Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласының маңында Екідің ауылы бар. Бұл мекен небір сырға толы. Кең даланың төсінде ертеден келе жатқан мазарлар жетерлік. Ауыл ақсақалдары олар жайында майын тамызып, қызықты етіп әңгімелеп береді. Тек тыңдайтын құлақ болсын деңіз. Бұл мекенде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде салынған тарихи ескерткіштер, мазарлар әлі күнге дейін бір кірпіші бұзылмай сақталған. Тіптен олардың салыну пішініне де қарап, қайран қаласың. Солардың бірі – Мақат сағанасы.
Мақат сағанасы жайында көпшілік біле бермейді. Оны арнайы барып, көзбен көрмесең, айтқанға көпшіліктің де сене бермейтіні бар. Киелі өңірдің көне кесенесі көпті таңғалдырып келеді. Жұмбағын ішіне бүккен бұл кесененің салынуының өзі қызық. Бұл жердің табиғаты да ерекше жаралғандай. Тауды-тастақты. Сыңғырлай аққан су да бар. Жерден шыққан тастақ жылдан-жылға өсе түсетіндей. Аруақты жерге алғаш аяқ басқандар үшін бұл жердің қызығы көп.
Бұл жерде бірден көзге түсетіні – еңселі кесене. Тарихи деректерге, ақсақалдардың әңгімесіне құлақ түрер болсақ, кесене шамамен 1873 жылдары салынған деседі. Өйткені кесенеден әрі 200-300 метр жерде ескі жұрттың орны бар. Соған қарап, бұл жерде кезінде үлкен ауыл қоныс тепкен бе деп қаласың. Бұл Мақат бабаның жайлауы да болуы кәдік деген ойлар бар. Ауылдың көнекөздері осылай деседі. Не десек те, тау жықпылы арасындағы құпиялы қоныс бар сырын ішіне бүгіп тұр. Бұл сағана арнайы мемлекеттің қамқорлығына да алынған екен.
Енді бұл сағананың қалай пайда болғанына тоқтала кетер болсақ, ол жайында да әңгіме көп. Ауыл айтқыштарының сөзіне қарасақ, бұл өңірде ХІХ ғасырдың аяғына таман Мақат деген әулие кісі болыпты. Сол әулие атамыз балаларының көмегімен осы сағананы тұрғызған екен. Осылай тұрғызылған сағана алыстан көз тартады. Оның беріктігіне таңғалмасқа лажың жоқ. Әлі күнге бір тасы мұқалмаған.
Мақат бабамыз Торғай өңірінің Ұлытаумен шектескен шұрайлы бір өңірін мекендеген, бақуатты кісі болған деседі. Ол кісі нысапсыз мал жиюдан гөрі, ғылым-білімді меңгеруді өнер тұтса керек. Сөйтіп, артына өшпес із қалдыруды ойлаған Мақат баба бұрынғы ата-бабалар жолымен кейінгі ұрпақ айта жүрер тарихи ескерткішті салып кетіпті.
Бір қызығы, сағана – іші ашық мола. Ішінде Мақат бабаның ұрпақтары жатыр. Жергілікті тұрғындардың пікірінше, бұл сағанада 20 шақты адам мәңгілік тыныстауда. Олардың жерлену дәстүрі де өзгеше. Адам қайтыс болған соң, ақ кебінге орап, марқұмды сағананың жертөлесінде қазылған арнайы орынға әкеліп қояды. Ерлер мен әйелдердің жеке бөлмелері бар. Ортасында шымылдық тұтылған. Кейін марқұм болған жан өз өсиеті бойынша осында әкелінсе, онда бұрынғы жатқан кісінің мүрдесі арнайы қазылған шұңқырға түсіріледі. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасып келеді. Олай дейтініміз, мұнда соңғы жерленген адам 1994 жылы болыпты. Мақат бабаның 1925 жылы туған баласы Шақарат жатыр.
Сағананың кісі таңғаларлық бір ерекшелігі, мұнда жатқан мәйіт қырық күн шілде болса да, иістеніп кетпейді. Кесененің есігі киізбен қапталған. Яғни жаздың аптабында ыстық кірмейді. Сондықтан ішкі жағы да қоңыр салқын. Ішкі қабырғасы кірпіштен өрілген. Үнемі бір салқындықты сақтап тұрады. Дене ағып біткен соң ғана келесі адамды қоярда оны ысырып, жанындағы құдықтың ішіне түсіреді. Оның ішінде адам сүйектері көрініп жатыр. Өзіңді бұл жерде жер астындағы қабірде жүргендей сезінесің. Мұндай жерлеу дәстүрі өзге елде бар ма, жоқ па, кім білсін! Оған әркім де әртүрлі қарап, қабылдап жатады.
Мақат сағанасы – Қостанай облысы өңіріндегі ерекше тарихы бар бірегей жәдігер. Сол себептен де сырттан келушілерді қызықтырары сөзсіз. Жергілікті билік басындағылар да сағананы арнайы келіп көретін кісілер үшін тарихи орын ретінде жарияласақ та, артық болмас еді дегенді алға тартады. Өйткені бұл жерде Мақат сағанасынан да өзге XVIIІ-ХІХ ғасырларда тұрғызылған көне мәдени мұралар аз емес.
Сәндібек Оспанов, Екідің ауылының әкімі:
– Бұл ескерткіштің бір ғажабы, арада қанша уақыт өтсе де, бір кірпіші мүжілмеген. Сондай ыждағаттылықпен салынған. Қанша жауын-шашын көрсе де, сол бастапқы күйін жоғалтпаған. Әр кірпішін қиюластырып қалаудың да өзіндік сыры жоқ емес. Саз балшықты жылқының қылын қосып, сүтке илеген. Бұл – мазардың ұзақ сақталуына үлкен сеп. Сосын мына өзеннің жарқабағы кесенені салуға бекер таңдалмаса керек. Яғни қабірстандағы мәйіт бұзылмас үшін жер астын үңгіп, жарқабаққа жөңгелек түтікше тәрізді құбыр да тартып қойған.