Қытай жазбаларында кездесетін Жетіасар қаласының қадіріне жете алдық па?
Сыр өңірі ежелгі заманнан өркениет ордасы болып келді. Оған дәлел боларлық деректер аз емес. Сан алуан тарихи құжаттар солай деп сөйлейді. Дария бойында көптеген көне қалалар болған. Онда өмір сүрген адамдар тіршілігі де өткенге тағы бір мәрте көз салуға жетелейді. Кейбір тарихшы қауым қазақтың түп-төркінін беріден тарқатқысы келді. Алайда біздің тарихымыздың тым тереңде жатқандығын дәлелдейтін жайлар да жетерлік. Облыстың Қармақшы ауданында Жетіасар деген ескі қаланың орны бар. Аудан орталығы Жосалы кентінен 60-70 шақырымдай қашықтықта жатыр. Бұл маңда бірнеше ескі қала қоныс тепкен.
Аталмыш қоныстар бір-біріне өте жақын. Олардың орта бөлігінде көлемі ауқымды бір қоныс бар. Бұл мекен сол ескі шаһарлардың орталығы болған секілді. Өйткені орналасуы соған ұқсайды. Онда тайпаның беткеұстар адамдары өмір сүруі әбден мүмкін. Ақсүйектер өзге жұрттан оқшау тұрғаны аңғарылады.
Біз өткеннің тіршілік ауанын қазба жұмыстары арқылы бағамдай аламыз. Зерттеушілер көне шаһарға бірнеше мәрте атбасын тіреді. Олар әрбір сапарында тың деректерге қол жеткізіп қайтады. Мәселен, Жетіасардағы үйлердің қабырғасын аршып көргенде, біршама дүниелер қолға ілікті. Олардың арасында көрген адам көз тоқтатып қарайтын әсем әшекейлер де бар. Аталмыш заттар өзіндік ерекшелігі мол өрнекпен айшықталған. Жетіасар жайында Қытай жазбаларында кездеседі. Сол елдің жер тануға шыққан жиһанкездері көрген-білген дүниесін қағаз бетіне жазып кеткенді жөн санаған екен. Сол жазбаларға көз жүгіртсек, Жетіасардағы тайпалық бірлестіктер бес «кіші иеліктен» тұрған. Тіпті көне шаһарда 120 мыңға тарта шаңырақ түтін түтеткен көрінеді. Бұл дегеніңіз – орташа есеппен 600 мыңдай адам деген сөз. Қазіргі күнгі еліміздегі орташа деңгейдегі қала халқының санымен шамалас.
Жетіасардың өмір сүру кезеңі екі мыңжылдықтан астам уақытты қамтиды. Нақтырақ айтқанда, біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ-І ғасырлармен тұспа-тұс келеді. Сол кезеңдегі қаңлы тайпаларының қонысы болған. Сол кезеңде Жетіасар мәдениеті өркендеген. Көне Сырдың төменгі ағысында өркениетті өмір кешкен. Деректерге сүйенсек, Жетіасар тоғыз ғасырға жуық тіршілік жасаған. Жетіасар мәдениеті Жетіасар-1, Жетіасар-2, Жетіасар-3 сынды қалалар арқылы белгіленеді. Сондай-ақ осы маңда Бидайықасар, Сырлыасар, Үңгірліасар, Томпақасар, Қарасар, Жалпақасар, Ағашасар секілді көне қоныстар болған. Олардың жалпы саны 50-ге жуықтайды. Зерттеушілер осы аумақтан жүздеген обаларды тапқан. Сол кезеңдегі елге сыйлы азаматтар суландыру мәселесіне де ерекше мән бергені байқалады.
Ежелгі заманда тіршілік еткен ескі қаладан көп жәдігерлер табылған. Аталмыш заттар түрлі заттардан жасалған. Жетіасар жұртшылығы тастан, сүйектен қажетті бұйымдар жасапты. Тіпті металды пайдалана білген. Осыған қарай отырып, көкейге түйетін жайлар жеткілікті. Жетіасар мәдениеті өзгеден ешбір кем бола қоймаған. Біздің замандағы ІV-VІ ғасырлардың аралығын қамтитын Жетіасар-2 өркениетіне де зер салуға болады. Бұл кезеңде жергілікті халықтарға ғұн мәдениеті әсер еткен сыңайлы. Өйткені ғасырлар он қолынан өнер тамған ұсталар түрлі бұйымдар жасауға назар аударған. Олар қыш ыдыстарды да жасай білген. Одан кейінгі кезең VІ-ІХ ғасырлар аралығын қамтиды. Оны Жетіасар-3 кезеңі деп те атайды. Бұл кезең тайпалардың қоныс аудару кезеңі болған. Белгісіз себептермен олардың үдере көшу жағдайы орын алған.
Жетіасар мәдениетінің ықпалы Сырдария бойында, одан әрісі Ташкент маңайына дейін жеткен. Аралдың маңайында да осындай жағдай байқалған. Тарихшылар Әмудария жағасына дейін жетіасарлық мәдениеттің ықпалы болғанын жасырмайды.
Көне қалада тұрған адамдар тіршіліктің сан алуан түрлерін кәсіп еткен. Жерден несібе терген егіншілікке де назар аударған. Одан қалды, төрт түліктің де бабын жасай білген. Балық аулауға да бейжай қарамаған көрінеді. Зерттеушілер қаладан дән үгіткіш, қыш ыдыстарда қалған бидай дәндерін байқаған.
Осындай көне замандағы мәдениетіміз біздің ұлттың тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Алайда кезінде басқа саясаттың сойылын соғуға мәжбүр болғанымыз жасырын емес. Осының салдарынан біздің халықтың түп тарихын тек бетінен қалқып айтуға ғана жарадық. Бүгінгі кезеңде біз үшін өткенге байыпты барлау жасап, сүбелі зерттеу жүргізудің қажеттігі көрініп тұр. Біз Жетіасардың қадіріне қаншалықты жете алдық? Мұндай тарихи қазынамыз қазақтың байтақ даласында өте көп кездеседі.