Қазақ даласының қақ ортасында орын тепкен Қарағанды өңірінде Ақтоғай атты қоныс бар. Бұл өлкеде қаны қазақ баласы үшін қастерлі орындар жетерлік. Солардың бірі ретінде Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын тарихи мұраларды айта кетуге болады. Қаншама ғасырдың көзін көрген ескерткіштер оғыз-қыпшақ заманынан қалған дүниелер саналады. Құнды мұралар Сарыарқа жеріндегі Беғазы тауының етегіне орналасқан. Тарихи ескерткіштер – Қаратал өзенінің сол жағасында. Археологиялық қазба жұмыстары негізінде табылған жәдігерлерге сол заттар алынған жер атаулары шартты түрде беріледі. Сол арқылы ғалымдар көне заманның көзіндей болған дүниелерді жалпақ жұртқа жария етеді. Сондықтан Беғазы-Дәндібай атауымен бізге белгілі болған мұраларға сол жерлердің аты берілгенін аңғару қиынға соға қоймас.
Құнды мұралар қола дәуірінен бізге жеткен. Ұлтымыз үшін орасан зор қызмет атқарған білімдар тұлға Әлкей Марғұлан 1947-1952 жылдар аралығында осы өңірде уақытпен санаспай еңбек етті. Белгілі ғалым зерделі зерттеу жасауға көңіл бөлді. Соның арқасында археология ғылымына Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген тіркесті қосты. Табылған заттар талай дүниені көз алдыңа алып келеді. Сол жердегі тарихи обалар біздің дәуірден әрідегі ІХ-VІІІ ғасырларға жетелеп алып барады. Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ерекшелігі ретінде ескі қола мәдениетінің түрлері өзгеріп, соның нәтижесінде жаңа мәдени даму үрдісі ретінде қалыптасып дамыған. Бұл өркениетті өмір көрінісі сол дәуірдегі осы жерді мекен еткен адамдардың мемлекеттік бірлестіктер құру деңгейіне дейін көтерілгенін аңғартады.
Ғалымдардың айтуынша, Беғазы-Дәндібай мәдениетінің өрісін кеңейтіп, өрелі істер атқарған тайпалар кең ауқымда тіршілік жасаған көрінеді. Олар батысында Ұлытауды жайласа, шығысында Абыралы өлкесіне дейін созылып, Шыңғыстаудың етегіне дейін қоныс тепкен. Оңтүстігінде Жетіқоңыр жерінен бастай отырып, Ертіс өзенінің бойына дейінгі Нұра, Сарысу, Кеңгір өзендерін бойлай өтеді. Сондай-ақ Қызылтау, Бұғылы, Қызыларай, Қарқаралы, Баянауыл таулары аралығындағы жазық жерлер сол тайпалардың мекені саналады. Сол кезеңдерде олар одан бұрынғы Андронов мәдениетіне тән үлгілерді сақтаған. Мәселен, жаңа жерлеу ғимараттары мен тұрғын үйлер пайда болған. Жерлеу салты мен өзіндік шаруашылық түрлері қалыптасқан. Жаңа мәдениет қауымның жоғарғы лауазымды билеушілеріне арнап салынған, қақпақ тастардан тұрғызылған зәулім кесенелер мен мәйітті бір қырынан, аяқ-қолын бауырына жинап, сондай-ақ шалқалатып жерлеу секілді ерекшеліктер байқалған. Олардың жанына қару-жарақ пен әшекей бұйымдарды қосып жерлеу де көзге бірден түседі.
Сол өңірдегі Ақсу-Аюлы, Бұғылы, Беғазы, Дәндібай және Ортау секілді жерлерде орын тепкен кесенелер күрделі сәулет өнері ескерткіштері қатарына жатқызылады. Бұл мұралар дөңгелек немесе төрт бұрышты болып салынған екен. Олардың үстіңгі бөліктері қақпақ тастар немесе пирамида тәрізді етіп жуан бөренелермен жабылғаны байқалады.
Құнды қазынаға зерделі зерттеу жүргізген археологтер қоныстар мен тұрақтардан қолға іліккен көзе ыдыстардан төмендегіше көріністерді аңғарғанын айтады. Ыдыстардағы таяқшамен батыңқы сызылып салынған сыртқы өрнектері қарапайым, қиғаш және көлбеу тәрізді болып бейнеленген. Оларда шырша, тырнақ, шекілдеуік, жарты ай бейнелі, мойны мен ернеуінде белдемшелер көрініс береді. Қабірлердің ішінен қолға іліккен ыдыстардың пішіндері мен өрнектері олардан мүлдем өзгеше екенін аңғару ешбір қиын емес. Олардың арасында қыл мойынды құмыра пішінді, шығыңқы бүйірлі кеселер мен тостаған тәрізді сырты сүйек қалыпшалармен әсем етіп өрнектелген. Ғалымдардың зерттеуі бойынша сол бір кезеңдерде осы өңірде Кент, Бұғылы, Шортанды бұлақ, Қарқаралы, Ақкезең, Ұлытау секілді ірі мекендердің іргесі қаланған болуы мүмкін.
Сол бір дәуірлерде ғұмыр кешкен адамдар баспанасында да әртүрлілік байқалады. Олардың арасында қабырғасы іргетас арқылы өрілген төрт-алты бөлмелі үйлер бірден көзге шалынады. Сондай-ақ бір-екі бөлмелі жер кепе мен киіз үй пішіндес құрастырмалы жеңіл үйлер де молынан кездескен. Мұндай үйлердің нақ ортасына таман немесе шеттеу бөлігінде төрт бұрышты ғибадат ету орындары орналасқан. Олар биіктеу етіп тастардан тұрғызылған. Айта кетерлігі, әрбір іргелі қоныстың айналасына шағын елді мекендер қоныс тепкен. Олардың саны төрт-беске жеткен.
Беғазы-Дәндібай даласын мекен еткен тайпалар түрлі кәсіп түрлерін шебер меңгерген. Олардың арасында темірден түйін түйген алтын қолды ұсталар да аз болмағанға ұқсайды. Мыс балқыту, көзе жасау секілді жұмыстардың қыр-сырына қанық болған. Сондай-ақ егін егу, мал бағу секілді кәсіптер де жергілікті тұрғындардың тіршілік көзіне айналған.
Ғалымдар Беғазы-Дәндібай мәдениетінде өмір сүрген тайпалар наным-сенімі бойынша күн, от, су секілді табиғат күштеріне табынғанын айтады. Сонымен қатар күнделікті нәпақа табу көзі болған жылқы, қой, түйе сияқты жануарлар мен қасқыр, аю секілді жыртқыш аңдарды да қастерлеп, оларға табыну ғұрыптары кездесіп қалған. Мәселен, Қойшоқы, Ақсу-Аюлы, Қызыларай секілді жерлерде олардың тастан қашалған бейнелерін зират немесе қоныс маңайына тұрғызып қойған көрінеді.
Жергілікті тайпалар өздерінің әлеуметтік дамуы барысында беделі биік ру басылардың әміріне тәк тұрған. Олар діни наным-сенімі қалыптасқан тайпалар санатына жатқызылған. Сондай-ақ олар саяси-әкімшілік орталығы бар, өзіндік өндірісі өрге басқан, өндіргіш күштері өрлеуде болған, алғашқы мемлекеттік бірлестік құру деңгейіне дейін көтерілген тайпалар санатына жатады. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, жергілікті тайпалар Оралдың оңтүстік өңіріндегі Замарев мәдениеті және Алтай мен Енисей даласындағы Қарасауық мәдениетінде өмір сүрген туыс тайпалармен саяси және экономикалық негізде тығыз қарым-қатынас жасаған.
Археологтер қорымдардағы зәулім тастардың асқан шеберлікпен қаланғанын айтады. Олардың салмағы да жеңіл емес. Әрбірі орташа есеппен алғанда 4-5 тоннаны құрайды. Зерттеушілер оларды жергілікті тайпалар Қызыларай тауынан жеткізгенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, со маңдағы тайпалар қола дәуірінде жоғары мәдениетке қол жеткізе білген. Соның бір көрінісі – олар ауыр салмақтағы тастарды бір жерден екіншісіне тиімді жолмен жеткізе білген екен.
Қалың қазақ Сарыарқа жерін қастерлейді. Солай болуы заңды да секілді. Топырағын түрте қалсаңыз, көне заманның деректері бірден сөйлеп кетеді. Бұл бүгінгідей жеке-дара түтін түтетіп отырған Тәуелсіз еліміздің атағы мен абыройын дүйім елге таратып, қазақ халқының тамырын тереңге тарта түсері анық.
Сарыарқадағы көне мәдениет күмбірі
Последние статьи автора