Халық жазушысы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жаста!
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменов 85 жасқа толып отыр.
Осыған орай, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған «Олжас Сүлейменов және таза планета» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Әлемнің Олжасына арналған бірнеше халықаралық конференциялар мен мемлекеттік деңгейдегі түрлі іс-шаралардың Ұлттық аграрлық зерттеу университетінің іргесінде өтуі бекер емес. Өйткені мұнда ақынның атымен аталып, тұлғасымен тәрбиелентін жастардың өзіндік әлемін, танымдық көзқарасын жаңаша қалыптастыруға тікелей ат салысып отырған Олжас Сүлейменов атындағы «Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты» 2004 жылдан бері рухты жастарды тәрбиелеп келеді.
Ақын университет жастарымен жиі кездесіп, әртүрлі шараларға қатысып тұрады. Студенттермен кездесулерде қайраткер тұлға әдебиет, мәдениет, бейбітшілік мәселесі, еліміздің экологиялық проблемалары және жоғары оқу орындарының халықаралық білім кеңістігіне кіруі туралы пайымдауларымен пікір алмасып отырады.
«Институт қабырғасында жастардың мәдениеттерді жақындастыру, бейбітшілікті сақтап, планетарлық экологиялық сананы қалыптастыру, мәселелерімен айналысатын «Таза планета» ғылыми-білім беру және танымдық орталығы жұмыс істейді», – деп атап өтті ҚР ҰҒА ректор, академик Есполов Тілектес Исабайұлы.
«Ұлттың құндылығы бұл елдің тазалығы мен абырой-беделі. Біз нағыз экологтармыз. «Невада-Семей» қозғалысы Қазақстанның радиациядан аман болуы үшін үнемі күрес үстінде келе жатыр. Еліміз, халқымыз аман болсын»,-деп сөзін аяқтады жаны қазақ ақын Олжас Сүлейменов.
Конференция барысында ҚР Ауылшаруашылығы министрлігі мен университеттің Ғылыми Кеңесі атынан мерейтой иесіне «Аграрлық білімге, ғылымға және өндірісіне қосқан үлесі үшін» медалі табысталып, ұлттық дәстүр жолымен сый-құрмет көрсетілді.