Атыңнан айналайын, әз Айыртау!
Көк күмбезді аспан астында шалқып төгілген көгілдір көлдері мен кербез таулары кемерінен асқан сырға толы Көкшетаудың жері қасиеті мен киелілігі мол, құт дарыған дарқан мекен десек, қателеспейміз. Күн нұрына шағылысқан ақ бураның бұйрат жалдарындай тіркескен таулары мен күміс көлдері тарихтың талай құпиясын үнсіз бүгіп, ішіне қат-қабат етіп, толтыра сақтап келе жатқандай. Осылардың бірі әрі бірегейі Айыртау өңірі жайлы қанша жазсақ та, артықтық етпес деген пікірдеміз...
Кір жуып, кіндік кескен, құмында аунап, гүлін терген бұл өлке, шынымен де, қасиеті мен киесі мол ғажайып мекен дегенге иланбасқа амал жоқ. Себебі тұмса табиғатпен үнсіз үндесіп, ерекше үйлесіммен алыстан-ақ көз тартқан Айыртаудың ай дидары неше алуан шежіре мен қызықты аңыз-әңгімелердің ордасына айналғаны бүгінгі ұрпақты ертегідей жұмбақ әлемге тарта түседі.
Арғы тарих қатпарларын ақтармай-ақ, Алаш баласын етектен шалып, бөрідей тиген ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы жылдарында айыртаулық ағайындардың атқа қонып, туған жері мен отбасының амандығы үшін ат үстінде таң атырып, күн батырған қайсар да батыр ұлдардың ту ұстап, тірек болғандығы жайлы ауыздан ауызға тарап кеткендігі белгілі.
Солардың бірі – Айыртаудың ақиық тұлғасы Ағынтай батырдың Қарасай батырмен тізе қосып, талай жаудың бетін қайырғаны Айыртау өңірінен шыққан ақын-жазушылардың өлең-жырлары мен қисса-дастандарының арқауына айналған.
Бүгінде қос батырдың мемориалдық кесенесі дәл осы Айыртау ауданының іргесінде қаланып, келіп-кеткен туристер мен бүгінгі ұрпақ үшін мәңгі есте сақталар тарихи жәдігер болып отыр. Ханға да, қараға да батырлығы мен батылдығы өнеге болып, жаугершілік заманда есімі үш жүзге түгелдей ұранға айналған Қарасай мен Ағынтай батырлардың тап осы жерге жерленуі де киелі жердің ұлылығын аңғартқандай.
Ұлы зерттеуші Шоқанды, ән мен жырдың серке шеберлері Біржан сал мен Ақан серіні, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайды дүниеге әкелген киелі жердің топырағы ежелден құтты болғанын сақалы омырауына түскен қариялар күні бүгінге дейін әңгімелеп айтып отырады.
Айыртаудағы тағы бір ерекше мәнге ие киелі жердің бірі Сырымбет деп аталады. Шоқан Уәлихановтың балалық бал дәурені өткен бұл мекенде бүгінде ұлы зерттеушіге арналған мұражай орналасқан. Шоқанның балалық шағынан бастап, тұтастай осы өңірдің тарихи оқиғалары, Шоқанның зерттеген еңбектері қамтылған бұл жәдігерлер Айыртау жайлы жаңа мағлұматтарға қанықтыра түседі.
Тайлақ ЖАЛМҰРЗЕНОВ, Айыртау ауданының құрметті азаматы:
– Айыртау өңірінің барлық сыры мен қырын тарихшылар мен зерттеушілер күні бүгінге дейін толық зерттеп біткен жоқ. Себебі ауылды жерлерді аралап шығып, көнекөз қарияларды әңгімеге тартқанымда ешқандай кітапқа да, тарихи әдебиет беттеріне де тіркелмеген қызықты жайттарды естіп, таңғалмасқа амалым қалмады. Сондықтан мұның бәрі бүгінгі ұрпақ үшін маңызын еш жоғалтпақ емес.
Бұдан кейін де Кәкімбек Салықов, Мұса Шорманов, Көкен Шәкеев сияқты жазба ақындар мен суырыпсалма айтыскерлер алмас қылыштай талантымен Айыртаудың тұғырлы бесігі жайлы аянбай сыр шертті.
Жеріңде Айыртаудай жерің бар ма,
Шалқардай шалқып тасқан көлің бар ма?! – деп өз өлкесін аламан айтыста паш еткен Мұсаның жырлары да бүгінгі Айыртау жайлы естіп-білгісі келгендерге таптырмас құнды дерек көзі бола алады.
Шалқар демекші, бүгінде туристерді табиғатымен өзіне тартып, туристік кластерді дамыту көзделіп отырған Шалқар көлі де бірталай аңыз әңгімелердің арқауына айналған.
Шалқар көліне сұлу қыздың жібек орамалы түсіп кетіп, соны аламын деген жігіт суға ағып кеткен екен-міс. Осыдан кейін қайғыдан қан жұтқан сұлу қыз сүйген жігітінің көз алдында мерт болғанына назаланып, көзінің жасын көл етті деген де аңыздар бар.
Иә, Алаш елінің әрбір сайы мен өрі, қыры мен жазығы, тасы мен көлінің қайсысын алсақ та, тарихтың тұмасынан сыр шертіп, киелі қазақ жерінің ұлылығын паш ете түсетіні ақиқат айнасына айналып отыр.