Жетісу өлкесінде таңдай қақтырарлық тамаша тарихи мұралар жетерлік. Солардың бірі – Жаркент қаласындағы Уәлібай мешіті. Елімізге келген туристердің осы Жаркент мешітіне соқпай кететіні кемде-кем. Мешіттің мұншалық аңызға айналуының сырын әріден бастасақ.
Жалпы, Ресей империясының оңтүстік-батыс шекарасының белгіленуіне және сол жерде уезд орталығы құрылуына байланысты Жаркент қала мәртебесін 1882 жылы алыпты. Тарихи деректер қаланың қызу сауда-саттық жолының үстінде орналасуы оның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жылдам дамуына ықпал еткенін айтады. Көпестер кәсіпкерлік нысандарын көптеп сала бастаған осы шақта қытай сәулетшісі Хон Пик сол кездегі 1-гильді көпес атағы бар Уәлібай есімді азаматқа мешіт тұрғызу туралы ұсыныс жасаған екен.
Жаркент өңірінің тарихына қанық ардагер ақын, аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исламғали Үркімбайұлының айтуынша, Хон Пик мешіт жұмысын 36 мың алтын теңгеге (ақшаға) бағалаған екен. Уәлібай ел ішіндегі ауқатты адамдардан қаржы жинап, мешіт үйінің құрылысының жүруіне атсалысыпты. Алғашқы үш жыл тек қана құрылыс материалдарын дайындауға, яғни тек ағаш тасып, жинауға кеткен екен. Оның құрылысына жақын жердегі Арқас Алатауының ағашы жарамсыз деген соң, Ақсу және Кетпен тауларынан Тянь-Шань шыршаларын тасыған. Сонда Уәлібай үш жылдың тек ағаш жинауға кеткеніне қынжылып, қытай сәулетшісіне ренішін білдіргенде, ол мешіттің небәрі бір-ақ жылда тұрғызылатынын айтып сендірген екен. Ағаштар тасылған соң, енді ел-елден 100 шақты ағаш шеберлері шақырылған. Олардың арасында жергілікті шебер Ақжарқын атты кісі де болған деседі. Құрылыс барысында бірде-бір шеге қолданылмай, қытай сәулетшісінің көрсетуімен бағаналар өзара қиюластыра қолданылған. Мұнда барлығы 122 бағана пайдаланылған екен. Әрбір бағананы кендірмен орап, сылап, қызыл бояу топырақпен сырлаған.
Құрылыстың сырлау, әрлеу жұмыстарына тағы да қолы шебер адамдарды ел ішінен, Хиуадан, Бұқарадан – жан-жақтан жинастырған екен. Жұмыс басында үш аудармашының, яғни қытай тілін, орыс тілін, түркітілдес халықтардың тілін білетін тілмаштардың қызметі пайдаланылған.
Бүгінде салынғанына 120 жыл толған бұл мешіт әлі күнге көрген жанды тамсантумен келеді. Бұл мешітті Уәлібай мешіті деп те атайды.
Қытайлық сәулет үлгісін өзге елге жариялапты деген сыбыс көрші мемлекетке жеткен әрі оның шын екеніне көз жеткізген қытайлықтар атақты сәулетшілеріне іздеу сала бастайды. Мұны білген Хон Пик Өссек өзенінің бойындағы тоғайдың қалың нуында біраз бой тасалаған екен. Бірақ кейіннен еліне ұстап әкетіп, азаптап өлтірілген деседі.
Қытайлық үлгіде болса да, шығыстық өрнектер қолданыла отырып салынған таңғажайып сәулет ескерткіші бүгінде «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер мұражайы» деп аталады.
Мешіттің мұнаралы қақпасы, кіші мешіт-медресесі, сыртқы, ішкі көркем сәулеті, тіпті ауладағы алып шыршалары мен жаз кезіндегі жайнаған гүлдерінің өзі адамды бейне бір иранбаққа кіргендей сезіндіреді.