Қызыққа толы Қиын Керіш
Өзгенің таңғажайып әлеміне бекер таңғалып жүрміз. Әйтпесе біздің байтақ өлкеде не жоқ дейсің? Табиғат тамашасын ешбір қиналмай-ақ тауып алатының ақиқат. Осындай ғажайыпқа толы өңірдің қатарына еліміздің шығыс аймағы жатқызылады. Негізінен, таулы аймақ болып табылатын Шығыс Қазақстан жерінде сондай керемет жерлер баршылық. Солардың бірі – Қиын Керіш деп аталатын аумақ. Ерекше шатқал облыстың Күршім ауданының аумағында орын тепкен. Ел ерекше қарайтын шатқалдың жалпы аумағы 300 гектарды маңайлайды.
Әрине, күнде көзбен көріп жүргеннен кейін бе, жергілікті жұрт бұл араны оншалықты қызықтай бермейді. Тіпті оған қарапайым табиғат көрінісі ретінде қарайтын кісілер де кездеседі. Дегенмен аталмыш аймақтың қайталанбас көрінісі алыс-жақыннан жеткен жиһанкез жандардың таңданысын тудырады. Сондықтан осы маңға ат шалдырып кеткен ғалымдар мен натуралистер өздері көрген және зерттеген дүниелерді ара-тұра баспасөз беттерінде жариялап қояды. Қиын Керішке алып баратын Қарабүйрек шоқысы да қызыл түске боялып тұрады. Ғалымдар оның себебін былайша түсіндіріп береді: Олардың айтуынша, бұл жердің топырағының қызыл болуын балқып жатқан адырлар деп те атайды. Қарабүйрек шоқысы алыстан менмұндалаған сәттен бастап түрлі-түсті кейіпке енген сағымды аңғарасың. Оған жақындай түскен сәттен бастап адырлар көзге айқын көріне бастайды. Көз алдыңда жалт-жұлт күйге түскен ұшқындар көзіңді арбай түсетіні тағы бар. Осы сәтте көңіл күйің өзгеше сезімге бөленіп жүргендей көрінеді. Жалындап тұрған адырларға аспан әлеміндегі жұлдыздар топырлап жауып кеткендей болады. Сонда торға түскен балық секілді тыпырлап, шамалы сәттен кейін көз қарықтырар сәулесін шашып, аспанға ұшып жатқандай көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, оны тап бір жатғаламшарлық пейзаж деп санасаң да артық болмас. Осындай түрлі құбылысқа бөленіп жатқан жерді аралай түскен сәтте өзіңді бейнебір басқа әлемге кіріп кеткендей, түс көріп жатқандай немесе ертегі көргендей сезінетінің айдан анық.
Осындай сырларға қаныққысы келген қаламгер Борис Щербаков «Қиын Керішке келген сайын ондағы әрбір жота мен адырлар әр қырынан көрінеді» дейді ағынан жарылып. «Бұл керіштер қайдан пайда болды?» деген сауалға ғалымдар өз жауабын іздеді. Олардың зерттеуіне сүйенсек, Зайсан көлі маңындағы аталмыш керіштер шөгінді жыныстар нәтижесінде пайда болған. «Бұл аймақ миллиондаған жылдар бойы теңіз бен көлдің түбінде жатқан» деген де әңгімелер айтылады. Соның нәтижесінде әртүрлі химиялық құрамдағы қатпарлар шөге бергені анық. Жалпы алғанда, Қиын Керіш есте жоқ ескі кезеңдерден осы заманға дейін қаз-қалпында жеткен табиғи мұра екені даусыз. Осы жерге келген саяхатшылар, ғалымдар үшінші мыңжылдық деп атаған дәуірге еніп кеткендей күй кешетінін жасырмайды. Ол шамамен 60 млн жылдай бұрынғы уақытты қамтиды.
Мұндай қайталанбас кереметті Еуропа елдеріндегі жұртшылық өте жоғары бағалайтыны белгілі. Ол жақтарда осындай аймақтар мемлекеттің қорғауына әлдеқашан алынар еді. Сол арқылы алыс-жақындағы ағайынды қонаққа шақырып, осы арқылы келген жиһанкездерден мыс-мыс ақша тауып қалады. Өкінішке қарай, бізде ондай қамқорлық сезіле бермейді. Қиын Керіш аумағы аялы алақанды күтіп отырғанына қаншама уақыт өтті. Қайсыбір жылдары бұл жерге Голландия елінен табиғатты қорғау департаментінің натуралистері келген болатын. Олар қазақ жеріндегі осы бір сан құбылған аймақтың ғажайып көрінісіне таңдай қақты. Бұл таңданысын жасырмай, оны бас бармақпен бағалап кетті. Қияндағы голландықтар естіп, арнайы ат басын бұрған Қиын Керішті өз еліміздің өзге өңірлеріндегі бауырлар түгіл, іргеде тұрған жұрттың өзі аз білуі ғажап емес. Өйткені кейде жолаушылап барған адамға Қиын Керіштің қайда екенін анықтап айтып беретін адамдар да кездесіп қалады. Оны туған жер тарихын танып-білудегі олқы соққан тұстың бірі деп айтамыз.
Ғалымдар Қарабүйрек шоқысының жанартаудың атқылауы салдарынан тасы мен топырағымен қоса отқа оранып кеткенін айтады. Сондықтан бұл ара қып-қызыл күйге бөленіп жатады. Сол жанартау базбір кезеңде Қиын Керіштің қазіргі бет-бейнесін жасап кеткен де болуы әбден мүмкін.
Соңғы жылдарда оған келушілер қатары көбейе бастаған. Дегенмен жергілікті жұрт оған әбден үйреніп кеткен секілді. Болмаса ғалымдар мен қаламгерлер ол жайында көбірек қалам тербер еді ғой. Біз әлі ертең жазармыз деп жүргенде сырттың кейбір қаламгерлері бұл жөнінде шығарма жазуға ниеттеніп жүрген көрінеді. Мәселен, палентолог-жазушы И.А.Ефремов осы тақырып негізінде қалам тербеу мақсатында Қиын Керішке арнайы келіп те кетіпті.
Ақиқатын айтқанда, Қиын Керіштің жұмбағы әлі шешіліп біткен жоқ. Оған қаншалықты маңыз беріп келеміз? Қаламгерлер бұл жерді көргенде талай фантастикалық шығарманы өмірге алып келер еді-ау.