Он сегіз мың ғаламды толық танып, біле алмай келеміз. Адамның ақыл-ойы қанша жерден дамып кетті десек те, аспан әлемінің қыр-сырына қанығу қолымыздан келер емес. Зеңгір көкте әзірге зердеміз жетпей жүрген жайлар баршылық. Бәлкім, ғылым мен технология қарыштап дамыған бір заманда бәрінің кілті табылып қалар. Бүгінде біз талай сырдың құпиясын аша алмай жүрген жайымыз бар. Солардың бірі – метеорит.
Аспаннан түсетін алып дене адамзат баласының үрейін ұшырады. Өткенде ғана Ресей елі ұлардай шулады. Челябинск қаласы маңына метеорит құлады. Ғалымдар оған түрліше жорамал жасады. Осындай жағдай бұрында да талай мәрте болған. Мұндай оқиға қазақ жерінде де орын алғанын біреу біліп, біреу білмес.
Сарыарқа төрінде Шұнақ деп аталатын жер бар. Мойынты теміржол бекетіне жақын. Теміржол бекетінен батысқа қарай бет түзеген адам осы бір қызықты жаратылыс түрі саналатын аталмыш табиғи ескерткішке кезігеді. Оны ғалымдар «Шұнақ метеорит кратері» деп атайды. Бұл жерде тіршілік атаулы жоқ. Құлазыған қу дала жүргіншіні меңіреу күйінде қарсы алады. Метеориттің құлауы қай уақытта болған? Жаратылыстың жұмбақ сырына терең үңілуді қалайтын зерттеуші мамандар метеориттің құлау кезеңін 12 млн жыл бұрын болғанын тілге тиек етеді. Есте жоқ ескі заманда аспан әлемінен жерге түскен метеорит аумағы бірнеше шақырымды құрайтын жерді жаралаған. Оның диаметрі 3100 метрді шамалайды. Бұл әлемдегі осындай кратерлер арасында ең ірісі болып табылады. Атап айтқанда, Америка Құрама Штатында орын тепкен Аризон кратерінің өзі Шұнақтың қасында екі еседей кіші көрінеді. Мамандардың айтуына қарағанда, цоколь айналма үймегі мен сазбалшық қалдықтары АҚШ-тағы кратерден жайпақтау екен.
Шұнақ метеорит кратері жөнінде тек қазақстандық ғалымдар зерттеп жүрген жоқ. Оған шетелдік мамандар да қызығушылық білдіріп отыр. Орыс зерттеушісі Борис Зейдлик 2005 жылы «Известия» газетіне берген сұхбатында Шұнақ туралы ағынан жарыла әңгіме тиегін ағытқан. Зерттеуші «Қазақ жерінде аспан әлемінен түскен алып дүниелер саны жетерлік. Соның бірі ретінде Балқаш көлінің солтүстік бөлігіндегі Шұнақ метеорит кратерін атап айтуға толық негіз бар. Мен ол жерді талай мәрте зерттеп көрдім. Метеориттің құлағанынан бері қаншама дәуір өтсе де, біз үшін құнды деректер табу ешбір қиынға соққан жоқ. Аспан әлемінің көбіміз біле бермейтін сырларына аз-маз болса да қаныққандай болдық. Бұл жерді әлемдегі зерттеуді қажет ететін қызықты орынның бірі деп санаймын» дейді ол журналистің қойған сауалдарына жауап бере отырып.
Өтірік демей-ақ қоялық, Шұнақ жайлы көбіміз біле бермейтініміз ақиқат. Шетелде бәрі басқаша болар еді. Алыс-жақындағы таныстарға оны жарнама жасар еді. Соның арқасында ол жерді тамашалауға жиһанкез жандар ағылып келеді. Қыруар табыс қаржы қазанын қайната түседі. Бізде олай емес. Қолдағы барымызды бағалай алмай, оны өзгенің алдында қалай дәріптерімізді білмей далмыз. Әлі күнге дейін туризм саласының көкжиегін кеңейте алмай жүргеніміздің себебі де сондықтан шығар.
Жалпы, метеорит планетааралық кеңістіктен жерге келіп түсетін метеорлық денелердің қалдықтары болып табылады. Олар: темір, тас-темір және тас деп үш түрге бөлінеді. Олардың ерекше белгілері ретінде қырлары мүжілген, сыртында жұқа қабығы және өзіне тән шұңқырларын айтуға болады. Оны сындырып қараған сәтте метеориттің ішкі жағы күлгін қоңыр түстес болып келеді. Қара және ақ түстегілері өте аз кездесетінге ұқсайды. Көп жағдайда ақ түсті никельді темір және сары түсті гроилит минералы аралас метеорит көзге шалынады. Ал тас-темір метеоритінде никельді темір басымырақ болады екен.
Шұнақ метеорит кратерінің тереңдігі де едәуір. Оның тереңдігі 400 метрге дейін жетеді. Бұл да әлемдегі осындай орындардан Шұнақтың ерекшелігін көрсетеді.
Жергілікті адамдар аталмыш аумақты мистикалық орын деп бағалайды. Олай ойлауға да негіз бар секілді. Өйткені он сегіз мың ғаламның біз білмейтін жаратылысы көп қой. Бәлкім, жер бетін зерттеуге ұмтылған бөгде ғаламшардағы сана иелері дәл осы аумақ арқылы өздеріне қажетті ақпараттар алып жатыр ма? Солай болуы ғажап емес. Әрине, оның сырын біз біле бермейміз. Қанша жерден ғылым мен техника дамыды десек те, бөгде ғаламшардағы сана иелерімен байланысу бізге мүмкін болмай келеді. Сондықтан біз үшін Шұнақ жайлы жорамал жасап, оны мистикалық орын деумен қатар, энергетикалық орталық болуы да ықтимал дегенді де ойлайтынымыз белгілі.
Қазақ даласына құлаған метеорит тек мұнымен шектелмейді. Олардың салмағы да әртүрлі. Олардың арасында тізімге алынғандары қатарында Қарақол, Ямышева, Бестөбе, Дорофеевка, Мамра, Николаевка, Новорыбинское, Ерофеевка, Павлодар, Богословка, Зайсан метеориттерін айтуға болады.
Ұлан-байтақ даламыздың осындай тылсымға толы мекені көп-ақ. Өкінішке қарай, біз оларды толықтай тани білмейміз. Болмаса ат тұяғы талып зорға жететін, айшылық алыс жол болатын қазақ жерінің талайды қызықтыратын көрнекті орны өзгелерге қарағанда, өзіміз өте көп бағалай аламыз. Алайда қолдағы барды ұқсата алмай жүрген жайымыз бар ғой...
Шұнақ метеориті көктен түскен шпион емес пе?
Последние статьи автора