Аңызға толы Аққұм
Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының шекарасына жақын, бір бөлігі Қаратөбеде, екінші бөлігі Шыңғырлауда жатқан осы бір бұйратты өңірдің қойнына бүккен сыры көп. Ел аузында құмының ерекше түсіне орай Аққұм атанған аумақ алыстан көз тартады. Қорғауға алынған қорық аумағы 7,5 мың гектар жерді алып жатыр.
Ғалымдар бір заманда Каспий теңізінің етегі осы жерге дейін созылып жатқанын айтқан. Яғни Аққұм Орал тауларынан аққан өзендердің теңізге құйған жері, атырабы болса керек. Ел ішіндегі аңыз бойынша Аққұм өте ертедегі үлкен қаланың орны көрінеді. Қала дегенде қалмақ ханы Алшағырдың ордасы болған екен. Қара қыпшақ Қобыланды келіп, тас-талқан етіп қиратқаннан кейін осындай өркеш-өркеш құмдардың үйіндісіне айналыпты-мыс. Дәл осы құмнан Кеңес өкіметі кезінде ескі құмыраның сынығы, жебенің ұшы, қылыш басқа да көненің заттары көптеп табылған.
Аққұмның оңтүстік-шығыс бетіндегі қара талды орман қарауытып көрінеді. Құмның бұл беті – әр жерде шоқ-шоқ талы, Қалдығайты өзенін жағалай тоғайы бар, арасы кең жайылымдық жерлерге бай, орманды алқап. «Қобыланды батыр» жырында да бұл аймақ көп аталады. Қобыланды қалмақ ханы Алшағырды шаһарында өлтіріп, кегін алғасын, бірнеше күн көп қалмақты аралап, егізі Хансұлуды іздейтіні, сөйтіп, кең тоғайдың ішіндегі қалың жылқыға таяп баратыны ойға еріксіз орала кетеді. Маңғыстаулық Мұрын Сеңгірбекұлының нұсқасы – «Қобыланды батыр» жырында осылай беріледі. Ал «Қарғабойлы Қазтуған» жырындағы:
Асанқайғы көшкен жер,
Шыңғырлау, Торыатбасы еді.
Қыземшекті Саршоқы
Осы судың қасы еді.
Асанқайғы Туғанның
Бөлінген жері осы еді,
– деп келетін жолдардағы Қыземшек – дәл осы жерден 50 шақырымдай ғана жер.
Торыатбасына дейін 65 шақырымның шамасы. Шыңғырлау өзені осы екеуінің де іргесімен ағып өтеді. Торыатбасымен Қыземшектің арасы – 20 шақырымдай. Жыр бойынша Торыатбасынан көшкен Асанқайғы Сырдария бойын жағалап, Нұрдың Қарабайырына қарай асады. Ал Қазтуған сол жолы Ноғайлы баласы кеңес құрған Жем өзенінің бойынан көшіп, «Үш қияннан кетіп, Шам шаһарына қарай жетемін» деп алысқа жол тартады. Мұнда қазақ пен ноғайдың айырылуы деген ірі тарихи оқиғаның желісін меңзеп тұрса керек. Таңғаларлығы – жырда оқиға өрбіген жерлерді үтір, нүктесіне дейін айырып, нақты көрсетуі. Сол заманнан «Ноғайлының босқыны», «Қазақ – Ноғайлының айырылуы», «Ноғайлының зары» деген халық күйлері бүгінге жеткен.
Аңызға айналған, бірде көрініп, енді бірде жоғалып кететін Жұмбақ көл де – осында. Жұмбақ көлді аңшылар көрген. Тіпті суына да түсіпті дейді білетіндер. Аққұмның күнбатысында орналасқан Сегізсай ауылының тұрғыны Зарлық есімді қария сол Жұмбақ көлдің үстінен түскенде көл үстіне жыпырлай қонған үйректерге кезіккен. Көлдің жұмбағы сол: бір көрген адам ол жерге қайта айналып келгенде көл ізімқайым жоқ болады екен. Құм ішінде адасу оңай, ұқсас жер өте көп. Облыстық тарих және археология орталығы директорының орынбасары Серік Рамазановтың пайымдауынша, «ылғал жеткілікті болған жылдарда жерасты сулары көтеріліп, құм ішіндегі кейбір ойпаңдарға су толады. Ал құрғақшылық кездерінде ол су жоғалып кетеді. Көлдің бар жұмбағы – сол ғана».
Арша, жүзген өскіндері құмның оңтүстік және батыс шетінде ғана өседі екен. Ортасына қарай өсімдік азая бастайды. Аққұмның құмы өз ішінде көшеді екен. Кейбір қайың, тал өсінділерін жартылай құм басып қалған. Ал, керісінше, кейбір ойпауыт жерлер тіпті тереңдеп, қазаншұңқырға айналған.
– Аққұмның бағасы бәрібір биік. 1998 жылы А.Петренко деген ғалыммен бірігіп, облыс табиғаты туралы кітап шығарған едік. Сонда Баянас өзенінен бері қарай Аққұмды қоса үлкен ландшафты қорық жасауды ұсынғанбыз. Аққұмда Қазақстанның Қызыл кітабына енген алып көртышқан тіршілік етеді. Бұл аң дүниежүзінде үш-ақ жерде: Солтүстік Кавказда, Ақтөбенің Темір ауданында және біздің Қарағандықұм, Көкөзекқұм, Жаршағыл, Аққұм өңірінде ғана кездеседі. Басқа жерде жоқ. Құмда із сайрап жатыр. Жануарлар дүниесіне өте бай екені байқалып тұр. Қоянның, түлкінің ізі кездесті. Тағы бір ізді, өз ойымша, жабайы қамыс мысығы-ау дедім. Қабанның ізі бар. Былтыр күзде қасқырдың ізі көп кездесіп еді, биыл олар әлі күшігін өргізе қойған жоқ қой. Тоғай жағында елік, бұлан болуы мүмкін, – дейді Серік Рамазанов.