Тарбағатай тау сілемдерінің күнгей атырабын жергілікті жұрт Барқытбел деп атайды. Десе дегендей. Қойнауы құтты – суы бал, топырағы нәр. Уыстасаң алақаныңда май ұстағандай әсер қалдыратын қара топырақты, құйқалы өңір. Шығыс Қазақстанның өзге аудандарына қарағанда, бұл аймаққа көктем ерте келеді. Күз кеш түседі. Қысы жайлы, қоңыржай климатты, шаруаға қолайлы. Шүйгініне жайылған мал бойламайтын, тарам-тарам мол сулы алап. Облыстағы ірі аудан болғандықтан ба, табиғат әлемі де әр алуан – кіші Қазақстан дерсің... Айдынды көл, асқаралы тау, қарсақ жортпас дала, аюдан басқа аң баспайтын қалың жыныс та бар.
Мәселен, осы аймақта алманың жабайы түрі көп өседі. Демек, Барқытбелдің баурайы – осы жемістің байырғы отаны.
Жасыл желекке малынған облыс түстігінде қолдан егілген қалың алма ағашынан бұрын, бүкіл таулы өңірді алып жатқан табиғаттың өзі өсірген жабайы алма ағашынан тұратын тоғайлар көп. Жабайы алма Сиверс алмасы деп аталады. Барқытбел баурайында қоңыр аюлар мекен етеді. Жабайы алма – солардың негізгі қорегі.
Барқытбелдің күнгейі көкөніс пен жеміс-жидекке аса бай. Соңғы жылдары шаруалар азықтық және техникалық пайдасы зор соя дақылын өсіруге ден қоюда. Мықтап қолға алса, бұл аймақта құрылған көкөніс белдеуі бүкіл облысты қамтамасыз етуге жетеді.
«Қодар қазғанда» не құпия бар?
Ауданның батысы Аягөз өңірімен шектеседі. Көделі дала көне дүниенің небір құпияларын ішіне бүгіп жатыр. Саз кірпіштен қаланған шошақ бейіттерден басқа құрылыс жоқ.
Бұл атыраптың жері сортаң, шөлейтті болғандықтан елсіз. Ай өзенінен өткен соң, тобылғы тұнған қырқалы жоталар басталады. Cоқпақсыз сайын дала төсінде кеміргіштерден басқа қыбыр еткен тіршілік иелері жоқ. Жаз соңында құрғап қалатын тұзды көлшіктер ғана айнадай жарқырап жатқаны.
Осынау кең атыраптың әр тұсында қолмен қазғандай әсер қалдыратын алып орлар кезігеді. Жергілікті жұрт бұл шыңырауларды Қарабайдың малын суару үшін Қодар құлдың қазған құдықтары деп түсіндіреді. Құламалы, кей жерлері тік жарқабақты, үй орнындай тобылғылы терең шұңқырларды табиғаттың өз туындысы деуден гөрі, аңызда айтылатын Қодардай қара күш иесінің азапты жұмысының бүгінге жеткен айғағы деу ақылға сыяды. Ел аузында сақталған ежелгі дерек бойынша эпоста айтылатын Қарабай мыңғырған малын осы өлкелерде жайса керек. Тіпті Қозы-Көрпеш мазары орын тепкен Таңсық өңірі бұл аймақтан аса қашық емес.
Елсізде ескі жұрттың орны көп. Тастан қаланған, бүгінде қирап, қияқ шөп басқан көне тамның шөгінділері жиі кездеседі.
Ай, Шолпан, Таңсық атты үш елді мекеннің ортасындағы ұлы дала өз бойына осындай сыр бүгіп жатыр. Қазақтың барлық жері хикметке толы емес пе!? Көненің сүрлеуімен, кешегі Қарабай көшінің ізімен жүрсек, Үржар өңірінде де зерттеу нысанасына алуға лайық жерлер жетерлік. «Қодар қазған» соның бір мысалы ғана. Ұшар басына шығып, көшкен бұлтты көсіп-көсіп жіберуге болатын Ақшоқы биігінің өзі неге тұрады? Жергілікті жұрт арасындағы аңызға сүйенсек, Қарабай мыңғырған жылқыларын бақылау үшін осы таудың шыңына шығып, күн астындағы кең далаға көз жібереді екен. Айтарлығы сол, көкке ұмсынған осы шыңның өн бойы қыста да пана болуға жарайтын терең үңгір, етегі ескі қорым мен балбал тасқа толы.
Барқытбелдің баурайында – ұжмақтың бар пұшпағы
Последние статьи автора