Ұлы даланың ұлы мұраты

Ұлы даланың ұлы мұраты

Ұлы даланың ұлы мұраты

Жер жүрегінің жылнамасы
Өткеннің өнегесі – бүгінгінің баға жетпес байлығы. Жеткенін ба­­ғамдап, барын бағалаған қа­шан­­да жүрісінен жаңылмайды. Сон­дықтан тағылым түйгендер ғана тарихқа бағыт бере алады.
Қазақстан Республикасының Прези­денті Н.Ә.Назарбаевтың таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен салтанатты жиында: «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Да­ла­­ның ұрпақ­тары деп атаған. Біз – солардың жал­ғасы­мыз! Ұлы Да­­ла­ның мұ­­рагерлеріміз! Бұл – біздің таңдауымыз!» – деп атап көр­сеткені белгілі. Биік мінберден айтылған осы сөздің тек қазақ қоғамын ғана емес, тамыры бір, тарихы ортақ туыс халықтар мен түркі тарихына ден қойған ғалым­дарды да елең еткізгені анық.
Әрине, бүгінге дейін Ұлы Дала туралы жазған белгілі ғалым­дар болды. Мәселен, француз зерт­теушісі Ренэ Гроссе 1938 жы­лы жарық көрген «Ұлы Дала им­­периясы. Атилла, Шыңғыс хан, Темірлан» деп аталатын әй­гілі еңбегінде Маньчжуриядан Будапештке дейінгі аралықта ғұмыр кешкен сақтар мен ғұн­дардың, көк түріктер мен Алтын Орданың тарихына талдау жасайды. Сол сияқты, түркілер та­ри­хына қатысты көптеген құнды еңбектер жазып қалдырған Л.Н.Гу­милев те өзінің «Ежелгі Русь және Ұлы Дала» деп аталатын кітабында ұлан-ғайыр аймақ­та билік жүргізген қуатты империялар туралы айтады.
Жалпы, Лев Гумилев атап өт­кендей, Еуразия кеңістігінің тарихи қабаттары, мәдени келбеті мен мемлекеттілік дәс­тү­рін Ұлы Даладағы ғұн, көк түрік және Ал­тын Орданың қалыптастырғаны анық. Сондықтан болса керек, Ұлы Дала ұғымы кейде Еуразия Даласы деп те айтылады. Ал бұл пайымдау негізсіз де емес. Ай­­та­лық, географиялық тұрғыдан ал­ған­да, Ұлы Дала Байкалдан Балқанға, Өтүкеннен Дунайға де­йінгі аралықты алып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Ұлы Дала­ның түстігі Қара теңізбен, батысы Кар­пат тауларымен шектеседі. Ал өркениет-мәдениет тұрғысынан алғанда шы­ғысы Қытай, түстігі Иран, батысы Ұрым арасындағы тұтас түркілік кеңістік. Тарих қат­­­парларын ақтарсақ, сақ, ғұн, көк ­түріктер мен Алтын Орда ие­лік еткен, Еур­азияның нақ ортасына орналасқан байтақ мекен.
Баршаға белгілі, есте жоқ ерте заманнан бері ғұндардың қара шаңырақ атақонысы, өсіп-өнген түпқазығы осы Ұлы Дала болған! Біздің дәуірімізден бұрынғы мың­жылдықтың соңында тарих сахнасына шығып, Орталық Азияда үстемдік құрған Ғұн империясы Қиыр Шығыс, Қытай мен Шығыс Еуропа, сол­түстік халықтары мен Үндістан, Иран сияқты елдердің арасында көпір қызметін атқарып, экономикалық және мәдени байланыстардың дамуына үлкен үлес қосқан. Кейіннен Еділ-Жайық жазығы, Солтүстік Кавказ бен Қара теңіз­дің солтүстігінен басталып, Еуро­па­ға жайылған әй­гілі Атилла бастаған Еуропа Ғұн мемлекетінің негізі де осы Ғұн империясы ке­зінде қаланған.
Ұлы далада Ғұн мемлекетінен кейінгі ең ірі империя ретінде тарих сахнасына шыққан Көк түрік қағандығының Хангайдан Шығыс Еуропаға дейінгі аймақта созылып жатқан Ұлы Далада орасан зор ықпалын жүргізгені белгілі. Қысқа мерзімде Қиыр Шығыс­тан Қара теңіздің солтүстігіне, Оң­­­түстік-батыс Сібірден Сол­түс­тік Үндістанға дейінгі ұлан-­ғайыр жерді бағындырған Түр­кі қағандығы Еуразия кеңіс­ті­гіндегі экономикалық-мәдени байланыстардың дамуына дәне­кер болған. Қазіргі Қазақстан же­рінде құрылған Қимақ, Қарлұқ және Оғыз елдері мемлекеттік құрылымы жағынан Көк түрік қағандығының жалғасы ретін­де Алтайдан Атырауға дейінгі жер­лерге қоныстанды. Шығыс Түркістаннан Таяу Шығысқа дейін созылып жатқан Ұлы Сал­жұқ мемлекеті және Алтай мен Шығыс Еуропа арасындағы шексіз кеңістікке билік жүргізген құдіретті Алтын Орда дәуірі Еур­азия кеңістігіндегі орасан зор өз­ге­рістерге түрткі болды. Демек, Ұлы Дала ұғымын Еуразия­ның түркілік сипаты, қазақша атауы деуге болады.
Оксфорд университетінің профессоры Хэлфорд Дж.Маккиндер 1904 жылы біз сөз етіп отырған Еу­разия­ның солтүстік-шығыс бө­­лігін «Хартленд», яғни «Жер­­дің жүрегі» деп атап көр­сетіп, жаңа термин енгізді. Геосая­сат­­­тың атасы саналатын ғалым: «Жердің жүрегіне» ие бол­ған тұтас Еуразияға иелік етеді, ал Еу­разияға сөзі өткеннің әлемге билігі жү­реді», деп пайымдады. Осы ұғымды одан әрі қаузаған аме­рикалық оқымысты Ро­берт Каплан 2012 жылы жарық көр­ген «Географияның кегі» деген еңбегінде: «Маккиндердің Хар­тленді – ол қазіргі Қазақстан. Батыс Сібірден Каспийге дейін созылып, Орталық Азияның басым бөлігін алып жатқан қазақ даласы Еур­азияның дәл ортасына орналасқан», деген тұжырымы ойға оралады. Бұл байлам қа­зақ­тың Жерұйық түсінігімен де сәйкес келеді.
Қашанда ізгілікті мұрат еткен қазақ жұрты жаңа ғасырда егемендік алып, Жиделібайсын-Жерұйығын тауып, Арқа төсіне ордасын орнатты. Күлтегіннің мұрасы келіп, көк түріктің рухын тірілткен, алтын самұрығы аспан тіреп, Бәйтерегі көкпен таласқан елордада «Мәңгілік Ел» мұраты қайта жаңғырды. Ал­тай мен Атырау, Арқа мен Ала­таудың арасындағы алып ай­мақта дүркірей көтерілген жасампаздық рухы Ұлы Далаға серпін берді.
Бұл орайда Ұлы Дала мен Мәң­­гілік ел – егіздің сыңарындай, бірін-бірі толықтыратын ұғымдар болса керек. Баһадүр бабаларымыз Мәңгілік ел сияқты ұлы мұрат арқылы Ұлы Даланы бағындыр­ған немесе Ұлы Даланы мекен еткені үшін мәңгілік сарынға ден қойған. Бұл туралы Күлтегін жазуында: «Өтүкенде билік құрып, Орда тігіп, Табғашқа керуен аттандырып отырсаң, халқыңда мұң болмас. Өтүкенде отырсаң, құрған елің мәңгі өмір сүреді», деп мәңгі­тасқа мұқалмастай қашап жазған.
Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шек­­­сіз кеңістікте ғұмыр кешкен түркілер тоқпақ жалды тарпаңды ерттеп мініп, арғымақтың тұяғы жеткен жерде «Мәңгілік Ел» ор­натуды армандағаны белгілі. Осылайша асыл арқауы қадымнан бақиға үзілмей жеткен өміршең мұраттарын ұрпақтан-ұрпаққа табыстап, Ұлы Дала өркениетін қалыптастырған. Көне Қытай, Үнді, Иран, Мысырмен иық тір­есіп, өзіндік мәдениетімен оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың, түстік пен теріскейдің арасын жал­­­ға­ған «Ұлы Жібек жолы» ар­қылы әлемдік сауданың күре­та­мы­рына, дүниежүзілік дип­ломатияның дәнекеріне айналған.
Көне түркілік түсінікте «Ел» кең ауқымда, ұлыс, мемлекет, өлке, халық деген мағыналарда қолданылған. Сонда Мәңгі Ел – халықтың «күн сөнгенше сөнбей» мәңгі жасауы деген ұғымға да келеді. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың қадым заманнан бері қаншама рет елдігінен айырылса да, халықтық қалпы мен айнымас салтын сақтап, бүгінге жетіп отырғаны да осы Мәңгі Ел идеясының өміршеңдігін көрсетсе керек. Бұл туралы Елбасы: «Қан­дай қиындықты да қайыспай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халықтың ізгі мұраты Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау!» деп атап көрсетті.
Бұл жерде «Мәңгі ел орнату» ұғымына көне түркілік түсінік бойынша, аш халықты тойындыру, жалаңаш жұртты киіндіру, аз халықты көп ету, елдікті сақтап, бәріне мейіріммен, Жаратқанның шапағатымен қарау, дүниенің төрт тарапына, атқан күн мен батқан күннің арасындағы шексіз аймаққа Тәңірінің әділетін жеткізу сияқты кең ауқымда да қарауға болады. Қол астындағы тай­паларға тең қараған түркілердің ат тұяғы жеткен жерлерде ешбір халықтың өз тілі мен дінінен, дәстүрі мен салтынан бас тартпағаны, керісінше өрістеп, өркендеп отырғаны бұған дәлел бола алады. Бұл тұрғыдан алғанда, Мәңгілік ел орнату мұраты – Тәңірінің қағанға берген, несібесіне бұйырған, пешенесіне жазған қасиетті міндеті. Осыған байланысты болса керек, тамыры тереңдегі текті жұрт өз би­леушілерін «Тәңіріден тапқан, Тәңіріден үлес алған, Тәңірі кө­тер­ген, құт қонған, Тәңірқұт» деп атаған. Ендеше, мәң­гілік те, ел ету де, қағандық беру де – бә­рі Тәңірінің бұйрығымен, Көктің әмірі­мен болатын киелі іс! Олай болса, Тәңірі қаласа, Көктің жарылқауымен жи­ылған елдің, құралған мемлекеттің дү­ние тұрғанша жасай берері анық. Сон­дықтан мәңгілік сипатын Тәңіріден алған түркілер өздерін көк түріктер, яғни дәлі­рек айтқанда Көктен, Тәңіріден та­ра­ған, аспан сипатты, Тәңір тұр­патты түркілер деп атаған. Көк түс­ті киелі деп санаған, Көктің әміріне ғана бойұсынған. Осы орай­да Мәңгі ел мен көк түрік деген сөз­дердің сыңарлас ұғымдар еке­ніне, екеуінің де Тәңіріден та­рай­тынына назар аударғымыз келеді.
Белгілі қытай ға­лымы Цэн Чжунмянь­ның жа­зуына қарағанда, тіпті қытай­лық­тар да өздерін «аспан­ас­ты елі» деп әспеттегендегі ас­пан, көк ұғым­дарын көр­ші түркілерден ал­ған сыңайлы. Бұл Елбасымыздың 14 қыркүйекте «Қа­зақ­стан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатындағы: «Ұлы Дала ұғымына Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. …«Ұлы Дала» мен «Көк аспан» деп те айтуға болар еді. Кең дала – біздің жеріміз. Осы жерде мемлекет құ­рып, оның шаңырағын биік етіп, көк тудың астына жиналып отырмыз. Біздің байрағымыздың өзінде көк аспан, жарқыраған күн бейнеленген», деген сөздерінің ғылыми тұрғыда қаншалықты дәл екенін айғақтай түседі.
Мәңгілік ел ұғымын тек Тәңір­лік сеніммен байланыстырып қарауға болмайды. Ол Ұлы Далада әртүрлі кезеңде әрқилы атаумен өмір сүріп келеді. Көк түріктер заманында «Бенгу ил» болған бұл асқақ мұрат соңғы түрік империясы Османлы дәуірінде «Дәулет-и әбәд мүддет» яғни «Мәңгілікке өмір сүретін мемлекет» деген атауға ие болды. Сол сияқты Өтүкенге орнығу идеясы да әр кезеңде «Ергенеқон», «Жерұйық», «Жи­делібайсын», «Қызыл алма» сияқты ас­қақ армандармен ұштасып жатты. Бұл асыл мұраттардың барлығы тамырлас жұрттың бірігуіне, ел болуына, ынтымақтастығына, өрлеуіне қызмет етті. Енді осы идеялар замана желімен өшпей, дәуір доңғалағымен бірге қайта айналып келіп, түгел түркінің қара шаңырағы – Қазақ елінде қайыра «Мәңгі Ел» мұраты ре­тінде жаңғырып отыр.
Расында көк түркінің атажұр­тында жас мемлекеттің іргесін қалаған Қазақстан Президенті тамыры бір туыс жұртты тү­ген­деп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Алтай мен Анадолының арасын қосқан Н.Ә.Назарбаев түбі бір туыс елдер түгел мойындаған тегеурінді тұлғаға айналды. Түркі әлемінің ынтымақтастығына ай­рықша мән берген Елбасы іргедегі бауырлас елдермен достық байланыстарды арттыруға баса назар аударып, Орталық Азия ын­тымақтастығын құру жөнінде бас­тама көтерді. Түркі жұртының тағдыры талқыға түскен тұста келелі кездесулерге ұйытқы болған Қазақстан Президентінің Түркі Кеңесін, ТҮРКСОЙ-ды, Түркі Ақсақалдар кеңесін, ТүркПА мен Түркі ака­демиясын құру туралы бастама көтергені баршаға белгілі. Біздіңше, Ұлы Дала және Мәңгілік Ел идеялары да осы тың бастамалардың заң­ды жалғасы ретінде дер кезінде дүниеге келген асыл мұраттар. Байырғы бабаларға байлам бол­ған бұл бәтуалы сөз, киелі ұғым­ның бүкіл бауырластардың басын қосқан Түркі кеңесінің мере­келік Саммитінде, Түркі мем­лекеттерінің басшылары түгел қа­тысқан алқалы бас қосуда, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген салтанатты жиында айтылуы да кездейсоқтық емес деп ойлаймыз.
Түркі тұтастығының таңбатасы
Елбасының бастамасымен Ас­танада құрылған халықаралық Түркі академия­сы биыл Алтай мен Өтүкенге арнайы экспедиция ұйымдастырды. Белгілі археолог-ғалым, профессор З.Самашевтің жетекшілігімен былтыр Алтайдың Қарақаба жазығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында аса құнды жәдігерлер, соның ішінде, әсіресе түркі дәуі­ріне тиесілі қобыз табылған болатын. Сол ізбен биыл Қазақ­стан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан ғалымдарының қаты­суымен ұйымдастырылған экспедиция барысында Берелдің жо­ғары жағына, биік таудың ортасына орналасқан бұл жазиралы алқаптың атақты аңыздағы киелі мекен «Ергенеқон» болуы әбден мүмкін екені айтылды.
Сол экспедициядан кейін іле-шала арнайы сапармен Өт­үкенге аттан­ған академияның қызметкерлері Моңғо­лия­ның Бұлған аймағына орналасқан «Шивээт улаан» деп аталатын ғұрыптық кешеніне барып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Шұрайлы алқапқа орналасқан, төрт тарапы тас қоршаумен қа­лан­­ған, ортасында ғибадатхана орналасқан ғұрыптық кешенде 8 адам, 2 арыстан, 2 бөрі, 3 қошқар, 1 қой, 1 қозы бейнелерінде бә­діз-тасмүсіндер жағалай қо­йыл­ған. Осы тасмүсіндердің орта­сында биіктігі 2,5 метр болатын, бетіне 60-қа таяу көне тай­палардың таңбасы басылған таңбатас орналасқан. Академия қызметкерлері көк түріктерден қалған осы асыл мұраның ғылыми көшірмесін алып келді.
Бұл «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенін 1912 жылы фин ғалымы Г.И.Рамстедт анықтап, жалпы сипаттамасын жасаған екен. Моң­ғол ғалымы Ц.Доржсүрэн 1957 жылы ескерткішті қайта зерт­теп, пікір білдіріпті. Ал бел­гі­лі орыс түрколог-ғалымы С.Г.Кляшторный ғұрыптық ке­шенді: «ІІ Түркі қағанатының негізін қалаушы Елтеріс Құтлық қағанға арнап 693 жылы тұр­ғызған», деп пайымдапты. Біз­діңше, осы болжам шындыққа сәйкес келетін сияқты.
Күлтегін жырында айты­ла­тындай, «Ағайынның азға­ны­нан, береке-бірліктің азды­ғы­нан, бегі мен халқы даулас­қан­дықтан, ағалы-інілі жау­лас­қан­дықтан, табғаштың алдаға­нына сенгендіктен, арбауына көнгендіктен түркі хал­қы елдігінен айырылған» тұста Құт­­лық бастаған баһадүр бабалар Таң патшалығына қарсы көтеріліп, «жиырма жыл бойы соғысып, Тәңірі жарылқап, елдігін әлсіретпей ел етті, қағандықты қағансыратпай қағандық құр­ды». Осылайша 680 жылдары «жауын бейбіт еткен, тізеліні бүктірген, бастыны жүгіндірген» Құтлық Өтүкен өңіріне көшіп келді. Мәңгі­тастағы баянға сенсек, «данышпан Тұңйұқұқтың кеңесімен түркі жұрты Өтүкенге келді дегенді естіп, түстіктегі, батыс пен шығыс­тағы алыс-жақын­дағы тайпалар келіп қо­сылды». Байырғы ғұндардың құтты қонысына, бай­тақ ордасына орныққан Құтлық қаған төңірегін түгендеп, дос жинай бастайды. Түркі жұртының ішкі бірлігі мен ынтымағын арттырады. Сыртқы жауға қарсы жұ­дырықтай бір болуға үндейді. Елді теріп, ел еткені үшін Құтлық қағанға Елтеріс деген атақ беріледі. Елтеріс қаған елу жыл бодан бол­ған жұрттың еңсесін көтеріп, көк түрік қағанатын қайта құрып, оның шекарасын кеңейтіп, айбарлы елге, қуатты күшке айналады. Әуелден одақтас түрік тайпаларын қарамағына алып, төлес пен тардуш сияқты сол және оң қанатты біріктіріп, моңғол үс­тіртіндегі қарлұқ, ұйғыр, оғыз, сыр (қыпшақ) қауымдарын, оң­түстік Сібірдегі қырғыз, бұғы, аз, чик сынды әлеуетті рулар мен Байкал маңындағы Байырку, Тоңра және Қиыр Шығыстағы татар, қидан, қай сияқты іргелі тай­паларды біріктіріп, үлкен одақ құрады. Құтлық Елтеріс қағанның құтты жолын қаһарлы Қапаған, баһадүр Білге қағандар жалғап, күндей күркіреген Күлтегіннің қолбасшылығымен жорықтар жасап, жауынгер жұрт жеңімпаз елге айналады.
Күлтегін ұстынында ол туралы былай дейді: «Ілгері Қадырхан жынысынан (Хянган жотасы) асып, ол жаққа ел қондырдық. Ба­­тыста Кеңтарбанды (Сарыарқа) басып өтіп, түркі халқын қо­ныс­тандырдық. Әрі қарай Те­мір қа­пыққа (Дербент) дейін жо­рық жасап, тыныштандырдық. Шығыста Шандұн жазығына дейін жауладық. Мұхитқа сәл жет­педік. Оңтүстікте Таңғұт, Тибетті жау­ладық. Осылайша түр­кі билігін орнық­тырып, салтанат құрдық. Аш құр­сақ­ты тоқ еттік. Шығай (кедей) халықты бай еттік. Дүйім түрік, оғыз халқы, бек­тері, тыңдаңдар! Қара жер қақ айырылып кет­песе, түрік халқы еліңді, билігіңді кім құртады?!».
Осылайша абыройлары асып, күштері тасқан көк тү­рік­­­­­­тер Ұлы Далада Мәңгілік Ел мұратын көтереді. Бүгінгі Еур­азия кеңістігіндегі іргелі тай­палар мен мемлекет құрған ру-бірлестіктердің басын қо­сып, айырылмасқа анттасып, таңбаларын белгі-тасқа қа­шап жасады. Түркілер жазу­ды бітік, таңбаны белгі деп ата­ған. Мәңгі ел мұратын ұрпаққа жеткізген тасқа да «Бенгу тас» – мәңгі­тас деп ат қой­ған. Бұл туралы көне­ден жеткен жазбада: «Мың жыл­­­дық, түмен күндік бітік, бел­гімді ұрпағыма қалдырдым», деп ай­тыл­ған. Құтлық Елтеріс қағанға арнап: «Берік бірлігіміздің белгісі болсын», деп арнайы тас­қа таңбаларын өшпестей етіп қал­дырып, келешек ұрпаққа өсиет еткен. Міне, «Шивээт улаан» ғұ­­рып­тық кеше­ні­нен табылған мәңгітас бізге осыны ұғындырады.
Қазір Түркі академия­сы ха­лықаралық ұйымының ға­лымдары таңбатастағы тай­па­лар­дың таң­баларын анықтады. Олардың арасында ашина, ашида, басмыл, байындыр, бұғы, едіз, еймүр, хазар, қарлұқ, қай, қыпшақ, қырғыз, қидан, құн, оғыз, ығдыр, тардұш, тоңра, түргеш, ұйғыр, иазыр, иағлақар және тағы басқа іргелі тайпалар бар. Бұлардың басым көпшілігі өз алдына мемлекет құрған, тіпті, кейін айбарлы импе­рияға айналған іргелі тайпалар. Айталық, хазарлар Хазар империя­сын құрса, оғыздар Салжұқ және Осман империясының негізін қалады. Түргештер мен Қарлұқтар Орталық Азияда үлкен күшке айналды. Сол сияқты Ұлы Дала да бір кездері Дешті Қыпшақ деп аталды. Міне, осындай ірі бірлестіктердің жиылып, саналы түрде бас қосып, ірге біріктіріп, серттесіп, одақ құруы – шын мәнінде Ұлы Далада Мәңгілік елдің бастауы болатын.
Расында осы ізгі мұратты тұтқан түр­кілер бұдан кейін де дүркірей көтеріліп, Еуразия кеңістігінде шығыс пен батыс­ты жалғап, бүгінге үзілмей жетті. Талай тау­қы­метті көрсе де, ХХ ғасырдың соңында, мың­жылдықтардың түйіскен тұсында бірнеше іргелі ел болып, қайта шаңырақ көтерді. Біріккен Ұлттар Ұйымында бір­неше түркітілдес мемлекеттің туы желбіреді. Олар Қазақстан Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен бас қосып, Түркі кеңесін құрды. Сан ғасыр бұ­рын айы­рылмасқа анттасқан ағайын жырақтап кеткеніне қа­рамастан, қайырылып келіп, қайта қауышты. Күллі түркінің қара шаңырағы Қазақстан осы құтты қадамның бастама­­шы­сы болды. Елбасының Мәң­гілік Ел және Ұлы Дала мұрат­тары Ергенеқоннан шыққан Елтерістің ұрпақтарын бүгін­гінің Өтүкені – асқақ Астанаға қайта жинады.
Түркілік мұраларды түген­деп жүрген Түркі академиясы осы таңбатастың ғылыми көшірмесін жасады. Таяуда оны салтанатты жағдайда ашу­ды да жоспарлап отыр. Бола­шақ­та Өтүкеннен жеткен, Ұлы Даладағы Мәңгілік Елдің белгісіндей болған бұл таңбатас Астананың ең көрікті жерінде орын алады деп сенеміз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы. 

egemen.kz/2015/11/24/7894

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста