Сайрамға тиесілі тас бағаналар түгенделе ме?
«Тарихы тасқа басылды» деген сөз қазақта тегін айтылмаған. Біздің ежелгі тарихымыздың «тірі» куәгерлерінің бірі тас екеніне ешкім дау туғыза алмаса керек. Белгітас, құлпытас, балбалтас, таңбалытас деген секілді тасқа қатысты сөздердің айтылуы да тегін емес. Сондай тарихи тастың бірі сансыз бабтар мекені Сайрамда сақтаулы тұр.
Ол туралы жергілікті тұрғындардың өзінің бірі білсе, бірі біле бермейді. Өйткені өткен ғасырдың 30-40 жылдарында бұл тас бағаналар ұшты-күйлі жоқ болып кетіп, тек 80-жылдары ғана жанашырлардың іздеу салуы арқасында қайта табыла бастаған.
Шамамен өткен ғасырдың 30-40 жылдары көне Сайрамның орталығында сәулетті мешіт болған екен. Оның қай уақытта салынғанын нақты ешкім білмесе де, Алла үйінің «Ыдырыс пайғамбар мешіті» деп аталғаны белгілі болған. Мешіт 1914 жылы қайта қалпына келтірілгенімен, атеистік кеңес заманында тағы да қирауға ұшыраған. Сол қирандының орнында ерекше ою-өрнектері бар тас бағаналар болған. Оның там-тұмдап бізге жеткен тарихы былайша сыр шертеді: ерте заманда Ыдырыс пайғамбар мешітінің тас бағаналары Жаратушының әмірімен көктен түскен деседі. Тағы бір аңызда оны Адамата мен Хауананың немерелері жонған дейді. Әрине, бұл екеуі де бізге аңыз болып жеткенімен, түбі бір шындықтан құралғаны даусыз. Ал ғалымдардың анықтамасына сүйенсек, бұл тас бағаналар ХІ ғасырға тиесілі жәдігерлер болып шығады. Жергілікті халық бұл тасты қасиетті санап, ежелден тәу етіп келген. Бұл бағаналар адамдарға тыныштық пен бейбітшілік алып келеді деп сенген.
Міне, кезінде көпшілік тәу еткен қасиетті тас бағаналар тек 80-жылдардың соңында ғана іздестіріле бастады. Онымен Сайрам өлкетану мұражайының қызметкері Мирахмад Мирхалдарұлы айналысыпты.
– Тас бағаналардың біреуі Түркістандағы Әзірет сұлтан тарихи мұражай кешенінің аумағынан табылып, Сайрам өлкетану мұражайына жеткізілді. Қазір бұл жәдігер мұражайдың алдына орналастырылған. Биіктігі – 2 метр, ал салмағы 3 тоннаға жуық. Бағананың сыртында таңбалар бар. Ол туралы ғалымдардың пікірі әртүрлі.
Бірі мұны исламға дейінгі дәуірге тән дүние десе, енді бірі дәл мұндай таңбалардың Каирдегі мешітте де бар екенін жазады. Таңбалардың құпиясы тоқсаныншы жылдары ғана ашылды. Қытайдан келген Қасымқожа деген профессор таңбалар араб әліпбиінің өте көне түріне жататынын анықтады. Оның қазақ тіліндегі аудармасы «Алла біреу, Мұхаммед оның елшісі» және «Бұл дүниеде жақсылық, амандық болсын» деген мағыналарды білдіреді екен. Бағаналарда әлі де оқылмаған, құпия таңбалар көп, – дейді Мирахмад Мирхалдарұлы.
Тас бағаналардың саны қанша болғанын дөп басып ешкім айта алмайды. Дегенмен төртеу болуы мүмкін деген жорамал бар. Оның екіншісі Санкт-Петербургтегі Эрмитажда тұр екен. М.Мирхалдарұлының айтуынша, тас бағаналарды іздеп, жан-жаққа хат жолданған екен. Эрмитаждың директорынан «Сіздердің жәдігерлеріңіз Эрмитажда жоқ, оны Орта Азия қалаларынан іздеңіздер» деген жауап келеді. «Алайда онда арнайы барғанымда, тастың Эрмитажда тұрғанын көріп таңғалдым» дейді ол. Бұл алғашқы табылған тастан сәл өзгешелеу екен. Астында «Колона Исфиджаба –Сайрама. ХІ век» деп, жазып қойған екен. Жалған хат жолдаған директор өзінің айыбын мойындап, кешірім сұрапты. Енді бұл баға жетпес жәдігердің тарихи отанына қайту-қайтпасы, қайтатын болса, қашан қайтарылатыны белгісіз.
Бұл тас бағаналардың бағасын білу үшін тағы да сарғайған парақтарды ақтарып көрелік. Бейімбет Майлин «Мәдениет мұралары» деп аталатын мақаласында (Б.Майлин, 1-том, Алматы «Жазушы» баспасы, 2002 жыл) бірінші кезекте мемлекет қамқорлығына алынуы тиіс жәдігерлерді атап шыққанда, Қ.А.Ясауи кесенесінен басталған тізімде бұл бағаналар үшінші болып тұр. Мұның маңыздылығын осыдан-ақ аңғаруға болатын секілді. Ендеше төл тарихымызға тиесілі жәдігердің жат жерде тұрғаны, тарихи отанына қайтарылмауы бүгінгі ұрпаққа сын болмақ. Тіпті тарихшылар тарапынан қалған тас бағаналардың да дерегін іздеуді жалғастыру керек-ақ. Бұл іске мемлекеттік деңгейде көмек, қолдау қажет секілді.