатын Мұрат Рамазанов деген азамат тасқа қашалған ерекше таңбалар көргендігін айтқан екен. Алайда ол адамның дүниеден озуына байланысты тастағы таңбаны іздеу кейінге қалдырылыпты. Бірақ көп ұзамай бұл қызықты көзбен көрген куәгердің тағы бірі табылды.
Долаңғараның күнгейіндегі Үштөбе ауылында тұратын Шыңғыс Қасымханов қыс ішінде әлгі жазуы бар жартасты білетін адамды тапқаны туралы ғылыми орталыққа хабар берді. Мамыр айының басында жазуды іздеп жолға шыққан М.Асылбеков пен Ғ.Базарбеков сол жерде мал бағатын Нұрлан Жұмағазыұлының көрсетуімен жартастағы жазуды суретке түсіреді.
Долаңғараның қара тасына түзу тізілген әдемі таңбалар анадайдан ап-айқын болып көрінеді. Адам аяғы аз баратындықтан, жартастың тік беткейінде қазіргі заманның жазу-шимайлары да жоқ. Сол қалпында сақталған. Зерттеуші мамандар күткендей, бұл көне түрік, ұйғыр, қалмақтың төте жазуларына да ұқсамайтын болып шықты. Таңбалардың санскрит жазулары қатарына жататыны анық еді.
М.Қозыбаев атындағы тарихи және әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми орталығы таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл жазулар табылмай тұрып-ақ, оның кімдердің мұрасы екендігі жөнінде орталықта қызу талқыланып, алдымен қалмақтардың ұлы ғұламасы Зая Пандитаның бұл жазуларды қалдыруы мүмкін деген болжам жасалынды. Себебі «Зая Пандитаның ғұмырнамалық деректері» деген Ш.Норбоның кітабында будда ғұламасының 1642 жылы күзде Очирту Цэцэн ханның Боғас өзені бойындағы қыстауына келіп, осындағы үлкен будда монастрында қыстап шыққандығы жайында жазылған. Яғни өзінің шәкірт ламаларымен келген ғалым белгі қалдыруы әбден мүмкін.
Өкпеті тауынан бастау алып Зайсан көліне құятын Боғас өзенінің ұзындығы – 90 шақырым. Мұның 50 шақырымы қысы қатты болатын жазықпен ағады. Сонда Боғас өзенінің Долаңғара тауын бойлай ағатын 20-25 шақырымы ғана адам тұруға және мал қыстатуға қолайлы. Жартастағы ескерткіш жазу будда ғұламасы Зая Пандитаның болған жерлері мен жоңғар тайжысы Очиртудың нақты қыстама орындарын анықтауға мүмкіндік береді.
Жақында жартастағы таңбаларды әртүрлі көне жазулармен салыстыра отырып, орталық маманы М.Асылбеков бұл таңбалардың будда мантраларының бірі екендігін анықтады. Жазу санскрит жазуларының бір түріне жатады. «Ом мани падме хум» деп оқылатын, тура аудармасы «Лотос гүлінде жарқыраған інжу-маржан» деген мағына береді. Долаңғара жазуының санскритке жататыны және мантра екендігін растаған анықтамасын Қалмақ Республикасының (РФ) Элистадағы Тарих институтының жетекші ғылыми маманы, тарих ғылымының докторы, профессор Эльза Петровна Бакаева жіберді.
Ежелгі түрік жерлері, еліміздің Алтай, Тарбағатай өңірлерінің және Ертіс бойының, сол сияқты Жетісудың тарихында ойраттық немесе жоңғарлық кезеңінің болғаны тарихи шындық. Сондықтан да Қазақ елінің қилы тарихындағы Жоңғариямен тікелей байланысты кезеңін жалпы тарихымыздан бөліп қарауға болмайды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың: «Егер ақиқаттың аясында болғымыз келсе, онда қазақтың өткені мен бүгіні туралы тым жалпақшешейліктің де, тым томағай-тұйықтылық та керек емес» деген сөзі тарих қойнауынан әр кезде шындықты іздеуге жетелейді.
Тарбағатайдың бір құпиясы ашылды
Последние статьи автора