Сырға толы Сығанақ құпиясы әлі ашылмай келеді
Қарт Қаратау қойнауына қоныс тепкен көне Сығанақ қазақ мемлекетінің алғашқы астанасы болған. Оны тарихпен таныс көзі қарақты көпшілік жақсы біледі. Тағы да бір айта кетерлігі, бұл шаһар Ақорданың астанасы атанған. Алаш баласының ардақ тұтар мекені болды десек, артық айтпаймыз. Алайда біз әлі күнге дейін өткен тарихты толықтай таразыға тарта алмай келеміз. Өзге елдердің жиһанкездері тасқа басып қалдырған жазбаларына арқа сүйейміз. Қаншама ғасырдан бері өткен шежіренің куәсі болған мәдени мұраларды толықтай зерттеуге шамамыз келер емес. Бұл – ақиқат әңгіме. Мәселен, бір ғана Сығанақ қаласының құпиясын ашу оңайға түспей отырған жайы бар.
Біз көне қаланың тарихы туралы қайта айтып жатпай-ақ қоялық. Сығанақтағы сыры ашылмаған кейбір жайларды көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз. Ескі шаһар Қаратау мен Сырдарияның орта бөлігіне қоныс тепкен. Сығанақта мекен еткен халық отырықшылыққа бейім болған. Сол замандарда егін егіп, бау-бақша жайқалтқан. Бұл деректер түрлі жазбаларда айтылады.
Бүгін де осы аймақта егін шаруашылығы жақсы дамыған. Көне қала маңындағы ел жерден несібе тереді. Жұртшылық түсіне алмай жүрген жайттар баршылық. Әсіресе күрішке жіберген суға байланысты осындай түсініксіз жайлар кездеседі. Өйткені егінге пайдаланылған су жоғалып кетіп жатады.
Қаншама жіберілсе де, атыздар суға толмайды екен. Неге? Не себепті? Оны қарапайым еңбек адамдары түсіне қоймайды. Тақтайдай тегіс алқапта су қайда жоғалады?
Ескіден естуімізше, Сығанақта жерасты жолы болған деседі. Жаңағы жіберілген су сол тесіктерге сіңіп жоғалады екен. Егіншілер қанша су жіберсе да, бәрібір тола қоймайды. Су сіңген тесіктерге тас тастаса, тоқтамай кете беретін көрінеді. Жерасты жолы туралы түрлі мәліметтерде айтылады. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Осылай дегенмен, бүгінгі күні оны көрген адам жоқ. Тек ескіден жеткен әңгімеге құлақ түргеннен арыға бара алмаймыз.
Көне шаһардағы жерасты жолы қандай мақсатта қазылған? Оған байланысты түрлі жорамалдар бар. Қазақ даласында қаншама жаугершілік заман өтті. Осындай сәттерде қас дұшпаннан құтылудың сан түрлі жолдары болған. Жерасты жолы осындай айла-тәсілдерге пайдаланылған деседі. Бір қызығы, Сырдың жағасындағы көптеген көне шаһарларда осындай жерасты жолдары болғаны жайлы талай дуалы ауыздан естігеніміз бар.
Олардың барлығы бірнеше шақырымға созылады. Қазіргідей техника жоқ кезде мұндай жұмысты атқару оңайға соға қоймасы тағы да белгілі. Әрине, олар сол жердегі жұрттың күшімен қазылған. Оған да таңғалмасқа лаж қайсы?..
Кезінде біз өткенімізге көз жұма қарадық. Сан алуан құндылық тасжүрек пейілімізден қирады деуге болады. Дегенмен сондай жөнсіз тірлікке барған адамдар өмірі де қайғылы жағдайлармен аяқталған. Осындай оқиғалар Сығанақ қаласына да байланысты болған.
Қала маңайында «Сунақ ата» кесенесі бар. Онда шығыстың белгілі шайырының бірі Хисамеддин Әл-Сығанақи жерленген. Өткен ғасырдың 40-жылдарында сол кесененің кірпішіне көз тіккен адамдар болған екен. Оның кірпішінен монша, үй және басқа да дүниелерді соғуды қалаған. Көнекөздердің айтуынша, мешітті қиратпақшы болған адам сол жерде тіл тартпай кеткен екен. Тіпті оның соңында ұрпақ қалмапты. Кесенеге залал келтірмекші болған өзге де адамдар тағдыры қайғымен аяқталған. Көбісі түрлі белгісіз ауруларға шалдыққан.
Қазіргі күні Сығанақ қаласы мен оның іргесінде тұрған кесене алыс-жақындағы жұрттың зиярат жасайтын құрметті мекеніне айналған. Көне шаһар өзіне келетін адамға қиындық туғыза қоймайды. Шығыс пен батыстың арасында сымдай тартылған тас жолдың бойынан 5-10 шақырым жерде жатыр.
Сығанақ шаһарының орналасқан аймағы – туризмді дамытуға қолайлы мекеннің бірі. Бұл жер Қаратаудың етегіне қоныс тепкен. Көз тартар табиғатымен ерекшеленеді. Келешекте алыс-жақыннан келетін жиһанкез қауым қызыға тамашалайтын орын болары даусыз. Өкініштісі, өзге түгіл, өзіміз де осындай киелі мекеннің қадірін біле алмай жүрміз.