Иә, қырық қыз туралы аңыз көп. Әрқайсысы әртүрлі айтылады. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысы Төлеби ауданы Өгем өзенінің жағалауындағы ғажайып тас мүсіндерге қатысты айтылады.
Ауданның ардақты азаматтарының бірі Әбдіхалық Байдәулетов өз кітабында былай деп баяндайды: аңыз бойынша ханның қыз ұзату тойының салтанаты өтіп жатқанда тосыннан жау әскері шабуыл жасап, ер- азаматтардың барлығын жайратады. Мал-мүліктерді талап, таңдаулы деген қырық қызды ұстап, елдеріне әкеткелі жатқанда қыздар қолдарын көкке жайып, Құдіретке «жатқа қор қылғанша сүйегіміз өз елімізде, жерімізде қалсын, бізді тас қыл» деп жалбарынған екен. Ақыры қыздардың ниеттері қабыл болып, бәрі бірге тасқа айналған деседі.
Көнеден келе жатқан тағы бір аңызға сүйенсек, жаугершілік заманда жау шапқыншылары елден тысқары Қарабау суына шомылып, алаңсыз серуендеп келе жатқан қырық қызды көріп, соңдарынан қуса керек. Сонда қыздар Жаратқанға «елімізді, жерімізді, арымызды жауға таптатқанша мына жауды да, бізді де тасқа айналдыр» деп жалбарынған екен дейді. Қыздардың тілегі қабыл болып, жау қара тасқа айналады. Ол жер қазір Қаратас деп аталады. Ал қыздар әсемдене тізілген қайталанбас ғажайып ескерткішке айналған деседі.
Қырық қыз деп аталатын тағы бір тас мүсіндер Өгем қойнауына түсе берісінде, Қазығұрт тауының шығыс мүйістерінің бірінде бар. Мұнда да жаугершілік заманы тілге тиек етіледі. Бір ерекшелігі, осы мүсіндер маңында алшақтау тұрған жеке тас мүсін бар. Бұл жөнінде ел арасында екі түрлі болжам бар. Бірінде оны күйеу тас десе, екіншісінде қыздарды іздеп шыққан ақ кимешекті ана деседі. Ел осы араны қасиетті орынға санап, қастерлеп жүреді.
Қырық қыз туралы аңыз көрші қырғыз фольклорында да көптеп кездеседі. Профессор Сұлтанғали Садырбайұлы өзінің еңбегінде мынадай деректерді алға тартады: «Қырық қыз» туралы аңыздың бірі «Мұзарт тауы» деп аталады. Мұзарт Қырғыз еліндегі тау аты, мұзды тау дегенді білдіреді. Ол Нарын облысының Жұмғал ауданы мен Қошқарата тауының ортасында тұр. Өткен заманда қырық қыз Қошқарата жаққа тойға бармақшы болып, Жұмғал жақтан шығады. Олар ауылдан шыққанда аспан ашық, тауда шөкімдей де бұлт болмайды. Қыздар тойға барамыз деп, сәнденіп, жеңіл-желпі киініп шығады. Бұлар ауылдан қозыкөш ұзап шыққан соң биік таулардың басына көтеріледі. Сол кезде қарсы беттен ақтүтек боран соғады. Айнала сұрғылт тұман басады. Ілгері жүрейін десе сасқалақтай бастайды. Кері қарай жүруге болмайды. Енді не істеу керек? Қырық қыз аттарының басын түйістіріп, біріне бірі ықтап, қорғана бастайды. Бірақ ессіз тауда оларды кім аясын, таудың іші ұлыған үрейлі үнге толып кетеді. Сол жерде Мұзарт тауының басында қырық қыздың 39-ы мұзға айналып, тек түйе жүн, жыртық шапан киген кедейдің қызы ғана аман қалыпты.
Екі туысқан елдің аңыз-әфсаналарында осындай ұқсастықтар кездеседі. Барлық жерде қырық қыздың аянышты тағдыры айтылады. Бұл көрші жатқан туысқан елдердің салт-дәстүріндегі ұқсастықтардың көптігінен болса керек-ті. Бәлкім, бұл қазақ пен қырғыз халықтарының 40 санын киелі санайтындықтарынан да болар. Қырық санына қатысты ырым-тыйымдардың да, мақал-мәтелдердің де жиі кездесетіні бекер емес. Әйтеуір, әр аңыздың түбінде бір шындықтың бары ақиқат.
Қазақ пен қырғыздағы қырық қыз туралы аңыз
Последние статьи автора