Ұлы Жеңіс жолында қанша адам құрбан болған?
9 мамырда Ұлы Жеңіске 75 жыл толды. Біз бұл жеңістің қалай келгенін соғыстан аман оралған майдангерлерден, сол соғыста әкесі мен бауырынан айырылған үлкендерден естіп өскенбіз, ол туралы кинолардан көрдік.
Дегенмен біздің сол соғыстың сұмдықтары жайында білетініміз тіпті де аз. Мысалы, майдандарда қанша адам қазаға ұшырады, хабар-ошарсыз кеткендердің, тұтқында мерт болғандардың, жарақаттанып, мүгедек болып қалғандардың саны қанша деген сияқты сұрақтардың жауабын білмейміз. Олардың нақты санын ешкім де дөп басып айта алмаса керек. Соғыстың ең үлкен сұмдығы да сонда ғой.
Таяуда көзімізге Ұлы Отан соғысы туралы бұрын-соңды естімеген бір деректер шалынды. Кеңес Одағының маршалы Иван Коневтің аса маңызды істер жөніндегі орынбасары болған генерал-полковник Степан Кожурко деген азамат естелік жазған екен. Онда Жеңістің 25 жылдығын атап өтер алдында болған бір оқиға туралы айтылған. Яғни 1970 жылы Конев КСРО басшылығына соғыс мүгедектері мен хабар-ошарсыз кеткендердің отбасына лайықты жәрдемақы тағайындау жөнінде ұсыныс білдіріпті, бірақ оған қолдау таппапты.
Маршал Конев сол кездің өзінде Жеңіс күнін мереке ретінде тойлауға қарсы болыпты. Бірақ оны ашып айта алмаған. Сондықтан орынбасарына бұл жөнінде кейінгі ұрпаққа жетсін деп біраз құпияларды ашыпты. Соның бірі - «Аса құпия» деп сақталған құжатта сұмдық деректер келтірілген екен.
- Осы деректердің біреуіне ғана тоқтала кетейік. Онда соғыста жараланған адамдардың жалпы саны 46 миллион 250 мың адам деп көрсетіліпті.
- (Мұның қалай есептелгенін біз білмедік. Ал 1941 жылы КСРО халқының саны 197 миллионға жуық адам болған екен. Майданға алғашында 1905-1918 жылдар аралығында туғандар жаппай алынған. Мысалы, кей деректерде 1941 жылы 2 миллион 500 мыңдай еріктілерді қосқанда Батыс майдандағы әскердің саны 10 миллион адамнан асқаны туралы айтылады. 1944 жылы соғысқа ең соңғылар болып 1927 жылы туған азаматтар алына бастапты. 1945 жылы КСРО әскерінің қатарында 11 миллионнан аса адам болыпты. Осыларға қарай отырып жоғарыдағы «46 миллион 250 мың» деген санға күмән келтіру де оңай емес сияқты. Өйткені сол соғыста солдат өмірінің құны болмағаны, немістің бетін қайтару үшін оларды көрінеу ажалға мыңдап-миллиондап айдап салғаны туралы кейінгі кезде көп айтылып жүр ғой).
- Ал жоғарыда айтылған, маршал Конев орынбасарына берген құпия құжатта денесі түрлі дәрежеде зақымданған соғыс мүгедектері туралы мынадай деректер келтірілген екен:
- басынан ауыр жарақат алғандар – 775 мың;
- бір көзінен айырылғандар – 155 мың;
- соқырлар – 250 мың;
- бет-әлпеті бүлінгендер – 501 мың 342;
- мойны қисайғандар – 157 мың 565;
- іші жарылғандар – 444 мың 46;
- омыртқасы зақымданғандар – 143 мың 241;
- жамбас аумағынан жараланғандар – 630 мың 259;
- жыныс мүшесінен айырылғандар – 28 мың 648;
- бір қолы жоқтар – 3 миллион 147;
- қос қолынан бірдей айырылғандар – 1 миллион 10 мың;
- бір аяғы жоқтар – 3 миллион 255 мың;
- екі аяғынан қоса айырылғандар – 1 миллион 121 мың,
- яқ-қолдары жартылай жұлынғандар – 418 мың 905;
- аяқ-қолынан толықтай айырылғандар – 859 мың 420.
Барлығын қосып есептегенде - 13 миллионнан асатын адам. Осы көрсеткіштің өзі-ақ соғыстың қандай сұрапыл болғанын білдіріп тұр емес пе?
Тағы да бір сұмдығы, соғыстың алғашқы айларында шейіт болған 2 миллионға жуық совет солдатының денесі көмусіз қалғаны туралы айтылады. Өйткені ол кезде әскерде қаза тапқандарды жерлейтін арнайы команда болмаған екен.
Көзіңізге елестетіңізші, неміс әскерлері Кеңес Одағына Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі бірнеше мың шақырымдық шекара бойымен бір мезгілде басып кірді. Теңізден, құрлықтан, әуеден екпіндеген сан мыңдаған әскер жолындағының бәрін жайпап өтті. Кеңес Одағына 1941 жылдың маусым айында бас салған жау айналасы үш айдың ішінде ғана мыңдаған шақырымды артқа тастап, ел астанасы – Мәскеудің түбінен бір-ақ шықты. Осы аралықтағы қорғаныс шайқастарында, кейіннен болған қарсы шабуылдар кезінде, жауды КСРО жерінен толық аластау, онымен қоса Орталық және Оңтүстік-шығыс Еуропаны азат ету, фашистік Германияны тізе бүктіру жолдарында қаншама боздақ мәңгілікке жер құшып қалды десеңізші!
Ол кезде ұрыста қаза тапқандар мен ауыр жарақаттан госпитальде жантәсілім еткендердің, хабар-ошарсыз кеткендердің, немістерге тұтқынға түскендердің саны миллиондап саналған. Соғыстың алғашқы айларында 4 миллионға жуық совет солдатының тұтқынға түскені туралы деректер бар. Кей деректерде: «Ол кезде елдің батыс аумағындағы әскер қатарында 5 миллион 200 мың адам болған, соның 1 миллиондайы шайқастарда қаза тауып, 3 миллион 800 мыңы тұтқынға түскен» деп те айтылады. Мысалы, соғысты 1941 жылғы 22-маусым күні шекарада қарсы алған солдаттардың сол жылғы қазан айына дейін 8 пайызы ғана аман жеткен екен.
...Ал Ресей мемлекетінің соңғы жариялаған ресми деректерінде Кеңес әскерінің соғыстағы жалпы шығыны 11 миллион 444 мың 100 адам деп көрсетілген. Бұл – ұрыс қимылдары кезінде қаза тапқан, ауыр жарақаттан госпитальдарда жан тапсырған, тұтқынға түскен, хабар-ошарсыз кеткен адамдар саны. Соғыста опат болған бейбіт тұрғындардың саны 13 миллион 684 мың 700 адам деп көрсетілген. 1770 қала мен 70 мыңнан аса елді мекендердің қирағаны туралы дерек келтіріледі.
Енді бір деректерде Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандардың жалпы саны 27 миллион адам деп айтылады. Одан да көп сандарды атап жүргендер бар.
Міне, Ұлы Жеңіс осындай құрбандықпен, миллиондаған адамдардың жан мен тән азабы, қанымен, жанқиярлық еңбегімен келген. Оның адамзатқа шеккізген сөзбен айтып жеткізгісіз ауыр қасіреті бар. Майданға Қазақ даласынан аттанған біздің мыңдаған аталарымыздың да осы жеңіске жету жолында шейіт болғаны белгілі.
Ендеше бұл күндерде біз сол сұрапыл соғыстан оралмағандарды еске алайық, олардың рухтарына құран бағыштайық, ағайын!
Д. НҰРПЕЙІС.