Бармысың, кісікиік бауырым?
Қар адамын біреулер «бар» десе, енді біреулер «бос сандырақ» дейді. Кейбір шетелдік білгірлер ол туралы фильмдер де түсірген. Қазақ оны кісікиік деп атайды. Сонда оның бар болғаны ғой...
Кісікиік туралы кезекті ақпарат таяуда ғана тарады. Ресейлік ақпарат көздерінің мәліметінше, кісікиікті іздеу мақсатындағы экспедиция тобы Ресейдің Кузбасс ауданынан күрке тапқан. Олардың айтуынша, тек ағаштан жасалған күркенің үсті бұтақтармен жабылған. Экспедиция мүшелері бұл күрке кісікиікке лайықталып жасалған, мұнда қарапайым адам өмір сүре алмайды деген қорытындыға келді.
Кісікиік іздеген кісі төсек тартып жатыр
«Қар адамымен қайтсем де кездесемін» деген Валентин Болмочных туралы Өскеменде гу-гу әңгіме көп. «Қайтсем де қар адамын көремін» деген ол кейбір көлік жүргізушілер «кісікиікті көрдім» деген Таулы Үлбі аймағын аралауды әдетіне айналдырыпты. Тіпті жүрген жерлеріне қар адамына ұнайды-ау деген ниетпен халуа, арпа немесе ірімшік қойып кетеді екен. Тек соңғы жылдары Валентин Болмочныхтың өзі қар адамы сияқты ізім-ғайым жоқ болды. Жоқ болуының себебі де бар. Жасы елуді алқымдағанда жоқ іздеген Валентин төсек тартып қалыпты.
Ол кісіні іздеп жүріп тапқанда, жағдайына қарай қысқа ғана тілдесуге мүмкіндік таптық. «Кісікиікті көре алдыңыз ба?» – деген сауалыма Валентин: «Жоқ, көруге денсаулық мұрша бермеді. Қар адамы шындық болса, мен онымен кездессем деп едім. Оларды қаңғып, жабайыланып кеткен адамға да жатқызады. Кім біледі, мүмкін солай шығар. Бәрібір көруге тұрарлық қой», –деп жауап берді. Ал «Халуа мен ірімшікті кісікиіктің жақсы көретінін қайдан білесіз?» – дегенде: «Кезінде көп ел араладым, қар адамы туралы небір әңгімелер естідім.
Сондағы байқағаным, қар адамын іздеушілердің сөмкелерінен көбінесе ірімшік сияқты тәттілер жоғалып кетеді екен. Сондықтан осы тағамдарды жақсы көреді деп топшыладым», – дейді Валентин.
Ол қатты сырқаттанып жатса да, кісікиікпен кездесуді әлі де армандайтынын аңдатты...
Үлбіде тұратын кісікиік
Кісікиік туралы небір әңгімелер таулы-қыратты аймақ Шығыс Қазақстанда да кең тараған. Жасы елуге жақындаған өскемендік таксист Антон өзі куә болған оқиғаны баршаға жар салып айтудан ыңғайсызданады. Достары мазаққа айналдырған соң, ол басынан өткен оқиға туралы тіс жаруды қойған.
Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Таулы Үлбі тас жолымен түн ішінде келе жатқан Антон тауды айналып бұрылыстан шыға бергенде, тура жолдың ортасында жүрелеп отырған еңгезердей жанды көреді. Үсті-басы аппақ, маймыл іспетті жан көлік жарығын көре сала, жолдың шетіне қарай бір қарғып жоқ болған. Қатты сасқан көлік иесі өз көзіне өзі сенбей тоқтап, сол жерге қайта келген. Алайда қар үрлеген боранда таксист ештеңені байқай алмайды. Қалаға жеткен Антон ертеңінде ең жақын деген досын ертіп, әлгі жерге тағы барған. Алайда ізге ұқсар-ұқсамас таңбаны ғана байқаған олар басқа түк те таппайды...
Қар қызын көрген де арманда, көрмеген де арманда
Жергілікті жазушы, биолог Борис Щербаков кісікиік туралы мына бір жайды әңгімелеп берді. «Бұл оқиға ертеде болған. Виталий Хохлов атты жазушы-ғалым болған. Санкт-Петербургта оқыған ол туған қаласы Зайсанға жиі келіп тұрыпты. Студент кезінде сол қаладан Зайсанға келген ол бір ерекше оқиғадан құр қалғанын естиді. Сәуір тауының маңынан зайсандықтар адамға ұқсас тірі жанды ұстап алған екен. Жынысы – әйел. Қатты даурыққан ел не істерлерін білмей, әлгі мақұлықты байлап тастаған. Баз біреулер оны өлтіріп, қарақшы бейнесін жасап қояйық депті. Алайда кеңесе келе, олар беймәлім жанды босатып жіберген. Дәл осы оқиға Хохловтың «Қар адамы» кітабында баяндалған. Жазушы сол оқиғаның куәгері болуға сәл ғана кешігіп қалыпты» – деді Борис Щербаков.
Ал атақты Ор-ағаң – Оралхан Бөкейдің «Қар қызының» өзі неге тұрады!