Табиғат әлемінің құдіретіне шек жоқ. Кейбір дүниелерге еріксіз таңғалуға тура келеді. Сондай-ақ тарихи мұралар да әрбір елдің баға жетпес байлығы саналады. Жаратушы Иеміз біздің даламызға оң көзбен қараған секілді. Ұлан-ғайыр өлкеміздің қай бүйіріне барсаңыз да, жүрегіңе жылы сезім ұялататын сан алуан құнды дүниелерді көруге әбден болады. Шындығында, біз оларды әлі күнге дейін өзге жұртқа насихаттай алмай келеміз. Әйтпесе шекара асып келген меймандар біздің даламыздың тамашасына бас шайқап қайтар еді-ау. Біз әзірге осындай оймен ғана жүрміз. Болмаса туризм саласын дамыта алсақ, күні ертең бұл орындар адам аяғы үзілмейтін, қаншама қаржыны қазына қазанына құятын аймақтарға айналары сөзсіз. Осындай орындардың бірі – Бесшатыр сағанасы.
Арғы-бергі тарихта өзіндік орны бар сақ тайпалары уақытында айбынды мемлекет құрғаны белгілі. Олардың қолынан шыққан көптеген құндылықтар бүгінгі күнге дейін жетті. Атадан аманатқа айналған дүниелерді қарай отырып, сол бір кезеңдерде біздің бабалардың талайды ықпалында ұстай білгенін аңғару қиынға соға қоймас. Өйткені көненің көзіндей болған дүниелер ескі кезеңде сәулеттік өнердің шырқау шыңға шыққанын айғақтай түседі. Бесшатыр сағанасы сондай игіліктің бірі болып отыр.
Әсем Алатаудың баурайында Алтын емел қорығы бар. Сол аумақта орын тепкен Бесшатыр қорғандары көрген адамды еріксіз өзіне баурай түседі. Біздің жыл санауымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта өмір сүрген байырғы сақтар Бесшатыр қорғандарын бүгінгі ұрпаққа қалдырып кетті. Сол кездің өзінде аталмыш жер қасиетті мекеннің бірі болған деседі. Мұнда барлығы 18 патшалық қорған бар. Олар көлемі 2 шаршы шақырымға созылатын алаңда орналасқан. Қорғандардың диаметрі 8-70 метрді шамалайды. Биіктігі 2-20 метрді маңайлайды. Бұл жерден батысқа қарай бет бұрып, солтүстіктен оңтүстікке қараған бағытынан 45 темір қоршау тізбегі көзге түседі. Бұл қоршауларда жан-жануарлардың суреттері қашалып салынған. Бұл дүниелерді егжей-тегжейлі зерттеп жүрген ғалымдар ол жөнінде аталмыш дүниелер сағананың жол-жоралғы алаңы болуы мүмкін екенін болжамдайды. Үйінділер астында Тянь-Шань шыршасынан дайындалған жасалуы күрделі сағаналар орнатылған.
Мұндай қасиетті орынға дәл осы аумақ неліктен таңдалған? Келген адам мына бір көріністі байқайды. Шығыстан сылдырап аққан өзен ыстық далада сағымға айналып кеткендей болады. Батыс бетке барғанда мүлдем көзге ұшыраса қоймайды. Жалпы, көптеген наным-сенімдерде бақилық дүниеге өту өзенмен байланыстырылған. Мәселен, көне грек мифологиясындағы Стикс өзені мен тасымалдаушы Харонды бір сәт еске түсіріп көріңіз. Бұл маңда көшпенділердің демалуына қолайлы барлық жағдай бар. Тұп-тұнық өзен сулары, көк майсалы жайылымы секілді барлық әдемі көріністі осы жерден табуға әбден болады. Оған қоса, көрсең көзің тоймайтын берекелі тау алқаптарын қайда қояр едіңіз?
Бабалардың негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы болғандықтан, мұндай жерлердің олар үшін өте қолайлы аймаққа айналғанын аңғару қиынға соға қоймас.
«Алтын Емел» аймағы қызылды-жасылды өсімдіктерге толы. Оның ішінде жайлау төсін көркем күйге бөлейтін қызғалдақ пен сарғалдақ гүлдерін айтуға болады. Көне заманғы грек мифологиясында өлілер патшалығының Аида даласы асфодела гүлдеріне толы болатынын ескерсек, оған осындай ұқсастықтар бар бұл аймақта.
Бесшатырдың қатарында сақ тайпаларының Қызылауыз, Алтын Емел, Қарашоқы қорғандары орналасқан. Оңтүстік-шығысқа бет түзеп, сол бағытта үш шақырымдай жол жүргеннен кейін алдыңнан кейінгі мазарлар шығады. Олар 40 қорғаннан тұрады. Мәселен, осындай орындар қатарында Бесшатыр ІІ, Үсеней мазарлары, одан әрі қарай 120-ға жуық жерлеу құрылыстары бар Қалқан І мазары орын тепкен. Ал Алтын Емел асуында 36 қорғаннан тұратын аталуы бірдей мазарлар жатыр.
Алып тастармен қоршалған қорғандар бейнебір шағын тау ма дерсің. Жазық дала төріндегі жәдігерлер әудем жерден қара дақ секілді көрініп жатады. Алайда сол жерге жақындай түскен сәттен төбешіктердің қаз-қатар қойылғанын аңғарады. Олардың арасында 21-і – таспен жабылған. Ендігі бір 10-ы – тас және қиыршық тастармен көмкерілген. Ғалымдар тайпа мен одақ көсемдеріне, билеушілер мен хандарға 50-100 метр диаметр шамасында қорғандар тұрғызылған деп болжам жасайды. Ал батыр, ру басы, байлар үшін олардың көлемі 30-40 метрге жуықтаған. Қарапайым жауынгерлерге 15-25 метр шамасында қорғандар соғылған.
Таңғалатын нәрсе, кішігірім тау сияқты тастарды сақтар қалай осылайша үйіп шыққан? Қазіргідей тау қопаратын техникалар ол кезде мүлдем жоқ. Тіпті жылтырақ тастардың өзіне қарапайым адамның шамасы келе бермейді. Екі қолыңызбен кішігірім тасты көтеріп көрсеңіз, оның салмақты екенін аңғарасыз.
Алатау бауырын бойлай жатқан бұл жерлер әлі де талайлы сырды ішіне бүккен болуы мүмкін. Әрине, бұл бағытта ғалымдар жүйелі жұмыс жүргізе жатар. Бұл алдағы уақыттың еншісіндегі шаруаға айналып отыр. Дегенмен бүгінгі күнге дейін мұнда келіп жатқан жиһанкездер қатары санаулы. Себебі біз осындай жерлерді бүгінгі күндері де өз деңгейінде насихаттай алмай отырған жайымыз бар. Бүгінгі таңда Бесшатыр аймағында тарихи-этнографиялық ашық орталық құру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әрине, сол жұмыс бұл жерлерге келушілер санын арттыра түседі деген сенімдеміз.
Бізге беймәлім Бесшатыр
Последние статьи автора