Жарты әлемді билеген Еділ патша толық зерттелді ме?

Жарты әлемді билеген Еділ патша толық зерттелді ме?

Соңғы 4-5 жылда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтары ашылған болса, биылғы оқу жылында өмірге келген зерттеу мекемесі «Ұлы Дала өркениеттері» деп аталады. Орталықтың үлкен бір бөлімі ғұндар мәдениетін зерттеу­ге арналған. Бұл біздің тарихымыздағы елеулі оқиға. Осы уақытқа дейін осынау даңқты бабаларымызды Қазақстан топырағында дәл осылай мемлекеттік көлемде ешкім зерттеп көрген емес. Әрине, қазақ ғалымдарынан бірді-екілі ғұнтанушылар мен еділтанушылар (аттилатанушы) шыққаны рас. Енді осынау адамзат тарихы мен мәдениетінен ерекше қомақты орын алатын бабаларымыз тарихын мемлекеттік дәрежеде, жүйелі түрде, кең көлемде зерттеп, бүгінгі және келер ұрпағымызға танытатын уақыт келді. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың отандық тарихымыз бен мәдени мұрамызға ерекше көңіл бөліп отырғаны сондықтан. Бүгінгі егемендік жағдайында жас ұрпақты Отанды сүюге, ұлтжандылыққа, патриотизмге тәрбиелеуге үлкен мән бере отырып, еліміздің ежелгі тарихы белестерінің әлі де зерттеуге ілінбеген беттеріне көңіл аударуымыз керек. Осындай ғылыми орталық Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жеке бастамасымен және қамқорлығымен өмірге келді. Көптеген білікті мамандар, солардың ішінде шет тілдер мамандары қызметке шақырылды.

Ғұндар және олардың мәдениеті ғасырлар бойы талай ұрпақты алаңдатып келеді. Осынау даңқты бабаларымыздың тарихын зерттеудің өз ерекшелігі бар. Бабалар тарихы қаншалықты толқымалы болса, оны зерттеу тағдыры да соншалықты құбылмалы болды.
Адамзат тарихындағы хундардың (ғұн­дардың) орны мен рөлi және Еділ патша (Аттила) тарихы көп уақыттан берi зерттелiп келедi. Еуропалықтар бұл тақырыпты тиіп-қашып зерттеген және көркем шығармалар да жазған. Көлемді зерттеулер ХVІІІ ғасырда пайда бола бастады. Алғаш рет көлемдi еңбек жазған француз ғалымы Дегин (Deguinges) болатын. Оның 1748 жылы шыққан зерттеуi «Memoire sur l origene de Huns et Turcs» (Paris. 1748) деп аталады. Ал 1756-1758 жылдары оның осы тақырыпқа арналған көлемдi еңбегiне тек хундар мен түркiлер ғана емес, моңғолдар проблемасы да қосылды (Histoire des Huns,des Turcs, et des autres Tartares occidentaaux. 4 tom. Paris.1756-1758). Бұл еңбек 1768 жылы немiс тiлiне аударылды.
ХVІІІ ғасырдағы зерттеулердiң ең үл­кенi әрi көлемдiсi осы Дегиннiң еңбектерi болса, ХІХ ғасырдағы ең құнды еңбек Амедей Тьиерридiң «Аттила және оның iзбасарларының тарихы» атты кітабы екi том болып Парижде 1856 жылы жарық көрдi. Бұл зерттеу хундар тарихы мен Еділ­дің адамзат тарихындағы рөлiне ерекше баға бергендiктен және көптеген тарихи шындықты дәл жеткiзгенi үшiн аттилатану проблемасы бойынша революция (төңкерiс) жасады деуге болады.
Ал ХХ ғасырда тарих ғылымының осы бір көкейкестi мәселесiн зерттеушiлердiң жаңа тобы дүниеге келдi. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бұл тақырыпты зерттеушiлердiң ең көрнектiлерi Иностранцев, Бартольд, Мак Говерн, Мэншен-Хэлфэн, Руденко, Томпсон, Толстов, Бернштам болса, екінші жартысында Гордон, Артамонов, Гумилев, Вернер, Такат, Мандельштам, Серебренников, Сиротенко, Марғұлан, Засецкая, Удальцова көзге түсті. Алайда аталған проблема бойынша революция жасаған А.Н.Бернштам ғана едi. Ол шын мәнiнде аттилатану мен хунтану проблемасының ардагерiне айналды. Бiрақ оған осынау ғылымның жетiстiгi бақыт әкелген жоқ, керiсiнше «Пантюркист» деп айыпталды және көп ұзамай 1956 жылы бар-жоғы 46 жасында дүниеден өтті.
Жалпы, Дегиннiң алғашқы еңбегi жарық көрген күннен бастап Еуропада Батыс хундарының шығу тегi туралы ғалымдар арасында айтыс-тартыстар басталды.
Әрине, алғашқы мәселе қытай дерек­терiндегi ертедегi хундар мен Еуропа хундары арасындағы байланысты анықтау болатын. Бұл мәселе көп ұзамай анықталды. Орталық Азиядан шыққан хундар мен Батыс хундар бiр халық екенi дәлелденді. Оның үстiне қытай тiлiнде де, Рим империясының мемлекеттiк тiлi латын тiлiнде де «Хун» деп жазылғаны рас. Орысша «Гун» деп жа­зылғандықтан қазақ тiлiнде «Ғұн» болып қолданылып, түпнұсқадан алыстап барады. Мысалы, Хунгрияны орысша Венгрия де­ген­дiктен бiздер де солай қолданып жүрмiз.
Екiншi мәселе хундардың этникалық шығу тегi болды. Бұл мәселе Еуропа ғалымдары арасында көптеген қызу тартыс­тар туғызды. Хундардың этникалық шығу тегi туралы ХХ ғасырға дейiн төрт түрлi болжамдар айтылды. Олардың бiр тобы хундардың шығу тегi түркi, екiншi тобы моңғол, үшiншi тобы фин-угор, ал төртiншi тобы славян тiлдес болуы мүмкiн деген болжамдар жасады.
1. Хундардың шыққан тегi моңғол, яғни моңғол тiлдес болуы керек деп болжам жасағандар П.Паллас, Тунман, Ф.Бергман, И.Шмидт, И.Бэр, Н.Я.Бичурин, К.Нейман, Х.Хоуорс және т.б.
2. Хундардың шыққан тегi түркi, тiлi түркi тiлдес деген ғалымдар: Абель Ремюзе, Ю.Клапрот, Ф.Мюллер, Жирар де Риалл, В.В.Радлов, Н.Аристов, Ф.Хирт, И.Блейер, В.Бартольд, В.Панов, Л.Нидерле, Е.Паркер, Ф.Шварц, А.Жардо, К.Риттер, Н.Толль, т.б. болса, осы топқа ерекше қосылатын ғалымдар Амедей Тьиерри, Ш.Ш.Уәлиханов, Ә.Х.Марғұлан және т.б.
3. Батыс хундардың алғашқы ордасы пайда болған жер Едiл мен Жайық яғни Орал өңiрi болғандықтан және сол аймақта ертеден фин –угор тайпалары мекендегендіктен себептi кейбiр ғалымдар батыс хундардың шыққан тегi, тiлi фин – угор болуы керек деп болжам жасады. Олар: М.Кастрен, Кос­кинен, Вивьен де Сен-Мартен, Уйвальви де Мезо Ковеш, П.К.Услар, т.б.
4. Ал хундардың шыққан тегi славяндар болуы мүмкiн деген пікірді қолдағандар саны аз болды, оларды ғылымда ешкiм қолдай алмады. Олар: Д.Венелин, А.Вельтман, А.Погодин, Д.И.Иловайский ж.б.
Мысалы, ұлы ғалым Ю.Клапрот жоғарыда атап көрсеткенiмiздей, Азиядағы хундардың шығу тегiн түркi тiлдес деп дәлелдесе де батыс хундар Еуропа жерiнде бiрқанша өзгерген болуы мүмкiн деп болжады.
Жер кiндiгi Орталық Азиядан шыққан хундар Батысқа қарай жылжығаны туралы алғаш пікір айтқан Дегин болатын. Әрине, Едiл – Жайық өңiрiне жеткенше олар Орта Азия мен Қазақстан жерiн мекендеген талай тайпалармен байланыста болғаны тарихи шындық. Дегин теориясы бойынша хундардың сонау Азиядан Еуропаға өтуі өте қиын процесс болған. Алайда осынша аралықты басып өткен хундардың бiр жыл емес, жүздеген жылдар бойы жалғасқан миграциялық үрдісі түгелдей зерттелмеген едi. Хундардың Орта Азия мен Қазақстанда қалған бөлiгi эфталиттер (абдалдар) мемлекетiн құрып әбден күшейген кезде (ІV-V ғасырлар) олар Ауғанстан, Пакистанды түгелдей, ал Иран мен Индияның бiр бөлегiн жаулап алып отарлаған едi…
Нақтылап айтқанда, ІV-V ғасырларда Батыс хундар Еуропада ат ойнатып жүргенде Орта Азиялық хундардың да тасы өрге домалап тұрған. ХХ ғасырдың бiрiншi ширегiнде көшпелiлер проблемасы туралы ғылым бiраз дамыған сияқты болды. Бұл мәселемен көбiрек айналысқан зерттеушілер Н.Савицкий, Н.Толль, М.Ростовцев, т.б. болатын.
ХХ ғасырға дейiн Еуропада Хундар тарихы мен проблемаларын зерттеуде екi үлкен орталық, яғни екi үлкен мектептi айтуға болады. Олар Француз мектебi мен Немiс мектебi. Әсiресе француз ғалымдары ХІХ ғасырда көп жетiстiктерге жеттi. Солардың iшiнде ерекше атап өтетiнiмiз Амедей Тьиерридiң екi томдық зерттеуi (1856 ж.).
ХХ ғасырда аталған проблемаларды зерттеуге үлкен ғалымдар атсалысты және Ағылшын-америка мектебiмен қатар Кеңес өкіметі ғалымдары да араласа бастады. Оларды атап айтсақ, ағылшын ғалымдары Мак-Говерн, Томпсон, Американ ғалымдары Хирт, Гордон, Ресей және Кеңес өкіметі ғалымдары Бартольд, Иностранцев, Сос­новский, Тревер, Толстов, Мацулевич, Тихонова, Левченко, Артамонов, Киселев, Бернштам, Гумилев, Скржинская, Засецкая, т.б. көп еңбек сiңiрдi.
Хундар мен Еділ проблемасы көп ғасырлар бойы зерттелсе де айтыс-тартысы аз болған жоқ. Орталық Азияда, қазiргi Қытай жерiнде пайда болған Хун ордасы түркi мәдениетi мен түрiк тiлiнiң қайнар бұлағы болғанына көп дау айтылған жоқ. Хундардың түркi тiлдес халық болғаны, яғни VІ ғасырдағы әйгiлi Түрiк қағанатының және басқа көптеген түркi тайпаларының атасы болғаны ғылымда әлдеқашан дәлелдендi. Ал Батыс хундар, яғни Еуропа хундары сол Азиядағы хундардың бiр бөлігi деп дәлелдендi.
Осы теорияны дамытқандар: Ресей ғалымы К.А.Иностранцев, Кеңес өкіметі ғалымдары С.В.Киселев, М.И.Артамонов, Л.Р.Кызласов, Н.Я.Мерперт, А.Н.Бернш­там, Л.Н.Гумилев, ағылшын ғалымы Мак-Говерн, чех ғалымы Е.Прицак ж.б. Ал осынау ғылыми, нақты тұжырымдарға қарсы шыққандар болды. Олар: америка ғалымы Мэншэн-Хэлфэн және ағылшын ғалымы Э.А.Томпсон сияқты зерттеушiлер хундарды Азиядан келмеген, Орал тауы өңiрiнiң автохтонды, яғни фин-угор тiлдес жергiлiктi тұрғыны деп есептеді.
Ал хундардың адамзат тарихындағы алатын орнына әртүрлi баға берiлдi. Кейбiр А.Н.Бернштам сияқты ғалымдар хундардың Еуропаға келуiнiң тарихи және прогрессивтiк маңызы болғанын дәлелдейді. Әрине, бұған Еуропа ғалымдарының көп бөлiгi қарсы болды. Олар Еуропадағы хундар тек жойқын шабуылшы, басқыншы, күйретушi ғана болды деп шындыққа көз жұмып қарады және жазды.
Кеңес өкіметі дәуiрiндегi идеология Рим империясын соңғы құл иеленушi мем­лекет, одан соң құлдық қоғам күйреп, фео­далдық қоғам өмiр сүрдi деп дәріптеді. Шын мәнiнде сол қоғамның (феодалдық) адам баласына жасаған қиянаты аз болды ма?
Оның үстiне Рим империясын құлатуға Хун ордасының қатысы бар деген тұжырым мүлде қате екенiн бiз өз зерттеуiмiзде жан-жақты дәлелдедік. Себебi Хун ордасының Еуропа тарихына кiруi ІV ғасырдың орта шенi болса, ол кезде христиан дiнiнiң келуiмен Рим империясы ыдырай бастаған едi. Керiсiнше Рим империясы соңғы 80-90 жылда хундардың көмегi арқасында ғана құламай тұрғанын көремiз. Әйтпесе герман тайпалары 400 жылға жеткiзбей-ақ Римнiң екi империясының да күлiн көкке ұшыратын едi.
Адамзат тарихындағы Хун ордасы мен оның әйгiлi королi Еділ туралы осы уақытқа дейiн, жоғарыда айтқанымыздай, көптеген зерттеулер жазылды. Олардың ұзын саны жүзден асады. Осы тақырыпқа арналған зерттеулер әлi күнге дейiн жазылып жатыр. Зерттеулер қанша көп болғанымен, олардың көбi христиан дiнiнiң әсерiмен жазылған дүниелер. Алайда сол әйгiлi зерттеушiлердiң iшiнде нағыз демократтық және реалистiк көзқараста болғандары саусақпен санайтындай ғана. Ерекше атап өтiп, бiздiң бас иетiн ғалымдарымыз ХІХ ғасырдағы Амедей Тьиерри, ХХ ғасырдағы А.Н.Бернштам, Ф.Альтхэйм, Л.Н.Гумилев, Ә.Х.Марғұлан, И.П.Засецкая, З.В.Удальцова және т.б.
Жоғарыда атап көрсеткенiмiздей, Амедей Тьиерри Еділ мен хундар тарихын түбегейлi зерттеп, ғылымның осы саласында төңкерiс жасаған ғалым. 1856 жылы Парижде жарық көрген «Аттила және оның iзбасарларының тарихы» атты екi томдық кiтабында алғаш рет Еділден соң Еуропада өмiр сүрген Уархун(Арғын) қағанаты туралы аса құнды зерттеулер бар.
Сонымен қатар ол хундардың және Еділдің тарихта алатын орнын дәл көрсетiп, әдiл бағасын берген едi. Сонша жылғы зерттеудiң нәтижесiнде ол «Аттила есiмi адамзат тарихындағы ұлы адамдар А.Македонский мен Ю.Цезарь қатарынан орын алды» деп ой түйген болатын. Мұндай тұжырым, әрине, христиан дiнiнiң әсерiмен жазылған басқа зерттеулердiң бәрiн жоққа шығарып, олар нақақтан айыптап жүрген Еділді түгелдей арашалап алған болатын.
ХІХ ғасырдың екiншi жартысынан бастап Хундар проблемасымен Ресей ғалымдары да жан-жақты айналыса бастады. Бұған түрткi болған Тьерридiң еңбектерi болатын. Солардың iшiнде М.Стасюлевич, В.В.Латышев сынды ғалымдарды ерекше атауға болады. Айта кететін бір жайт Тьерридің аталған кітабын Ресей ғалымдары ішінде алғаш қолдаған А.Н.Бернштамның орны ерекше. Оның «Очерки истории гуннов» атты кiтабының 1951 жылы жарыққа шығуы шын мәнiнде тарихи оқиға болды.
Бiр ескеретiн жағдай, Кеңес өкіме­тінің тарихшылары Батыс Еуропадан шыққан ғалымдардың еңбектерiн әрқа­шан басшылыққа ала отырып, сараптап, өзiнiң ғылыми жұмыстарын жазды. Сон­дықтан олардың еңбектерi көбiне Еуропа ғалымдарының еңбектерінен құндырақ болды. Оның үстiне олар кең байтақ Кеңес Одағы аймағындағы барлық археологиялық материалдарды жан-жақты пайдалана білді.
Ал шетел ғалымдары орыс ғалымдары шығарған түбегейлi зерттеулердi орыс тілін білмегендіктен терең сараптай алмады, оның үстiне олар Кеңес өкіметі ғалымдарының талантын мойындамай келеді.
Мысалы, А.Н.Бернштамның әлгi айтылған кiтабы жалпы хундар проблемасында ерекше орын алса да осы уақытқа дейiн шетел ғалымдары оған сiлтеме жасамай келеді. Бернштам өзiнiң әйгiлi зерттеулерiнде хундар мен Еділге қатысты Еуропа мен Америкада шыққан зерттеулердiң бәрiн пайдаланған және оларды мұқият сараптаған. Ал содан үш жыл бұрын 1948 жылы, ағылшын ғалымы Томпсонның «Аттила мен Хундар тарихы» деген Оксфорд баспасынан шыққан кiтабында Бернштамның осы проблемаға арналған еңбектерi пайдаланылмаған. Ол түгiлi хундар мен аттилатануда үлкен төңкерiс жасаған француз ғалымы Тьиерридiң екi томдық кiтабына бiрде-бiр сiлтеме жасамаған, сондай-ақ ол кiтапты жалпы тiзiмге де кiргiзбеген. Еділ туралы қарапайым мақаланың өзiн пайдаланған Томпсон француз ғалымының аса құнды еңбектерiн әдейi көрмеуi зерттеушiлерге көп нәрсенi аңғартса керек. Мысалы, Тьиерридiң кiтабы ХХ ғасырда қайта басылған жоқ. Ал Томпсонның кiтабы әлi күнге дейiн қайта-қайта басылып жатыр.
Хундар проблемасын бұрыннан зерттеп жүрген талантты ғалым, археолог А.Н.Бернштамның әйгiлi «Очерки истории гуннов» деген көлемдi зерттеуi 1951 жылдың 3-шi ширегiнде Ленинград университетiнде жарық көрдi. Жауапты редакторы М.М.Дьяконов.
Көп жыл зерттеген А.Н.Бернштам хундар мен Еділ проблемасына қатысты дүниежүзiнде қандай еңбек жазылса соның бәрiн са­раптап, адамзат тарихындағы олардың рөлi мен орнын жан-жақты көрсете келiп: «…в этом заключается всемирно-историческое значение гуннского похода на Запад, в этом заключается всемирно-историческая роль Аттилы»(162-бет) деп әдiл бағасын берген едi.
Алайда сол кездегi «шаш ал десе бас алатын» коммунистiк және шовинистiк саясат бұл кiтапты найзаның ұшымен қарсы алды. Жас ғалымдарға зорлықпен пiкiр жазғызды. Сол кездегi жас ғалымдар Л.Р.Кызласов пен Мерперттiң рецензиясы 1952 жылы «Вестник древней истории» журналының 1-санында жарық көрдi. А.Х.Рафиков деген белгiсiз бiреудiң (ондай ғалым жоқ едi, соған қарағанда жасырын аты болу керек) рецензиясы 1952 жылы «Вопросы истории» журналының 5-санында жарық көрдi. Және сол жылы «Большевик» журналының 11-санында «Против идеа­лизации гуннских завоеваний» деген мақала З.В.Удальцованың атымен жарық көрдi.
Олар түгелдей Бернштам көрсеткен хундардың адамзат тарихындағы рөлi мен маңы­зына қарсы болды. Мысалы, З.В.Удальцова: «Гунны отнюдь не были сози­да­телями феодальных отношений и носи­телями прогресса, как их хочет изобразить А.Н.Бернштам» деп жазса, Каталуния шайқасы туралы: «Совершенно неправильно поступает А.Н.Бернштам, снижая значение Каталунской битвы 451 года…» деп Христиан дiнiнiң әсерiмен тарихты бұрмалаған Еуропа тарих­шысымақтарының жалған болжамын қолдайды.
Өз зерттеуiнде Бернштам көрсеткен хундардың тек мал шаруашылығымен ғана емес, жер өңдеу мәдениетi жоғары болғанына да әлгi сыншылар қарсы шықты.
Еуропадағы адал тарихшылардың iзбасары болған Бернштамды: «Автор пользуется не подлинными данными римских и византийских писателей ІV-V веков нашей эры, а работами буржуазных историков ХVІІ-ХІХ веков (Дегин, Гиббон, Клапрот, Тьиерри и др.)…
…Искажая историческую действительность, автор идеализирует гуннов, преувеличивает их роль и значение во всемирной истории, превозносит их вождя Аттилу…» деп нақақтан айыптаған болатын.
Дүниежүзiндегi барлық зерттеулердi мұқият сараптағаны үшін А.Н.Бернштамды «Пантуркист» деп айыптады. Оған сол кездегi Түркияда шығатын «Беллетен» журналы мен 1943 жылы Стамбулда өткен «Түрiк тарихшыларының ІІ конгресiнiң» әсерi болған деп неше түрлi айып тақты. Ал түрiк ғалымы Садри Мақсуд Арсалдыға – Пантюркизмнiң идеологi, «Махровый расист» деп мiнездеме берiптi әлгi ешкiмге белгiсiз автор А.Х.Рафиков. Ол сондай-ақ өзiнiң осы ойын: «Эти суждения турецких расистов – фальсификаторов истории преследуют цель привить широким слоям турецкого народа преступную идею расового превосходства над другими народами, морально подготовить народ к захватнической войне, порабощению и угнетению других народов. Книга А.Н.Бернштама перекликается с этим псевдонаучным бредом турецких фашистов» деп жазып: «Эта книга является глубоко порочной и антинаучной. Концепции А.Н.Бернштама чужды Советской науке…» деп түйiндеп қана қоймай, бүкiл Ленинград университетiнiң ғалымдарын: «Можно только удивляться, как могла кафедра археологии Ленинградского университета рекомендовать такую работу к печати и как мог Ленинградский университет ее опубликовать» деп айыптаған едi.
А.Н.Бернштамның әйгiлi еңбегiн нақақтан қаралаған осы үш мақала жарыққа шыққан соң Мәскеудегi ИИМК-ның (Инс­титут Истории Материальной культуры) ғылыми кеңесiнде 1952 жылдың 27-маусымы күнi осы кiтапты жан-жақты талқылады.
Осы ғылыми кеңестiң қысқаша мазмұны 1953 жылы «Советская Археология» журналында жарық көрдi. Ғылыми кеңеске қатысқандар әлгi үш мақаланы қолдайтындығын бiрауыздан айтыпты. Баяндама жасаған С.В.Киселев Сталинге сiлтеме жасай отырып (О Великой Оте­чественной войне Сов.Союза.Госполитиздат.1950, стр.120), хундар тек Еуропаны тонаумен айналысқан халық және олар Каталуния шайқасында (451) жеңiлiс тауып құрыған ел деп айта келiп: «…утверждение Бернштама смыкается с реакционными тео­риями буржуазной историографии…» деп айыптап, С.П.Толстов, А.П.Окладников, М.И.Артамонов сынды белгiлi ғалымдарды да аямай сынға алған.
Одан кейiн шығып сөйлеген Н.Я.Мерперт жаңа ғана айтылған С.В.Киселев баяндамасын түгелдей қолдайтынын айта келiп, Л.Р.Кызласов екеуiнiң атынан жарық көрген мақаланың мазмұнын қайталапты. Одан кейiн Е.И.Крупнов шығып сөйледі, ал Л.Викторова мен В.П.Шиловтың жазбаша жiберген пiкiрлерi оқылды.
Жалпы айтқанда, ИИМК-ның ғылыми кеңесiне қатысқандар шешiмi былай деп жазылған: «…за выход в свет порочной книги А.Н.Бернштама несет ответственность и коллектив ИИМК, так как заведующий Ленинградского отделения ИИМК – М.М.Дьяконов был редактором книги, старший научный сотрудник этого института проф. М.И.Артамонов рекомендовал книгу для печати, а старший научный сотрудник М.И.Тихонова дала положительную рецензию на книгу до ее опубликования. Ленинградскому коллективу ИИМК необходимо обратить самое серьезное внимание на идеологическую сторону своей работы и особенно на сектор Средней Азии и Кавказа, в котором не развернута критическая работа, вследствие чего члены сектора медленно преодолевают марристские (учение Марра, С.ґ.) заблуждение» деп өте астарлы айтылған.
Қорытынды сөз сөйлеген КСРО ҒА мүше-корреспондентi А.Д.Удальцов кiтап авторы Бернштамды және Артамонов, Тихонова сияқты ғалымдарды айыптай келiп»…книга А.Н.Бернштама «Очерки истории гуннов» содержит настолько серьезные ошибки и изв­ращения, что выход ее в свет дискредитирует нашу науку…» деді. Ақырында А.Д.Удальцов бұл кiтапты қолдайтын ғалымдардың пiкiрiн «жоққа шығару керек» деп бiтiрген едi сөзін. Олар Бернштамды қаншама айып­таса да, оны айыптайтын мақалаларға қол қойған жоқ еді. Себебі Бернштамның жазғандары бүгін болмаса ертең міндетті түрде ақталатынынан қорыққан-ды.
Алайда осы кеңестегi талқылауда Бернш­тамның берген жауабы және оның өзiн айыптап шыққан үш мақалаға қарсы айтқан сөздері ешқандай баспасөз беттерiнде басылмады. Ол сонда не айтты екен, неге оны Кеңес өкіметі ғылымы құпия түрде қалдырған?
Бұған бiз кейiнірек тоқталамыз, қазiр ретi келiп тұрғанда айта кететiнiмiз дәл осындай жағдайлардың Алматыда қалай өткенi, яғни 1952 жылдың ызғары туралы болмақ…
Алматыда мұндай нақақтан айыпталған тарихшылар түгелдей түрмеге жабылды. Қазақстан тарихы ғылымындағы iрi тұлға Е.Бекмахановқа тiптi ату жазасын беруге аз-ақ қалды. Жазықсыз Әлкей Марғұланды «Ленинградта университет бiтiрген аса бiлiмдi адам болса да Қазақстан ғылымына ештеңе берген жоқ» деп айыптаған мақала 1951 жылы М.С.Тұрсынованың атымен «Казахстанская правда» газетiнде басылды. Бұл жерде Бернштамды айыптап мақала жазған З.В.Удальцова мен М.С.Тұрсынованың тағдыры бiрдей. Екеуi де баспасөз бетiнде қанша жамандаса да, өз ұстаздарын ерекше сыйлайтын жандар едi.
Мысалы, З.В.Удальцова 70-80-шi жылдары Мәскеудегi «Әлем тарихы институты» деген бiр мыңнан астам ғалымдар қызмет iстейтiн ұжымның директоры қызметiн атқарды. Ол сонда бiр кезде өкiмет қысымымен айыптауға мәжбүр болған Бернштамның пiкiрлерiн қолдап, бiрнеше зерттеулер жазды. Христиан әлемi мен Кеңес өкіметі нақақтан неше түрлi айып тағатын Еділ туралы ол: «…Если для Иордана Аттила прежде всего грозный завоеватель, угрожавший всему миру, то для Приска король гуннов скорее не воитель, а правитель, не полководец, а судья, выслушивающий жалобы народа и выносящий приговор по судебным делам…» деп ұстазы Бернштамды түгелдей қолдағанын және ақтағанын бiз бұл күнде қуанышпен айта аламыз. Сондай-ақ Бернштамның және бiр шәкiртi ленинградтық ғалым Е.Ч.Скржинская бүкiл христиан әлемi алақанға салатын Иордан туралы «Отношение Иордана к гуннам и Аттиле резко враждебно…» деп айтқан аталы сөзi 1962 жылы жарық көрген едi. Осының бәрi Кеңес өкiметiнде Бернштамды қолдайтын ғалымдардың аз болмағанын көрсетедi.
Жалпы, Александр Натанович Бернштам (1910-1956) шәкiртi көп ғалым және олардың көбi Гумилев, Засецкая секiлдi атақты ғалымдар. Оның әйгiлi шәкiртi Л.Н.Гумилев Бернштамның барлық пiкiрлерiн қолдайтын едi. Мысалы, Каталуния шайқасы туралы ол: «451 г. Аттила решал судьбу Римской империи…» деп аталы сөзiн айтып, бүкiл христиан әлемi тарихшыларының пiкiрiн түгелдей жоққа шығарған едi (Хунны в Китае, М. 1974, 200 бет).
Бернштам кiтабын сынаушыларға оның жазған жауабы және 1952 жылғы талқылау кезiнде берген оның жауабы және т.б. материалдар ешқашан жарық көрмедi. Мысалы, сол Мәскеудегi екi күнге созылған талқылау туралы:
«…Никакого урока для себя не извлек Бернштам и из двухдневного критического обсуждения его книги… Судья по выступлению Бернштама на этом заседании, автор склонен отстаивать правильность своих тезисов и считать необходимым дальнейшее обсуждение гуннского вопроса…» деп жазылғанына қарағанда А.Н.Бернштам компартияның ешқандай қоқан-лоққысынан қорықпаған, яғни өзектi жанға бiр өлiм деп есептеген ғалым. Себебi ол өзiнiң зерттеулерi мен жазғандарының дұрыстығына шүбә келтiрмеген.
Алайда Александр Натанович көп ұзамай 1956 жылдың ақырында бар-жоғы 46 жасында қайтыс болды. Оның қайтыс болуы бiз үшiн жұмбақ, алайда 1951 жылдан бастап оған өкiмет тарапынан аз түрткi болмағаны белгiлi.
С.П.Толстов ол қайтыс болғанда жазған қазанамада: (Советская этнография,1957 жыл,1-саны): «…он никогда, несмотря на иной раз грубые и несправедливые выпады своих противников, не соглашался «исправлять» действительную историю народа в угоду цитатчикам и догматикам, продолжая смело идти избранным им путем, зная, что партия, научная общественность и народ неизменно поддержат его…» деп жазған аталы сөзiне қарағанда оның қарсыластарына айтқан және жазған жауаптарының ешқайсысы жарық көрмеген. Компартия басқаға көңiл бөлмесе де Бернштамның хундардың әлемдiк тарихтағы маңызы туралы пiкiрлерiне мықты тосқауыл қойды. Сондықтан Бернштамның аса құнды ойлары мен пiкiрлерi осы күнге дейiн ғылымның игiлiгiне жете қойған жоқ.
Хундардың бүкiләлемдiк тарихтағы рөлi, орны және маңызы туралы Бернштамның көптеген ойлары мен пiкiрлерi толық тарқатылмай жұмбақ күйiнде қалды. Бiздiң ойымызша ұлы ғалым Бернштамның хундар тарихы мен рөлiне берген бағасын былай тарқатуға болады:
Егер Хун ордасы болмағанда Қара теңiз жағалауындағы атам заманнан келе жатқан мәдениеттi, өскелең өлкенi басып алған герман тайпаларын ары қарай қуатын ешкiм болмас едi.
Арыны қайтпаған жауынгер герман­дық­тар аса жоғары мәдениеттi болды. Егер оларды хундар талқандап, ары ысырмағанда, қазiргi Оңтүстiк Ресейдiң көп жерiнде және Украина жерiнде немiс мәдениетi мен тiлi қалатын едi және келешекте славян халықтарының пайда болуы екiталай болатын. Пайда болған күнде де тек германдықтардың санын ғана көбейтер едi. Ал германдықтар Рим империясынан соңғы Еуропаның қожасы едi.
Римнiң мұрасына бұрын жалғыз бақталас германдықтар болды. Ал хундар келген соң сол үлкен мұраға бақталас екеу болды.
Хундардың арқасында Италияға дейiн­гi Римнiң ұлан-байтақ жерiн славян халықтарының алтауы (кешегi Югославия және Болгария жерi) иеленіп қалды, яғни хундардың арқасында тек түркi халықтары ғана емес, келешекте славяндарға да жол ашылды. Паннония (Рим провинциясы) 425 жылдан берi Хунгрия(Венгрия) болып қалды. Ал Шығыс Рим империясының көп жерi орталығы Константинополь(Стамбул), яғни Орта ғасырлардағы Византия жерi қазiр Түркия деп аталады.
Славян халықтары үшiн Хундардың тарихи маңызы үлкен екенiн Еуропа ғалымдары да, Ресей ғалымдары да жақсы бiледi. Әсiресе хун тiлi славян тектес болған деп жорамалдау­шылар хундардың тарихын осылай түсiндi. Хундар түркi тiлдес халық болып шыққан соң славяндардың арыны басылып, қызған көңiлi суып қалды, сондықтан хундарды нақақтан айыптаушыларға одақтас болып шыға келдi.
Мiне, осындай тұжырымдарды ұлы зерттеушi Бернштам айтпауы мүмкiн емес. Сондықтан ол ешкiмнен қорықпады, өз айтқанынан қайтпады.
Осы жерде айта кететiн бiр жайт, Батыс Еуропада Бернштам пiкiрлерiмен сәйкес келетiн тек немiс ғалымы Альтхейм екенiн ерекше атап өтуге мiндеттiмiз. (F.Altheim. Die Hunnen in Osteuropa. Baden-Baden,1958. Geschichte der Hunnen. Bd. 1-5, Berlin, 1959-1963).
Хундар мен Еділге шүйiлген 1952 жылдың суық желi қазақ ғалымдарын қатты қорқытты. Сондықтан олар хундар мен Еділ мәселесiне жолаған жоқ. Алайда белгiлi Кеңес ғалымы Ә.Х.Марғұлан хундардың материалдық мұрасын өмiр бойы зерттедi, себебi Еділмен тiкелей айналысуға батылы бармады. Дегенмен, өмірінің соңғы жылдарында ғана бiрнеше зерттеулерiнде Еділге жан-жақты тоқталған және француз ғалымы Тьиерридiң Еділ туралы аталы сөздерiн қуанышпен қолдады. Себебi Тьиерридi алғаш қазақ топырағында Ш.Ш.Уәлиханов қолдаған болса, ол Ә.Х.Марғұлан назарынан тыс қалуы мүмкiн емес едi («Ежелгi жыр, аңыздар». А. 1985).
Ә.Х.Марғұлан сондай-ақ Манас жырын зерттегенде Еділдің Еуропа халықтарының батырлар жырындағы бейнесiне жан-жақты тоқталған. Жалпы, Әлекеңнiң барлық еңбегi жарық көрген жоқ. Мысалы, хундарға қатысты бiр мақаласы сонау 40-шы жылдарда жазылыпты. Оған пiкiр жазып баспаға ұсынған атақты шығыстанушы, қытай тілінің маманы Кюнер екен. Ол белгiлi ғалым Марғұлан кандидаттық диссертация қорғағанда екiншi оппонент болған-ды. Алайда әлгi мақала осы уақытқа дейiн жарық көрген жоқ, қазір көп томдық жинағына кiргелi жатыр.
Соңғы жылдары Л.Р.Кызласовтың Ә.Х.Марғұлан туралы естелiгi Қазақстан баспасөзiнде үш рет жарық көрдi. Иә, сол Кызласов, 1952 жылы Мерперт екеуiнiң атынан Бернштамның хундар туралы жазған кiтабын айыптаған мақаланың авторы. Әрине, ол кездегi жас ғалым Кызласов өкiмет қысымымен сондай мақала шығарғаны рас. Сол Бернштамды нақақтан айыптайтын мақалалардың авторлары тек жас ғалымдар ғана болғаны көп шындықты айғақтаса керек. Леонид Кызласовтың Ә.Марғұлан туралы естелiгi 1997 жылы Қазақстан Даму Институтының журналында, 2004 жылы май айында Павлодар университетiнде шыққан «Ғұлама» атты жинақта және 30-маусымда «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрдi.
Л.Р.Кызласов өз естелiгiнде бүкiл Жетiсу археологиялық эспедициясының басында А.Н.Бернштам тұрса, Шығыс Қазақстан экспедициясын С.Черников, ал Орталық Қазақстан экспедициясын Ә.Х.Марғұлан басқарғанын айтады. Сонда жас археолог Л.Р.Кызласов 1948 жылы Әлекеңнiң қол астында iстеп, Қазақстан жерiнде ашылған археологиялық ғылыми жаңалықтардың куәсi болған едi. Ол кезде Әлекең Қазақстан жерiнен Қыпшақ пен Түрiк қағанаты туралы материалдық мұраларды iздейтiн. Табылған материалдардың көбi Түрiк заманы емес, ертедегi қола дәуiрi болып шыққанда Әлекең бiр жағынан өкiнсе, екiншi жағынан керемет қуанатын едi, – деп еске алады Л.Р. Кызласов. Қола дәуiрi деген ертедегi хун, үйсiн, қаңлы мемлекеттері болғандықтан, зерттеушiлерге бұл үлкен қуаныш сыйлады. Соңғы жылдары жарық көрген Л.Р.Кызласовтың аса құнды еңбегі «Города гуннов» деп аталады.
Әлекең өзiнiң көп қырлы ғылыми еңбектерi мен зерттеулерiнде хундар мұрасына өте көп көңiл бөлген ғалым. Бүкiл түркi халықтары өз тарихының, тiлiнің және мәдениетiнiң қайнар бұлағын алатын Хун империясы туралы зерттеулерді Ә.Марғұлан еңбектері негізінде төмендегідей жіктеуге болады:
– Хундардың саяси тарихы.
– Хундардың тұрмысы және салт-дәстүрi.
– Хундардың заңы және жазалау тәртiбi.
– Хундардың бiзге жеткен аңыз ертегi­лерi.
– Хундардың қала мәдениетi және архитектурасы.
– Хундардың қолөнерi:
– А. Қару-жарақтары
– Б. Ою-өрнектерi
– С.Зергерлiк өнерi. «Полихром стилi»
– Д. Бейнелеу өнерi
– Хундардың шетелдермен қарым-қаты­насы.
– Хун жазулары, яғни эпиграфикасы.
– Хун тiлi мен түркi халықтары тiлдерiнiң сабақтастығы.
2000 жылы Хундардың әйгілі қолбасшысы, мемлекет қайраткері, Еуропа тарихы мен әдебиетінен қомақты орын алған Еділдің туғанына 1600 жыл толды. Осы үлкен мерейтой қарсаңында Қазақстан ғылымы кең көлемде атап өтсін деп сол кездегі Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына өтініш жасап едік, алайда бұл аяқсыз қалды. Өтініш жасағандардың бірі Е.Омаров болатын. Қазақстан Республикасының Ғылым Академиясы қолдамаған соң Е.Омаров «Қайнар» университетінің қаражатымен 2003 жылы маусым айында Халықаралық конференция­ны өзі өткізді. Бұл бір елеулі оқиға болды. Оған Мәскеуден, Петербургтен және Еуропа елдерінен көптеген ғалымдар қатысты. Одан бұрын 2000 жыл қарсаңында Е.Омаров «Қайнар» университетінде Еділге ескерт­кіш мүсін орнатқан еді. Жалпы, соңғы кездегі Қазақстандағы аттилатанушының бірі осы азамат…
2012 жылы маусым айында Еділге Франция жерінде ескерткіш қойылды. Әрине, оның сапасы Е.Омаров орнатқаннан артық емес. Жалпы, осы мәселелерді ескерсек, даңқты бабамыз хундар адамзат тарихындағы өз орнын кең көлемде алуға тиісті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ашылған «Ұлы Дала өркениеті» ғылыми-зерттеу орталығының негізгі міндеті жоғарыда айтылған мәселелерді зерттеп, Егеменді еліміздің игілігіне жарату екенін ерекше атап өтпекпіз.
Кең көлемде зерттеліп жатқан хундар (ғұндар) мұрасының алғашқы жарық көргелі жатқан еңбектері мыналар:
1.Ертедегі түркілердің зергерлік өнері (Ғұндардың полихром стилі).
2.Рим мен Ғұн империялары арасын­дағы достық байланыстар. (Тарих факуль­теті студенттеріне арналған оқулық)
3.Аттила. Көлемі 36 б.т.
Ғылыми-зерттеу орталығының алға қойған мақсатының бірі ғұндардың Еділден басқа да тарихи тұлғаларын зерттеу еке­нін айтуға міндеттіміз. Олар негізі­нен: Мөде, Хухунье, Чжичже, Баламбер, Шарато, Донатус, Руғила, Ақтар, Мыңзық (Еділдің әкесі), Едіге, Еллақ, Одоакр Едігеұлы, Баян­хан және тағы басқалар.
Самат Өтениязов, 
тарих ғылымдарының кандидаты,
Мадрид (Испания) университетінің профессоры,
Абай атындағы ҚазҰПУ «Ұлы дала өркениеттері» тарихи-археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері,

anatili.kz


(Тақырыбы өзгертілген)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста