Ақбеттау – Ақбет қыз
Баянауылдағы Жасыбай көлінен күншығыс бағытқа созылған, орта шеніне таман ойпаңдау келіп, ары қарай жоғарылай түскен алып тау жотасы жатыр. Бұл тау жотасы – Баянауыл кентінің солтүстігіндегі көпшілікке белгілі Ақбеттау. Оның құзар шыңы Жасыбай көлі жағында, биіктігі – Балтық теңізі деңгейінен есептегенде 1026 метр. Шың басына триангуляциялық белгі орнатылған. Онда «1026 м» деп шойынға құйылып жазылған.
Кереку-Баян өңіріндегі белгілі өлкетанушы, Екібастұз қаласының құрметті азаматы Серік Жақсыбаев бұл туралы былай әңгімелейді:
– Ақбеттаудың ең биік шыңына мен өзімнің сыныптас бес жолдасыммен 1951 жылғы тамыз айында шығып, ондағы 10 кісі сыятын табиғи үңгірге бір түнеп шыққанмын. Сонда біздің көргеніміз: Ақбеттаудың дәл ортасындағы ойпаңда ұзындығы шамамен 40, ені 6-7 метрлік жауыннан жиналған суы мөп-мөлдір шұңғыл көлшік бар. Оның тереңдігі 0,6 метрдей. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың немере інісі – менің ұстазым, «Баян», «Олжабай батыр» атты тамаша дастандар жазған қарымды қаламгер, саналы өмірін оқу-ағарту қызметіне арнаған педагог Шаймардан Қожахметұлы Торайғыровтың айтуынша, Ақбеттаудың бұрынғы атауы Күдей екен.
Енді осы Күдейтаудың неліктен Ақбеттау аталғанын сөз етелік.
XIX ғасырдың бірінші жартысында Батыс-Сібірдің генерал-губернаторы П.Д.Горчаков қазақ халқына ақындық, әншілік, сазгерлік, күйшілік, батырлық, палуандық өнерімен танылған, сан түрлі металл мен ағаштан, сүйек пен мүйізден түйін түйген шебер Сегіз (Мұхамедқанапия) Баһрамұлы Шақшақовты Павлодар, Баянаула өңіріне баратын орыс қызметкерлеріне тілмаш етіп тағайындап, ұзақ сапарға жібереді.
Сол жолы Сегіз сері Баянаула өңіріндегі қазіргі Торайғыр көлі жағындағы далада ауылдары қалың орналасқан айдаболдар (ру) арасында болғанда Бүркітбай байдың қызы Ақбетпен танысады да, оған арнап «Ақбет», «Кыз келбеті», «Ойлан, Ақбет», «Қош бол, Ақбет!» атты әндерді шығарады. «Ақбет» әнінің өлең жолдары төмендегідей:
Еркесі Баянтаудың Ақбет деген,
Көрініп аққу құстай көлбеңдеген!
Аршын төс, алма мойын, есіл гөзел,
Шаттанып ел-жұртына еркелеген.
Бүркітбай – әкең аты, ағаң – Омар,
Ауылың айдын шалқар көлге қонар.
Жазмыштың ақ
бұйрығы жолықтырып,
Ақбет қыз жүзіңе сенің
болдым құмар.
Ақбетжан, ағаң – айың, інің – күнің,
Артында Мұстафадай бар ғой інің.
Алтыбақан басында ән шырқасаң,
Құлақ құрышын қандырар әсем үнің.
Өтеді басымыздан жастық бір күн,
Сондықтан ойнаған жөн дүркін-дүркін.
Барында оралыңның ойнақтап қал,
Болады кімге жолдас дүние шіркін.
Орысша білім алған едім сері,
Жек көрме, шоқынды деп, сұлу, мені.
Жас талап, жаңа бетті құрбың болып,
Мінгенім керей елі Қарагері!
Осынау әндерді естігеннен кейін Ақбет Сегіз серімен сөз байласқан екен. Сонда Сегіз сері Баянауладан аттанар шағында қызбен қоштасып тұрып, «Қош бол, Ақбет» деген төрт шумақтан тұратын ән шығарып, оны:
«Ауылың алыс қалған соң, беу, Ақбетжан,
Қабырғам сынбаса да сөгіледі», – деп аяқтайды.
Алайда әртүрлі себептермен Сегіз сері Баянаулаға қайта қайтып орала алмайды. Сонда сүйген жігітін сарғая күткен Ақбет ішіндегі мұңын жырға айналдырып:
«Тұратын жұрттан оның иығы асып,
Өзгені сөйлетпейтін мысы басып.
Керейде шынар жігіт Сегіз сері ед,
Қашқын боп оралмады-ау,
қайран ғашық.
Кеткен соң сол ақиық келмей шеттеп,
Отырмын өткен күнді мен де көксеп.
Еске алып жас боздақты өлең еткен,
Қызы едім, Бүркітбайдың атым – Ақбет», – деген.
Расында, шежіре бойынша Ақбет қыздың Омар деген ағасы, палуан, әнші әрі күйші, әрі фольклорист Мұстафа деген інісі болады. Мұстафа Омбы қаласындағы офицерлер дайындайтын Азиялық мектепте Сегіз серімен бірге оқыған. Курсант Мұстафа Ерейментауға жазғы демалысқа барып, Қанжығалы Қасқара деген қайынағасымен күресіп, мертігіп, 1833 жылы 27 жасында қайтыс болады.
Мұстафа – шығыс тарихын зерттеуші, Шоқан Уәлихановтың кадет корпусындағы ұстазы Н.Ф.Костылецкийдің шәкірті. Оқып жүрген кезінде ұстазының ықпалымен казақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, қысқа новеллалар да жазған. Сонымен бірге талай әндер де шығарған. Бірақ көбі сақталмаған. Бүгінде оның халыққа кең тараған «Бүркітбай» деген әні бар. Бұл әнде ол апасы Ақбетті:
«Сұрасаң, біздің Ақбет қасын керген,
Шаштарын он күн тарап,
бес күн өрген.
Иіс май, әдеколон бірдей жағып,
Айнасы жүз теңгелік жүзін көрген», – деп сипаттайды.
Ақыры осы кербез, сұлу қыздың өмірі орны толмас қайғымен аяқталады. Бүркітбай «жең ұшынан жалғасамыз» деп, Ақбет аруды өзімен рулас әрі ауылдас отырған бір бай ағайынның ақылсыз баласына атастырып, екеуі құда түседі. Алайда Ақбет ол жігітті сүймейді, оған тұрмысқа шығуды өзіне ар-намыс көреді. Қызының айтқан мұң мен зарына әкесі құлақ аспайды. Не керек, бір күні қалыңдық ойнауға күйеу жігіт ұрын келеді. Бүркітбай жаны қалмай, Торайғыр көлінің жағасына ақ шаңқан киізден отау тіктіріп, қазақтың ескі салтымен ырым-жырым жасауға кіріседі. Сонда Ақбет тау жаққа барып, серуендеп қайтуға үйінен замандас қыздарын ертіп барып, Торайғыр шыңындағы құз жартасқа өрмелеп шығады да: «Қош болыңдар, құрбыларым, қош бол, жарық дүние!» – деп, биік жартастан секіріп, мерт болады. Содан кейін жұрт ару қызды мәңгілік есте сақтау мақсатымен Күдейтауды Ақбеттау деп атап кетеді.