Жарты әлемді жаулаған Алтын Орда өз заманындағы ең озық мемлекет болатын

Жарты әлемді жаулаған Алтын Орда өз заманындағы ең озық мемлекет болатын

Ортағасырлық әлем тарихында Алтын Орда мемлекеті орасан зор күш-қуатқа ие алып империя ретінде суреттелгенімен, әу баста бұл иелік тек Шыңғыс хан құрған қағанаттың метрополиясы – Жошы ұлысы болып құрылды. Яғни, Жошы ұлысы Шыңғыс хан құрған Ұлы империяға бағынышты доминион субьекті еді. Жошы ұлысының қарамағына Ертіс өзені мен Орал тауларына дейінгі жерлер, оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейінгі аумақ, Әмударияның төменгі жағындағы аймақтар (солтүстік Хорезм) мен Сырдарияның сағасы кіретін. Бір сөзбен айтқанда, тұтас Дешті-Қыпшақ Жошы ханның ұлысы саналатын. Сондай-ақ, Шыңғыс хан өз өсиетінде үлкен ұлы Жошы ханға Дешті-Қыпшақтан күнбатысқа қарай «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтарды да» енші етіп берді. Бірақ Джузжани «өте батыл, айбарлы» деп сипаттаған Жошы хан Шыңғыс ханның өсиетін жүзеге асыра алмады. Ол 1227 жылы 30 жастан аса берген шағында, Шыңғысханнан бірнеше ай бұрын аң аулап жүрген кезінде қапияда қаза тапты. 

Еуропаның төсінде ат ойнатқан
Алайда, Ұлы Қағанның Батысты бағындыру өсиеті мүлде аяқсыз қалған жоқ. Шыңғыс ханның «моңғол атының тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтарды» бағындыру туралы өсиетін негізге алған Жошының мирасқоры Бату хан Ұлы Құрылтайдың шешімімен 1236 жылы Шығыс Еуропаға жорық жасады. Осы жорық хақында Плано Карпини өз жазбасында Бату ханның Еуропаны бағындыруды 18 жылға жоспарлағанын жеткізеді. Моңғол дереккөздерінде Бату хан осы қанды жорығында Қаңлы, Қыпшақ, Байжігіт, Орыс, Азау (Қырым), Сазау (Суздаль), Мажар (Венгрия), Кәшімір, Шеркес (Кавказ), Бұлғар, Келер секілді он бір елді бағындырғандығы айтылады. Ал Ресей тарихшылары Батудың қалың қолы Еділ бойы, Орыс кньяздықтары, Карпат жотасындағы елдер, Польша, Венгрия, Сербияны, Валахияны бағындырып, Адриат теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр аралықты жаулап алғандығын баяндайды. 
Десек те Бату хан ғұндардың ұлы патшасы Атилланың ізімен жүріп, Еуропаны тұтас бағындыра алмады. Үгедей ханның 1241 жылы қайтыс болуына байланысты, Жошы ұлысының билеушісі жаулап алуды кілт тоқтатты. Дегенмен, Шығыс Еуропа жорығынан кейін Жошы ұлысының құрамына Дешті-Қыпшақ, Батыс Сібірмен қоса Дунайға дейінгі аралықтағы ұланғайыр аумақ, яғни, солтүстік Хорезм, Кавказ, Қырым, Молдавия, Еділ Бұлғарлары, Орыс кньяздықтары, Мордва жерлері енді. Көп ұзамай Қарақорымнан еншісін бөліп әкететін субьектінің Еуразия кеңістігіндегі осыншама ұланғайыр аймақты иемденуі, келешекте Жошы ұлысының алып империяға айналуына баспалдақ еді. 


 Ол алып империяның негізін қалады
Үгедей хан 1241 жылы қайтыс болғаннан кейін Шыңғыс хан ұрпақтарының арасында орын алған тақ таласы Ұлы империяны ішкі саяси дағдарысқа ұшыратты. Ілкі тартыста Күйік жеңіске жеткенімен, Алтын Орда билеушісі Бату ханмен арасындағы ескіден келе жатқан салқындық Шыңғыс хан ұрпақтарының бірлігіне тағы да жарықшақ түсірді. Осының әсерінен Күйік билік құрған алты жылда Шыңғыс хан ұрпақтары бірде-бір ілкімді істі іске асырған жоқ. Ұлы қағанның империяның қуатын одан әрі арттыру туралы өсиеті жүзеге аспады. Күйік хан Батуға қарсы жорық жасағанымен, дегеніне жете алмай, 1248 жылы қайтыс болды. Осыдан кейін Бату хан Алтын Орданы қанша уысында ұстап тұрғанымен, Қарақорым билеушісімен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмаса, Шыңғыс хан өсиетін одан әрмен іске асыра алмайтынын жақсы түсінді. Ол Қарақорым тағына Ұлы қағанды өз қолымен сайлауға ұмтылды. Сөйтіп, Бату ханның демеуімен Күйік қағанның өлімінен кейінгі Ұлы Құрылтайда Төленің ұлы Мөңке ұлы қаған болып сайланды. Ал Бату мен Мөңкенің өзара тату болуы, Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы саяси алауыздықты саябырсытты. Мөңкенің тұсында Ұлы Құрылтай Қытайға ішкерлей енуді және Иран мен Таяу Шығысты жаулап алуды жоспарлай бастады. Бірақ, Алтын Орданың негізін қалаған Бату хан 1256 жылы, оның артынша Мөңке хан 1259 жылы қайтыс болды. 
Әсілі, Бату хан атасы Шыңғыс ханның өсиеттеріне адалдық танытып, Қарақорым билеушісіне сырттай бағыныштылығын білдіргенімен, Үгедей қағанның өлімінен соң, ол Қарақорым тағына отырған Күйікке мойынсұнған емес. Ал, Мөңкені өз қолымен таққа отырғызуына байланысты өзін Шыңғыс ұрпақтарының үлкені санап, империяның ақылшысына айналды. Орыс билеушілері «кньяз» деген атақты Қарақорым билеушісінен емес, Бату ханның қолынан алатын. Шведтер мен левон рыцарлары Новгородқа крест жорығын жасағанда да, Алтын Орда билеушісі өзіне бағынышты орыс жерлерін қорғауға тәуелсіз шешім шығаратын. Бір сөзбен айтқанда, Алтын Орданың Қарақорымнан тыс, дербес саясат жүргізуі, яғни, Жошы ұлысының тәуелсіз империялық ұстанымы Бату ханның билігінен басталған деуге болады. Әрі-беріден соң Жошы ұлысының Дешті-Қыпшақпен бірге Ібір-Сібір жұрты, Кавказ, Қырым, Орыс кньяздықтары, Болгария, Молдавия, Польша, Дунай өзені мен Адриат теңізіне дейінгі ұланғайыр аумақты бауырына басуы, Алтын Орданың Қарақорымнан бөліне салысымен империялық мемлекетке айналуына негіз болды. Яғни, Жошы ұлысының келешекте империяға айналуына Бату ханның сіңірген еңбегі орасан зор болатын.

«Сарай әл-Махруса» – Еділ-Жайық өркениетінің бастауы
 Алтын Ордадағы алғашқы ірі өзгерістердің бірі империяны құрушы көшпелі түркілердің біртіндеп отырықшылық мәдениетке бейімделуі еді. Ал, Алтын Ордадағы урбанизация үдерісі Бату ханның билік құрған тұсында басталды. Бату хан 1242 жылы Еділ өзені сағасынан Алтын Орданың кіндігі ретінде Сарай-Бату қаласын тұрғызуды қолға алды. 1254 жылы салынып біткен Сарай-Бату қаласы алғашқыда Алтын Орданың әкімшілік орталығы һәм әскери ордасы қызметін атқарды. Сарай-Бату кейін 75 мыңнан астам тұрғыны бар, сәулеті жарасқан байтақ қалаға айналды. Қалада билеушілердің резиденциясымен қатар, тұрақты әскердің ордасы, алыс-жақын елдердің сауда керуендері тоқтайтын керуенсарай, қалың бұқараның қажеттілігін өтейтін әмбебап сауда-саттық орындары жұмыс істеді. Шаһар тұрғындарының денін саудагерлер мен қолөнершілер құрады. Алтын Орда билеушілері «Сарай әл-Махруса» (Тәңірдің қорғауындағы қала) тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырларын және бұрқақтар салдырды. Тазалық сақталуы үшін жерасты кәріз жүйесі мен су ағатын арықтар жүргізді. Қоғамдық моншаларды іске қосты. 
Бату ханның Алтын Орданың әкімшілік орталығы ретінде көне қалалардың бірін таңдамай, Еділдің төменгі тұсына империяның жаңа астанасын салуының себебі, Сарай-Бату Ертіс пен Дунай өзені, сондай-ақ, күнгейдегі Үргеніш пен Арал бойы, Кавказ таулары және теріскейдегі Ібір-Сібір аралығының дәл кіндігі болатын. Сонымен бірге, жаңа астана Шығыс пен Батыс сауда керуен жолының бойына орналасқан-ды. Бір жағынан алып қарағанда, Сарай әл-Махрусаның геосаяси орналасу ерекшелігі Жошы ұлысының келешекте Қарақорымнан саяси-экономикалық тұрғыда тәуелсіздене түсуіне зор мүмкіндік тудырды. 
Жошының мирасқоры Бату хан Алтын Орда астанасын салдырып қана қойған жоқ, жаулап алу кезінде қираған көптеген қалаларды (Мысалға: Бұлғар, Хорезм, Дербент) қайта қалпына келтірді. Осының нәтижесінде империя құрамындағы аймақтық-әкімшілік орталықтарда қалалық өнеркәсіп дамыды. Біртіндеп жаулап алушы көшпенділер тек мал шаруашылығымен ғана емес, қалаларға қоныстану арқылы қала мәдениетін де игере бастады. Мысалы, Сарай-Батуда қолөнер кәсібі қарқынды түрде дамыды. Бату ханның тегеурінді билігінің арқасында орныққан саяси тұрақтылық Алтын Орда мемлекетінің шаруашылығы мен экономикасының күрт өсуіне екпінді ықпал етті. 
Жалпы, тарихта Алтын Орда билеушілері Еділ мен Жайық өзендерінің сағасына Сарай-Бату, Сарай-Берке, Хажы-Тархан, Сарайшық секілді бірнеше қалаларды тұрғызды. Cол кезеңнің шартты жағдайымен қарағанда, осындай ірі-ірі шаһарлардың салынуы өркениеттілік құбылыс болатын. Ал, Алтын Ордадағы өркениетке деген ұмтылыстың басында сөз жоқ қираған қалаларды қалпына келтірген, империяның жаңа астанасын салуды қолға алған Бату хан тұрды. 

 Қоғамдық өндірістің реформаторы
Алтын Орда мемлекетінің эко­номикалық қуатының артуына алым-салық жүйесінің бір ізге түсуі өз септігін тигізді. Даруғалар егіншілер мен малшыларға «қалан» мен «қапшуыр» атты салық салды. «Қалан» салығы тәртібі бойынша диқандар жыл сайын өнімнің оннан бірін салық ретінде қазынаға тапсырды. «Қапшуыр» салығы тәртібі бойынша малшылар жүз бастан бір бас салық төледі. Ал, қалалық саудагерлер мен қолөнершілер баж салығын өтеді. Қалың бұқара әскерді қару-жарақпен қамтамасыз етуге, лау мен сойыс беруге міндетті болды. Негізгі әскери салықтың аты «ұлақ» деп аталды. Мемлекет қазынасына орасан мол кіріс әкелген кеден салығы «тамға», шаруалар өндірістік жайларды пайдаланғаны үшін «амбар малы», таразыны қолданғаны үшін «тұтнақ» салығын төледі, тіпті, салықты төлмегені үшін де «бурғ» атты алым-салықтың түрі болды. Бұдан өзге көпір, диірмен, соқаны пайдаланғаны үшін де салық төледі. Ал, жеке ерекшелікке қарай суармалы жер, жайылым, су, балық, орман және бау-бақша шаруашылығына да арнайы салық түрлері белгіленді. Сондай-ақ, «тағар» атты жауынгерлерді астықпен қамтитын және «авариз» атты төтенше салықтың түрі де болды. Жалпы, сол кезде халықтың әлеуметтік әртүрлі табынан 20-дан астам алым-салық түрі алынды. Алым-салықтың осыншама көп түрінің болуы, қалың бұқараны қанау емес, керісінше қоғамның барлық салаларын қамтыған Алтын Ордадағы салық жүйесінің озық болғанының көрінісі еді. 
Бату хан Еділ сағасындағы Сарайда отырып Ертіс пен Дунай өзені аралығындағы ұлыстардан дәйім тұрақты түрде жылдам хабар алып отыру үшін «ям» почта жүйесін құрды. «Ям» транзитіндегі бекеттер мен керуенсарайлардың арақашықтығы шамамен 25-30 шақырым болды. Аймақтағы жағдайды хабарлайтын хаттар Сарайға жылдам жетуі үшін сүрлеу жолдар үнемі қазына есебінен жөнделіп отырды. Кейбір өзендердің үстіне көпір салынды. Арнасы үлкен өзендердің өткелдерінде қайықтар мен салдар жұмыс жасады. Бекеттерде белгіленген қарауылдар қызмет етті. Халық хат тасушы «ям» қызметшісінің ас-суын, көлігіне жем-шөбін беруге міндетті болды. Осының нәтижесінде орталықтан шалғай жатқан аймақтардағы кез келген сепаратистік іс-әрекеттерден билеушілер дер кезінде хабар алып, шұғыл шешім шығара алатын. Яғни, Алтын Орда империясы қауіпсіздігінің сақталуында «ям» – почта жүйесінің қызметі ерекше еді. 

Толеранттылықты ту қып ұстады
Бату хан орнатқан саяси режим экономикалық ахуалдың жақсаруына ғана емес, Алтын Ордадағы этно­саралық татулықтың сақталуына һәм діни төзімділіктің нығая түсуіне тұғыр болды. Мысалы, тарихшы В.Егоровтың айтуына қарағанда, Сарай-Бату қаласында біруақытта моңғолдар, қыпшақтар, асылар, черкестер, орыстар, византиялықтар қатар тату өмір сүрген. Сондай-ақ, алғашқыда Жошы ұлысы билеушілерінің белгілі-бір діни сенімге қолдау білдірмей, бейтарап ұстанымда болуы, Алтын Орда құрамындағы діни конфессиялар арасында төзімділіктің қалыптасуына игі ықпал етті. Тегінде, Алтын Орданы құрған көшпелі халықтың діни наным-сенімі бір текті болған емес. Олар тәңіршілдік пен несториандықты, православ және ислам дінін ұстанатын. Тіпті, Кавказды мекендейтін хазарлар иуда сенімінде еді. Осылай бола-тұра: «... татарлар қай кезде де болмасын өздерінің діндерге деген төзімділігімен ерекшеленетін», – деп Ш.Монтескье айтпақшы, Бату хан билік құрған тұста Алтын Орда мемлекетінде конфессияаралық толеранттылық орнады. Алтын Орда империясы христиан дініндегі славяндық, тәңіршілдікке негізделген көшпелі түркілік, Әмудария алқабында парсылық, иудалық сипаттағы хазарлық мәдениеттерді тоғыстырған жаңа саяси-мәдени платформа еді. Яғни, Жошы ұлысындағы діни еркіндік Шығыс пен Батыстың өзара бейбіт түрде рухани һәм мәдени пікір алмасу үдерісіне жол ашты. 
Көзінің тірісінде-ақ «Саин хан» (қайырымды, әділетті) деп аталып, халықтың ерекше құрметіне бөленген Бату хан 1256 жылы науқастан қайтыс болды. Оның билігі тұсында Қытай қорғанынан шыққан сауда керуені сонау Еуропаға дейін ешбір қиындық көрмей, діттеген жеріне қауіпсіз аман-есен жете алатын. Плано Карпинидің айтуына қарағанда, Бату ханның кезінде мұсылмандар Сарай Батуда мешіт-медресе тұрғызған. Яғни, Алтын Ордада мұсылмандардың өз ғұрып-рәсімдерімен өмір сүруіне толық мүмкіндік қарастырылды. Джузжанидің дерегіне илансақ, Бату хан Алтын Орда империясын Шыңғыс ханның «Ұлы Иаса» заңымен басқарса да, жасырын түрде Ислам дінін қабылдаған көрінеді. Әлбетте, Бату ханның мұсылман болған, болмағаны бір Аллаға аян. Дегенмен, Ислам тыныштықта өркен жаятын дін. Ал, осыған мол мүмкіндік тудырған һәм Алтын Орданы гүлдендірген «Саин хан» сөз жоқ – ұлы билеуші! 

Мұхан Исахан,
Рүстем Сыздықов

turkystan.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста