Қарқаралы байлары жасырған алтынды кім табар екен?
Арқаның шұрайлы, шырайлы өңірлерінің бірі, бірегейі – Қарқаралы өңірінің табиғаты мен тарихи өткенінің тылсымға толы беттері жетерлік. Қарқаралылық белгілі өлкетанушы, ел мен жер шежіресі хақында бірқатар кітаптың авторы Ерлан Мұстафин ақ патша өкіметі қазақ даласына бекініс ретінде іргесін қалаған Қарқаралы қаласының әр ғимаратының, әр үйінің өзіндік шағын тарихы бар дейді. Әлбетте, Ресей отаршылары келгеннен едәуір бұрын көшпелі ел жайлап, қазақ қадасын қаққан өңірдің сырға толы жұмбағы жетерлік. Ал Біржан сал, Мәди жырға қосқан өлкенің ортақ атауын еншілеген шағын қаладағы тарихи-мәдени ғимараттардың іші де, сырты да құпия бүгіп тұрған сыңайлы. Қазір жұртшылықтың көз қуанышына, ізгі ниетпен бас сұғар қастерлі орнына айналған Құнанбай қажы мешіті, Абай тоқтаған үй, Пришвин үйі, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан бас сұққан ғимараттар, Мәди жатқан Мәліксай туралы әңгіме бір бөлек...
Қарқаралы қаласындағы қазір бірқатар отбасылар тұрып келе жатқан жекеменшік үйлер мен бірқатар ғимараттардың қабырғаларына қап-қап алтын тығулы жатқанын екінің бірі біле бермейді. Әрине, жылдар бойы әулетіне пана болған үйінің ұстынында ақ қашып, қызыл қуған заманда теріскей жаққа ауған көпестер мен байлар тыққан алтын барын білген адам от жаққан орнының қабырғасын қиратып, шатырын ортасына түсірмесіне кім кепіл?!
Өткен ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ақсөңке аштық пен қызыл қырғын қарсаңында Қарқаралы шаһары осы аймақтағы гүлденген сауда-экономика орталығы болғаны анық. Іргедегі Қояндының жәрмеңкесі мен патшалық биліктің уездік басқару орталығы саналған қалада көптеген ұлттың бай-көпестері ірі сауда нүктелерін ашқан. Кеңестік үкімет тәркілеу саясатын жүргізерден бұрын едәуір материалдық игілікке иелік еткен бұл бай-бағланның біразы жиған-тергенін алтын-күміс сынды қай дәуірде де құнын жоғалтпайтын асыл бұйымдарға айырбастап алғанын, күні ертең үкімет ауысса, айналымдағы ақша да, құнды қағаздары да желге ұшарын білген соң, қазына-байлығын жерге тығып, көмбеге жасырғанын жазған тарихи еңбектер де жетерлік. 1900 жылдары Қарқаралыда Бахрам Нарбаев атты өзбек көпесі ғұмыр кешіпті. Бахрам байдың жұбайының есімі Мухмина болған екен. Қуғын-сүргін жылдары Бахрам бай әулетімен бірге Қытай асқан. Оған дейін қазақ арасында мал-мүлікке ұсақ-түйек керегі мен азық-түлік әкеліп, айырбастап отырған Бахрам бай жайында зерттеушілердің Петербург мұрағаттарынан алдырған деректерінде бұл көпестің әкесі туралы «Норбаев Смет, купец, сарт, из Ташкента (кожевенные товары)» деп нақты жазылыпты. Ал Бахрам Сметұлының айналысқан кәсібі «скотопромышленник» деп жазылған.
Сонымен, байғұс Бахрам қазыналы Қарқаралысын тастап, Қытай асқанда Қарқаралыдағы көп үйінің бірінің қабырғасына ғұмыр бойы жиған алтындарын тығып кетіпті. Әрине, астары аңызбен астасатын әңгімені біз ауадан алып отырған жоқпыз. Жоғарыда есімін атаған танымал өлкетанушы, зерделі шежіреші Ерлан Мұстафиннің қолындағы деректерге сүйене отырып, айтып отырған жайымыз бар. «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қарқаралының саудагерлерін көлігімен Қытайға апарып-әкелетін бір жігіт жолығып (Қытайдан келген қазақ), Бахрамның ұрпақтарын кездестіргенін айтты. Олар: «Біздің үйді білетіндер бар ма? Аталарымыз алтын тығып кеткен, тығылған жердің картасы бар», – депті. Мен жолыққан жігітке ол үйді білетінімді айттым, ұрпақтарына айт дедім. Айтқанын, айтпағанын білмеймін, ешкім келген жоқ. Естуімше, әлгі үйдің қабырғасына өте көп мөлшерде алтын тығылған. Үйдің алдында үлкен тас қоралар бар. Қора қаланған тастардың арасына тыққан болуы керек...» – дейді өлкетанушы.
Ал біраз уақыт бұрын аталмыш үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілгенде үй қабырғасынан көптеген ескі қағаздар шығыпты. Сарғайған қағаздарда араб қаріптерімен жазылған жазбалар да бар болып шықты. Ол қағаздардағы жазбаларды оқи алар көзіқарақты азамат іздеп, оған қоса Қытай жағынан әлгі өзбек көпесінің ұрпағы табылып қала ма деп, біз де өз кезегімізде шекараның арғы жағындағы ағайын-танысқа хат жолдаған болатынбыз. Әзірше жауап жоқ. Ескерте кетуіміз керек, мақсатымыз – қазақ даласына қазына іздеп келіп, иен байлыққа арзан жолмен қол жеткізуді арман еткен жандарша, біреудің бабасынан қалған дүниеге көз аларту емес, тек қызықты тарихи жайттардың жұмбақты түйткілдеріне көз жүгірту, ел мен жердің қасиет-қастерін замандас қауымға арттыра түсу ғана.
Ал Қарқаралы қаласында ғұмыр кешкен көпес-байлар тығып кеткен алтын тек бұл ғана емес. Бірқатар әлеуметтік мекемелер орналасқан ғимараттардың да қабырғаларында, қаланы қолтығына қысқан қарт таулардың шатқалдарында да сом-сом алтын-күміс, құнды әшекей, сән дүниеліктері жасырынған-мыс. Бұл туралы деректер де баршылық. Тек өлкетанушы Ерлан Мұстафиннің айтуынша, бірер жыл бұрын тығылған қазынаның дерегін естіген әлдебір харам ойлы пенделер қазба жұмыстарын жүргізбек болған-мыс. Ал тығылған алтынды табуға жақын қалғанда белгісіз себептермен денсаулықтарына түрлі зақым келген, түн баласы ұйқыларынан шошып, елестер маза бермеген деседі.
Сонымен, Қарқаралы байларының ертеде тығып кеткен қазыналары ашылар күн қашан туар екен? Ол қандай күн болса да, тарихтан қалған тәбәрік ел мен жер иесі – халықтың кәдесіне жараса болғаны!