Жидебай батыр қандай тұлға болған?
Ұлы дала шаңды жорықтарға толы. Бабалардан қалған гүл-жазира мекенді ұрпақ үшін сақтауда «ереуіл атқа ер салып, қу толағай жастанып», «тебінгіні терге үздірген» батырлар жаумен айқасып баққан. Соның бірі – Абылай ханның батырларының бірі Жидебай батыр. Кешегі өткен үлкендер оның шын есімі Әл-Мұхаммед еді дескен. Өткен батырлар жөнінде жазғанда дерекке сүйеніп, шынайылыққа жақындата жазсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Аңызға сүйенген дұрыс, бірақ, кей жазғыштар «осындай дерек бар» дейді де, не сол деректің түпнұсқасын көрсетпейді, не қайда барын айтпай, ойдан құралған қиялын жаза береді. Онысының өтірік екені бадырайып көрініп тұрады. Біздің бізден кейінгі ұрпаққа мазақ болмауымызды ойлағанымыз жөн. Біздің орнымызды тарихпен сусындаған ұрпақ басып келе жатыр.
«Құба белдер» романы Жидебай батырдан басталады. Роман өткен ғасырдың сексенінші жылдардың орта тұсында жазылды. Әрине, ол тұста бұл роман үшін тағы да «барса келмеске» кетіп қалуға болатын. Еріксіз тығып ұстауға тура келді. Романды Жидебайдан бастаудағы мақсат – біздің елде де ұлт болашағы үшін күрескен тұлғалардың болғандығын, езіліп, жаншылып, санасы тұманданып, орыстың айтқанына құран сөзіндей сенген елдің санасына сәуле түсіру, енді өсіп келе жатқан ұрпақтың мақтаныш сезімін ояту еді.
Батырдың мерейтойы да жақындап қалды. Осы тұста кейбір деректерді де еске алсақ, артықтығы болмас. Жидебай анасынан ерте айырылып, екінші анасы Апардың бауырында өскен. Шағын ғана денелі Апар ана кейде бала Жидебайдың үй тігіп уық шанышқанда арқасына аяғын салып, керегеге бойы жетіпті деген де сөз қалған. Бұл – Апардың бой жетіп, толысып барып ерге шықпағанының, жасырақтау тұрмыс құрғанының көрінісі. Апар – қастерлі ана. Ол дүниеге елді қорғаған, қол бастаған талай азаматты әкелген, ұрпағын кеңінен жайған кейуана. Апар қастерлі болмаса тек соның өзіне ғана арнап мазар салынбас еді. Қатпар-қатпар болып жатқан Тағылы тауының бір асуы Апар деп аталады. Сол Апар асуында Апар ананың кішірек сұпысы да тұрған. Көріп те, естіп те жүрдік. Әйтеуір, бір сөзге өзі анық білмесе де, таласа салатындар шығып жүр. Осыдан-ақ сақтануға тура келеді. Апар ананың сол жерде сұпысы болғанын бүгінде тоқсанның жуан ортасына келген қарт ұстаз Құтжанұлы Жұматай ақсақал сонау 1934 жылы жерді КарЛАГ алып, Бәйшегір ауылын Нұра бойына қарай көшіргенде өзінің қатынасқанын, Апар ана сұпысының жанына түнегендерін жазып, бекітіп берді. Міне, бұл – нақты дерек. Апар ананың Марат Шабақбаев бастаған ұрпақтары сұпының бұрынғы тұрған жерінің тұсына көктас қойып, кейуананы қасиеттеп отырғаны да үлгілі іс.
Иә, қазақтың аңызында сол тұстың өмірі жатыр, дүниетанымы, сенімі бар. Оған біз де сеніп келдік. Ұрпақ солай тәрбиеленді. Жидебай батырдың киесі екі түлкі екен деседі жұрт. Бұл жөнінде «Құба белдер» романында біз де жаздық. Қос түлкіні Жидекеңе аса әруақты Бегім шайқы беріпті дейді аңыз. Бегім шайқы – Бегім мысық деп те аталып кеткен әулие. Ол Келдібекке келген екен. Сол тұста бір жиында жиналған жұрт Бегім шайқыға «әулиелігіңді көрсет, ана өлген мысықты тірілт» деп қолқа салыпты деседі. Бегім шайқы қиналса да «болсын» депті. «Азғантай жүріп құлайды. Одан артық құдіреттің ғана ісі»,– десе керек. Өлген мысықтан жұрт шегінді. Бегім шайқы ұзақ дұға оқып, «Аллаһу әкбар» деген екен. Өлген мысық шайқалып орнынан тұрып, екі-үш қадам жерге жете құлапты деседі кешегі өткендер. Біз сендік. Сенбейтіндер де болар. Бірақ, қазіргі ғылым ислам дінінің, дұғаның, Құран сөзінің растығын дәлелдеп келе жатыр-ау.
Ел Қабанбай батырдың да Арқаның осы тұсына келгенін жырдай қылып еске алатын. Аттанып кеткен Қабанбай батырдан, жас Жидебай соңынан жетіп, бата алғанын да аңыздай жеткізген. Иә, қалмақ қазақ жерінің шығыс жағын басып қалғанда, сол жақтағы иісі қазақ баласы шұбыра көшіп, Қаратау, мына жағы Ұлытаудан аса шегінгені тарихи шындық. Кейбіреулердің «Қабанбай бұл жаққа қайдан келеді» деп сенбеуі тарихи уақиғаларды білместік, тарихи сауаттылықтың жоқтығы. Қабанбайға «хан батыр» лауазымы берілген, яғни, батырлардың ханы, бас қолбасы деген дәреже. Бас қолбасының дұшпанмен арадағы шайқастарда әр тұста өзі болып, өзі жоспарлауы даусыз. Сондай бір жортуылында Арқаның осы еліне де келгені шындық. Нұра өзенінің бойында, Шет-Ақтоғай трассасының жанында, Еңбекшіл ауылының маңындағы көпірден өте бере, оң жақта кішкене төбешік тұр. Сол төбешіктің үстінде кішірек мазар болған. Кеншоқы, Еңбекшіл ауылының қариялары «нағыз Қабанбай бейіті – осы» дейтін еді. Мазар бұзылып, кірпішін колхоздастыру, онан кейінгі тұста дінсізденгендер қора-қопсы салуға жұмсағанын да өкіне отырып айтатын еді. Қабанбай батыр дүниеден өтер шағында дұшпаны сүйегін қорламау үшін өзіне үш жерден қойылар орын дайындатыпты дегенді айтып та, жазып та жүр. Сол үш орынның біреуі осы көпір маңындағы мазар еместігіне кім кепіл бола алады?!
Жидебай батырға қатысты әңгімелердің ішінде «Жидебайдың жер үйі» туралы мәселе айтылып жүр. Оралбай тауының күнбатыс жағындағы терең сайдағы «Жер үйді» алғаш рет сексенінші жылдардың басында Ықсанов Мұқаш ақсақал көрсеткен еді. Ауыр жорықтардан шалдығып келген батыр қалың орманның бір шетіне елеусіз етіп жер үй салдырып, тұлпарын орман ішіне жасырып, дем алады екен. Қазылып салынған жер үйдің негізі сақталған. Қалмақ жеңіліп, дұшпанның беті қайтқан соң Жидекең осы жерге өз ауылын да орналастырған. Сексенінші жылдары аты өшіп бара жатқан Әлтеке Тәшен ақынның мұрасын іздеп, Жәмші совхозындағы Қасен ақсақалға бардым. Қасен ақсақал сексеннің бесеуіне келіп отыр екен. Сөз арасында «Жидебайдың мешітін көрдің бе?» деген сауал тастады. Жидекең тұстасы Жарылғап батырға ұзаққа созылған мына соғыстың салдарынан елдің жазу-сызусыз, ілім-білімсіз қалғанын айтып, ендігі ұрпақтың қамын ойлап, қожаның бір ұрпағын алдырыпты. Жидебай – сауыт киіп, жаумен айқасқан дүлей күштің ғана иесі емес, ұлы жаратушы Алланы таныған, мұсылман дінінің жоқшысы, ұрпақтың дінмен сауатын ашып, ілімді болуын көздеген парасатты тұлға.
Абылай хан Көкшеден түстік жаққа өткен бір жолында Жерүй маңына тоқтаған екен, Жидекең келе қоймаған соң кісі жіберіпті. Жөн сұрағанда Жидебай батыр «Хан ием, олай өтіп, бұлай өткенде ат басын бұрмадыңыз. Бұл қалай? Тәкаппарлық па?»– деп ренжігенін білдірген екен. Аса парасатты Абылай хан «біріншісі – өзі келер деген бейғамдығым болар, екіншіден, шығыста үнсіз ысқырынған жаудан қайтіп халқымды сақтаймын, батыста ормандай сірескен көк көз сарының төніп келе жатқан қатерінен елімді қалай құтқарамын деп күні-түні сабылған жүрісімнен болар, үшіншіден, елім деген ер азамат сыртта тұрып сын айтпайды, іште қан мен терін төгіп жүріп шындықты айтады»– деген екен. Жидебай батыр «Хан ием, сөзің толық, мен сендік» деп Абылай ханның қолын қайта алыпты.
Абылай хан дүниеден өтерінде бұл жалғанда өзімен үзеңгілес, тілектес, ақыл-кеңесші болған ел жақсылары маңына жиналған екен. Хан тілсіз, ақыл-есі өзінде, екі қолы ғана дәрменсіз қимылдайды. Ханның жағдайын естіп Жидекең де жеткен екен. Хан бірдеңе айтқысы келгендей жапақтап қарай беріпті де, көзімен домбырасын нұсқапты. Жидекең хан қолына домбыраны ұстатқан екен, хан дәрменсіз саусақтарымен шерте бастапты да, ақыры шерлі күйді төгілтіпті. Күй адамша ерекше сөйлейді, оның үнін күй өнері әуелден бойына қонып, қанына сіңген адам ғана ажырата алады. Күй бітті. Айнала сілтідей тынған ауыр тыныштықта. Ақыры ханға кеңесші болған үлкендер:
– Хан не деді,– деп сұрасыпты Жидекеңнен. Жидекең ауыр күрсініпті:
– Хан соңғы мұңын шақты.
– Не деп?
– Қайран елім-ай, шаңырағыңды көтерсем де, іргеңді тас қылып бекіте алмай кетіп барамын. Айналаң толған жау. Ұрпағыңның ендігі күні не болады,– деп жатыр хан ием,– деп Жидебай батыр күрсініп теріс айналыпты.
Ұлы Абылайдың соңғы мұңын да жеткізген Жидекең. Абылай ханнан «Дүние ғапыл», «Қайран елім» деген күйлер де қалған.
Сексенінші жылдары Шеруке қыздың мазарын іздеп, Ілияс молланы ертіп, оның баласы бүгінгі ғылым докторы Мұхаммедқали Әбдуов үшеуіміз сапар шеккен едік. Бұл әңгімені сол Ілекең молла айтқан еді. Ілекең Абылай хан дүниеден өткенде Жидекең елуден асқан шамада екен деген де деректі берді.
Жидебай батырдың мазары Нұра өзенінің бойында Қайрақты ауылының терістігінде, бес-алты шақырым жерде тұр. Халық қастерлейді, әулие тұтады. Сол мазардың маңында жортып жүрген түлкіге аңшылар итін де қоспайды. «Жидекеңнің киелі түлкілері ғой» деседі.
Төкеннің Жұмабайы бір жолы Жидекең басына барып дұға оқып тұрса, мініп келген тайы шешіліп кетіп, ұстатпай біраз әуреге салыпты. «Әлтекеге жиендігім бар еді,– дейді Жұмкең, – әй, Жидебай, мені сандалтпай тайымды ұстап бер!– деп бұлдандым. Тайымның шылбыры жалғыз түп қарағанға оралды да қалды. Осыны көрдім»– деген әңгімесін естідік.
Жидекеңді ел қасиетті әулие тұтады. Бұл бабалардан қанға сіңген, мұсылман дінінен әруақты сыйлаңдар деген ұғымнан қалыптасқан, ұрпақты ізгілікке қарай баулитын, қалыптастыратын көненің жолы. Барымызды ұлағаттап, жоғымызды жоқтай білгенге не жетсін!
Кәмел қажы ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы, Құрмет орденінің иегері,
ҚР мәдениет қайраткері.
ortalyk-kaz
(Тақырыбы өзгертілген)