Ұлы қағанның есімі қандай мағына береді?

Ұлы қағанның есімі қандай мағына береді?

Темучин Темірші ме?

Шыңғыс ханға қатысты шежірелерде оның әуелгі, дүниеге келгендегі қойылған есімі Темучин (Темуджин, Төмүчин т.б.) болғаны айтылады. Бұл аттың қойылу себебі «Құпия шежіреде»: «Сол кезде Йесүкей батыр Татардың Темүжін-Үке, Қоры-Бұқа бастаған татарларын жаулап келгенде… Чыңғыс қаған туыпты…. Татардың Темүжін-Үкені әкелгенде туды деп атын Темүжін деп қойған мәні сол (77-б.)» делінген. Осылай деп Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарихында» да баяндалған (І том, 2-кітап, 75-б.).

Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын топшы» кітабында: «Шашу тойында (шілдеханасында – Х.Қ-А.) татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен» делінген (47-б.). Ойланар болсақ осы, сан ғасырлар бойы айтылып келген «дерек» күмән тудырады.
Сегіз ғасыр бойына Шыңғыс хан мен оның империясы туралы мыңдаған адамдар шежіре, тарих жаза отыра өздеріне: «Темучин деген сөз неліктен түркі тілінде де, қазір «моңғол» атанатын тұңғұс-мәнжүрлер тілінде де жоқ?» деген сұрақ қоймағаны таңғалдырады. Егер бұл сөздің мағынасын Ұлы қағанның өз елінен таба алмасақ, оны сол елдің бірден-бір ежелгі көршісі қытайдың тілінен неге іздеп көрмеске! Тіпті қытай тілінен іздемей-ақ, ол тілде жазғанда осы сөз қандай өзгеріске ұшырауы мүмкін деп те зерттеуге болады ғой. Өйткені өзге халықтарға қатысты деректерді қытай шежірешілері жазғанда әдетте ондағы кісі, жер-су, т.б. атауларды өз иероглифтеріне салып, өзгертіп жіберетіні белгілі. Сол себептен өзге ұлт ғалымдары «бұзылған» сөздерді қайта қалпына келтіруге көп күш жұмсайды. (Сөздері бұрмаланып жеткен шежірелер тілін түркітілді біздерге тану қиынға соққанда, орыс, неміс, қытай «моңғолтанушыларына» қайдан оңай болсын!).
XII-XVII ғасырдағы шежіре­шілердің еңбектерінде Темучин делінген бұл сөзді қазіргі қазақ аудармашылары «Темүжін» деп жазып жүр. Рашид ад-Дин Шыңғыс ханның анасын «Оэлун–фуджин» деп, «фуджин» қытайша «қатын» деген сөз екенін түсіндірген. Осы «фуджинді» де «үжін» деп жазып жүрген аудармашыларымыз ер кісінің есіміне «үжін» сөзін қосу әбестік екенін де ойласа болар еді. «Алтын топшы» аудармашылары бұл екі есімді «Өгелең үчин, Төмүчин» деп «оңдырмаған». Осындағы «Үшин шеше» деген сөз тіркесі де («қатын – шеше!») езу тарттырады… Ал Қытайда көп жыл қызмет еткен Н.Бичурин (Иакинф-әкей) көптеген тарихшылар «Алан гоа» деп жүрген есімді «Арлун гоа» деп, қытай тілінде жоқ «р» әрпін қосып байқаған. Шыңғыс ханның анасының есімін де өзгелердей «Оэлун» демей, «Улын» депті.
Темучин (Төмүчин, Темуджин, т.с.с.) сөзіне келгенде өзгелер түгіл өздерін Шыңғыс хан мемлекетінің мұрагері санаушы қазіргі Моңғолия ғалымдары да, Темучин сөзі өздеріне түсініксіз бола тұра, оны қытай тілінің ықпалынан шығаруға, ең болмаса әдетте олар жазбайтын «р» әрпін осы сөзге де қосып «Темурчин» деуге неге тырыспай келеді? Әлде мұның түрік сөзі екендігі анықталуын қаламай ма? Ұлы қағанның есіміндегі түріктік «Темір» сөзін жасырғанмен, оның жүздеген ұрпақтарының, халқының есімдеріндегі «Темір» сөзі жасыруға келе қояр ма?! Мысалы (Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» бойынша), Шыңғыс ханның ұрпағынан: үлкен ұлы Жошының он үшінші ұлы Тоқа Темір, ал оның ұлы Бай Темірдің немересі Кен Темір; Жошының өзге ұлдарынан тараған немере-шөберелерінің есімдері Мөңке Темір, Инжіл Темір, Тоқтемір, Илақ Темір, Бектемір, Түлектемір, Тоқта Темір, Құтлығ Темір, Темірбай; Ал Шыңғыстың екінші ұлы Шағатай ұрпақтарының ішінде Темір, Бұқа Темір, Өрік Темір, Әбіл Темір, Қабыл Темір, Жұлдыз Темір, Белге Темір, Иса Темір, Бек Темір, Құтты Темір, Аик Темір, Тоқатемір, Шегин Темір есім­ділері бар. Үкітай мен Төледен тара­ған ұрпақтардан да темір металына қа­тыс­ты есімділер баршылық. Енде­ше, Темучин сөзіне «р» әрпін қосып «Темур­чин» десек, еш қателеспес едік.
Кейінгі кездері қазақтың бірқатар «балама тарих жазушылары» Темучинді «Темірші» деп жаза бастаған да еді. Бірақ олар не себептен осылай дегендеріне еш дәлел келтірмегендіктен жұрт мұны «Нью-Йорк – қазақтың «ну өрік» сөзінен шыққан» дегеніндей әзілдің бірі санап келеді. Сондықтан Ұлы қағанның осы есімі төңірегінде де айтыс әртүрлі бағыттарда өрбуін жалғастыруда. Ұлы қағанның осы уақытқа шейін Темучин делініп жүрген есімінің түбірі неліктен «Темір» болуға тиіс екендігіне мұсылман шежірешілерінің еңбектерінен дәлел келтірелік.
Шыңғыс ханның ата-бабасына байланысты олардың еңбектерінде «жаудан жеңілген Қиян (Қият) мен Нүкіс деген екі кісі босқан хал­қын бастап, Алтай тауының Ергне қон аңғарын төрт жарым ғасыр қоныстанғаны, халық саны көбейіп, аңғардан шығар әуелгі келген жолға сыймағандықтан таудың темір кені мол тұсын от жағып, балқытып жол жасағаны» айтылған. Әбілғазы баһадүр 1663 жылы жазған «Түрік шежіресі» кітабында мұны былайша баян етеді: «…таудан шығатын жол іздеді, таппады. Іштерінде бір темірші бар еді, сол айтты: «Пәлен жерде бір темір кені бар, соны ерітсе, жол болар еді». Ол жерді барып көріп, теміршінің айтқанын мақұлдады. Ол елге отын және көмір жинатты. Таудың кен жеріне ағаш пен көмірді үйіп, жетпіс теріден көрік жасап, жетпіс жерге құрды. Көрікті бәрі бірігіп басты. Құдайдың құдіретімен от күшті жанғаннан соң, тау темір болып аға берді… Сол шыққан күнін той етіп тойлау моңғолдың дәстүріне айналды. Ол күні бір кесек темірді отқа салып, қызарған кезде оны қышқашпен ұстап, төстің үстіне қойып, әуелі ханы, одан кейін бектері балғамен ұрар еді. Бұл күнді тар қапастан шығып, ата жұртына келген күніміз деп құрмет тұтар еді ( 29-бет)».
Шежіреде осы халықтың темір өндіріп-өңдеп, ұсталықты кәсіп қылғаны айтылған. (Мұның өзі «дала түріктері тек мал шаруашылығымен айналысқан көшпенділер болған» дейтін қалыптасқан пікірдің қате екенін көрсетсе керек).
Ендеше, Иесугей халқының ата салтында жоқ нәрсені істеп, «өз ұлына жеңілген жауының Темуджин немесе Төмучин есімін қойыпты» деуші шежірелер сөзі жаңсақ. Теміршілік-ұсталықты құрметті ата кәсібіне айнал­дырған халық неге ұлдарына Темірші деген ат қоймасын?! Ендеше, күллі түрік халықтарына да, қазіргі «монголмыз» деуші халыққа да мүлде түсініксіз, жат «Темучин» деуді тоқтатып, теміршілер әулетінен шыққан адамның атын Темірші (өзге тілдерде, қажет етсе, Темурчи) деп атау тарихи шындыққа келер еді.
Тарихпен кәсіби маман ретінде емес, тек ара-тұра ой келгенде қағазға түртіп, сол жазғанымды жариялауға асықпай, өзгелердің пікірімен салыстыру үшін тақырыпқа қатысты басылымдарды іздей жүретінмін. Кейінірек қолыма Татарстан жазушысы Г.Еникеевтің «Корона Ордынской империи» кітабы түскен. Онда араб тарихшысы Эннувейри (1279-1333 ж.ж.) еңбегінен: «Когда Чингис хан аль-Темирджи стал царем татарским и завладел странами Восточными и Северными»… (М. 2011 ж., 85-бет)» деген дерек айтылыпты.
Ал М.Тынышбаев «История казахского народа» кітабының 112-бетінде: «Рашид-Эд-дин говорит, что монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода»; если удалить то окончание и вести отсутствующее в китайском языке «р» – получится «темр» – железо. Говорт (стр. 3) говорит, (Г.Говорттың «Чингисхан» атты кітабын айтады.– Х.Қ-А) , что по Иокинфу «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь. Таким образом, настоящее имя Чингисхана будет не Темучин, а Темыр», – деп жазған екен. Бұл деректер де ілгеріде айтқан ойымызға қосымша дәлел болса керек.
Жарайды. Темучин есімінің түбірі «Темір» сөзі екенін дәлелдедік делік. Ал Темір сөзінің соңындағы «чин» деген не? Оның «н» әрпін қысқартып, қазақшалап «ші» дей салуымыз келесі бір қателікке ұрындырмай ма? Бұрын-соңды тарихшылардан осы «чин» жалғауына қатысты пікір айтқандар тым аз екен. Ал «монголы прибавляют к слову «чин» для обозначения мужского рода» деген пікірдің жаңсақ екендігіне Шыңғыс хан туралы шежірелердегі ер кісілердің есімдерінде осы жалғаудың жоқтығы дәлел. (Рашид-ад-дин «Жылнамалар жинағынан» ондай пікірді көре алмадық).
Осы «чин» мәселесін анықтау барысында Шыңғыс хан ұрпақтары арасында, нақтылай айтқанда, Үкітайдың екінші ұлы Құтанның баласының аты Шынтемір, алтыншы ұлы Қаданның немерелерінің ішінде де Шынтемір, Шынболат есімділері бар екен. Мұндай есімдер қазақта қазір де жетіп-артылады. Шын мен чин – Темір сөзінің алдына да қойылуы оның жалғау емес, сөз екенін білдірсе керек. Ал оның мағынасына келсек, «шын» сөзінің синонимі «рас» екені белгілі. Шынтемір есімін «рас, нағыз темір» деген деп қабылдаймыз ғой. Бірақ, ойланар болсақ, «рас-өтірік, шын-жалған» деген сөздер темір затының сапасына қатысты қолданылмауға тиіс. Жоғарыда келтірілген Бичурин-Иакинфтің: «Темучин» обозначает лучшее железо и сталь» деген сөзінде ол: «Рас темір, шын темір», – деп, заттың темір я емесін анықтап тұрған жоқ, темірдің сапасын (лучшее) айтқан. Ал сапалы темірдің мәнісі «шыңдалған темір» емес пе! Ендеше, «чин, шын» (дұрысы – «чиң, шың») – «шыңдалған» сөзінің алғашқы буыны, яғни негізгі түбірі екен. Әлгі есімдер де Шынтемір емес – Шыңтемір (шыңдалған темір), Чинтомур емес – Чиңтомур, Темучин де, Темірші де емес, – Темір+шың (Темурчиң) болмақ. Бірақ түркі тіліндегі ықпал әсерімен «Теміршің» деп айтылуға тиіс. Қорыта айтсақ, Ұлы қағанның алғашқы есімі – Теміршің екен.
Қолыма «Моңғол-қазақ тілі сөздігі» түскен еді. Онда: Төмөр – темір, Төмөрч(ин) – ұста» деп жазылыпты. «Астындағы атын алты ай іздепті» деген осы-ау! Сонда қаншама ғалымдар соншама зерттеулер жасап жүріп, әлгі сөздікке көз салмаған ба?! Бүгінде түркі халықтары кейіннен енген «ұста» сөзін қолданатындықтан әлгі көне түрік сөзін ұмытты десек, ал Моңғолия ғалымдарының үндемей келуін қалай деп түсінеміз?!.
Әлгі аталған сөздіктегі еліктеуіш «шингэрэ-х» сөзі қазақшада «шыңғырлау, шіңгірлеу, сыңғырлау» дегенді білдіреді екен. Ал темірді шіңгірлету деген – оны шыңдау, ал шіңгірлетуші адам – ұста деп аталады емес пе!? Ендеше, ұлы қағанның әуелгі есімі Теміршің – шығыс түріктерінің тілінде «Темірді шыңдаушы» (ұста) деген мағынадағы сөз екен.
Шыңғыс есімінің «темір» сөзіне қатысы бар ма?
Лубсан Данзанның 1628 жылы жазылған «Алтын топшы» кітабында: «Шашу тойында татардың Төмүчинін алып келгенде туды деп, темір бесікке бөлеп, Төмүчин деп атаған жөні осы екен. Шыңғыс қаған туып, жеті күн өткеннен кейін, мұхит аралының ішінде бір қаралтым құс, күр қара тастың үстінен күн бағытымен айналып, үш күн бойы шақырады..
«Сол қаралтым құс түңлікке қонып,
«Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырады.
Сол құстың дауысы шыққан себептен,
Шыңғыс қаған деп атаған (47-бет)», – делінсе, ал 91-бетте: «Төмүчин дүниеге келгенде Лустың қағаны қасбұға таңба шығарып бергенде, қаралтым құс түңлікке қонып: «Шыңғыс, Шыңғыс!» деп шақырыпты. Сол құстың шақырғанына байланысты оған Шыңғыс қаған деген ат беріп, қаған болдырды» делінген. Бірақ өзге деректерде Теміршіңге Шыңғыс есімі 1206 жылғы Құрылтайда, 52 жасында берілгені ( кей деректер 45, 48 жасында деген) айтылады.
Қ.Салғарин «Ұлы қағанат» кітабында (382-бет): «Шыңғыс» сөзінің не мағына беретіні кезінде ғалымдар арасында пікірталас тудырып, түрлі болжамдардың өмірге келуіне себеп болғанымен, пәтуалы тұжырымын таппағаны мәлім. Біздің пайымдауымызда: «Шыңғыс» сөзі әу баста «шың» және «ғыз» (күш) деген екі сөзден құралған. Осындағы «шың» – таудың ең биігі» дейді.
Қ.Данияров «Қазақстанның балама тарихы» кітабында: «Шың – қазақ тілінде таудың ұшар басы, ұшарлығы; ғыс – көне түркі тілінде (қазіргі қазақ тілінде «қияс» түрінде сақталған) нұр, сәуле. Ендеше, бұл есім «биік, нұр сәулелі хан» деген мағына береді» дейді (13-б.). («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде»: 1. Қияс – Қиғаш, қиыс. 2. Қисық, бұрыс, бір қырын. 3. Ауысп. Қыңыр, қырсық, қиқар. (Алматы: «Дайк-Пресс», 2008, 505-бет).
Ал қазіргі моңғол тілінде тау – уул, тау биігі – уул өндөр, Шың – оргил, Тау шыңы – уулын оргил делінеді. (Ендеше, «тау шыңы» да түркі сөзі екен). Рашид ад-Диннің «Жамиғ-ат-Тауарих» кітабында: «Значение чин – сильный и крепкий, а чингиз – множественное от него число» делінген (150-б.). Егер шежіреші тау шыңы туралы айтпақ болса оны «сильный и крепкий» демей, «биік» (ал орыс аудармашылары «высокий») сөзін қолданар еді. Ендеше, Шыңғыс есіміне тау шыңының еш қатысы жоқ. Ал «қатты», «күшті» сын есімдерімен адамның дара қасиетін бейнелей отырып, бұл сөздерге «множественное число» қолдану (күштілер, қаттылар, шыңдар) оның «даралығын» жоққа шығарады емес пе? Бұдан шежірешінің «гиз – көптік жалғауы» деуі қате екенін байқаймыз.
Хондемир Гияс-ад-диннің (1475-1536) «Моңғолдар тарихында»: «Все называли его Чингизом и славили новое имя сие, ибо оно значит Царь Царей на языке Туранском» ( СПб, 1834, 18-бет) десе, 1602 жылы жазылған Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағында» да: «Чиңгиз хан темек падшаһлар падшаһы темек болур. Лафа могол білән уа Көкжут теңрі мундағ ат қойдылар. Барча улуғлар ол мағнаны қабул қылдылар» (Шыңғыс хан, демек, патшалардың патшасы болады. Могол тілімен және Көкжут Тәңрі сондай ат қойды. Барша ұлықтар ол мағынаны қабыл қылды») деп жазған. (Моңғол тілінде «Шыңғыс» сөзінің жоқ екендігін Моңғолия ғалымдары айтқанын жоғарыда келтірдік). Ал Әбілғазы хан өзінің «Түрік шежіресі» еңбегінде (1662-1663 жылдарда жазылған) Меңлікұлы Көкшенің: «Маған Тәңіріден ишарат болды. Темучинға бар, елге, халыққа «бұ күннен соң Темучин демесін, Шыңыз десін, жер жүзінің патшалығын Шыңызға, оның балалары мен тұқымына бердім» деп айтты» деді. «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар, ыз – оның көпшесі» деп жазыпты.
«Моңғолдың құпия шежіресінде» Теміршіңге Шыңғыс есімінің берілу жайы тым қарапайым баян етілген. Бірақ оны қазақшаға аударушы М.Сұлтанияұлы кітаптың 63-бетінде: «Шыңғыс» сөзі туралы «1910 жылы Қазанда шағатай тілінде басылған «Тауарих хамса» деген кітапта «Темүжінді соғыс ғылымы тәсіліне қарап, парсыша «Жың анкиз» (жиһангер) – жиңгыз – Шыңғыс» деп атады делінген. Осы түсінік дұрыс болуы мүмкін» деп жазыпты. (Сонда 1206 жылғы Құрылтайға жиылған Қиыр Шығыстағы моңғол немесе түрік рулары жаппай парсыша сөйлегені ме!?)
Қ.Закирьянов «Шыңғыс ханның түркілік ғұмырнамасы» кітабында: «Әлемді дүр сілкіндірген ұлы хан алдымен өзін шығыстың билеушісі – Шығыс хан деп атады. Шығыс хан сөзі бірте-бірте әбден құлағымызға сіңген Шыңғысхан сөзі болып өзгерген» деп, мәселені оңай «шешіп тастаған». (268-б.). 1206 жылғы құрылтайда олай атайтындай Шыңғыс хан әлі шығысындағы мәнжүрлерді де, корейлерді де жаулаған жоқ еді ғой?!
Бірақ күндердің күні Шынтемір, Чинтомур есімдерінде «шын» сөзі темірмен қосарлана айтылғанымен «шын, рас» ұғымдарының темір металына қатысты қолданылмайтыны, темір сапасының жоғарылығы «шыңдалған» деген, теміршілікті кәсіп еткен халыққа етене таныс сөзбен білдірілетіні ойға келді. Бұл Рашид-ад-Дин кітабындағы: «Значение чин – сильный и крепкий», Әбілғазы баһадүрдің: «Шыңның» мағынасы ұлық және қатты деген болар» деуімен де сәйкес келеді. Ендеше, Шыңғыс есімінің бірінші буыны Шың – «шыңдалған» сөзінің негізгі түбірі екен. Бұл – қазақтар қазір де қолданып жүрген түркі сөзі. Ал қазіргі моңғол тілінде мұндай сөз жоқ. Ол тілде «шыңдалу» – тужирэх, ал «темір шыңдау» – төмөр ширээх делінеді.
Енді «Шың» сөзімен бірдей жұмбақ болып келген «ғыз» мәселесіне көшейік. Қазақ тілінде етістік сөздерге жалғанатын дәл осындай «Өзгелік етіс жұрнағы» бар (мысалы: бол+ғыз, тұр+ғыз, бар+ғыз, ұр+ғыз, т.с.с.). Көне түркі тілінде осы «ғыс» жұрнағы сын есім сөздеріне күшейтпелі мағына беру үшін қолданылғанын байқаймыз (нық+ғыз – нығыз, нақ+ғыз – нағыз). 1206 жылғы Құрылтайда Теміршіңге «күшті әрі берік, қатты, қайратты» деген атақ бергенде темірді құрметтеуші қауым мұны «шыңдалған» сөзін және «ғыз» қүшейтпелі жұрнағы арқылы пайда болған Шың+ғыз сөзімен білдірген. Теміршің сөзін талдау «шің, шың» еліктеуіш сөздерінің «шыңдалған» ұғымын беретінін көрсетті. «Шың» сөзіне күшейтпелі «ғыз» жұрнағын жалғау нәтижесінде «Шыңдалғаннан да артық шыңдалған хан», «Шыңдалғандардың ішіндегі асып шыңдалған хан» деген мағынаны білдіретін сөз, ұғым жасалған.
Сонымен, қорыта айтсақ, Ұлы қағанның екі есімі: Теміршің де, Шыңғыс та темір металына қатысты болып шықты. Тек біріншісі, Теміршің – «темірді шың­даушы, ұста» деген сөз болса, екінші есімі Шыңғыс та теміршілердің тілдік қорындағы сол «шың, шыңдалған» сөзін «ғыз» жұрнағы арқылы күшейтуден пайда болған. Пікір алуандылығын ескере отырып, біздің Ұлы қағанның екі есімі туралы зерттеу осыған саяды.

Хасен Қожа-Ахмет

anatili.kazgazeta.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста